Құлманбет пен Бала Ораз айтысы (2-бөлім)
Құлманбет · 185 жол
Біздің Таздың ішінде
Артық еді Байсары.
Байсарының ішінде
Алашқа аты жайылған
Төремұрат, Өтендей
Ерлер еді-ау қайсары.
Олар кетіп қалған соң,
Ендігі мынау заманда
Дәулет біткен малдысы –
Қабылдың ұлы Игібай,
Қуанышұлы Тайжан деп
Айтушы еді жайсаңы.
Екеуі бірдей той қылды,
Екеуінің тойынан
Көрген істі айталы.
Екеуінің тойына
Қабатыменен барғанмын.
Түніменен жыр айтып,
Жалғыз шапан алғанмын,
Ұяттан шаршап қалғанмын.
Енді Шарғаның жайын айтайын,
Сегіз арыс Шарғада
Біздің Жиенбеттің құдасы
Шотаннан басқа байың жоқ,
Мен білмейтін жайың жоқ.
Мына жақта той қылды,
Сағыз деген бір судың
Тоғайыңа тығылып,
Елден бөлек шығынып.
Той қылатын ойы жоқ,
Тойға сойған қойы жоқ,
Жиенбеттен барған бір бие
Отау жабар қылғанда,
Асқан етке таласты,
Бұлар да жолдан адасты.
Қылыштарын суырып,
Заманасын қуырып,
Көшбайдың ұлы Құлнияз,
Көбентайұлы Жанияз,
Өлтірем деп дүбініп,
Ездігі тұрды білініп.
Сағыз судың бойында
Бір тоқтыға таласып,
Мына тұрған Боранбай
Сексенге келген Шотанды
Жусанға сүйреп сабаған.
Тілеп алған баланың
Құрметі сол болса,
Шарғалардың қатыны
Ұл таппай-ақ, тас тапсын!
Қасқырдайын күшіктеп,
Әр шұқырдың ішінен,
Өздері-ақ өрсін даладан.
Шарғадан есті туған жоқ,
Нысанбекке неге айтпасқа,
Қалыңдығын әркімнің,
Күйеуге бермей, үйіне
Қартайғанша қамаған.
Бұ кісінің ішінде
Кімдер бар да, кімдер жоқ!
Біздің алты Абдалдың баласы,
Бұған кімнің шарасы.
Аржағыңа қарасам,
Қарағұлдың Әуелбай,
Бүгін екі аты келді бәйгіден,
Бұған жоқ жанның таласы.
Онан соң мына Бегежан,
Кекілбайдың Бітірбай.
Сусынына ішкен шай.
Айсеттен туған баланың
Ортаншысы еді Қарабай.
Тіпті үйінен шықпаған
Ең кенжесі Адайбай.
Сегіз арыс Адайда
Қосқұлақтың ішінен
Көтібардан қыз алып,
Дабылы кетті талайға-ай.
Бұ кісінің ішінде
Кімдер бар да, кімдер жоқ!
Қанайдан туған бесеу бар,
Дайрабайдың Дәуімшар,
Құлметен менен Дәрментай –
Бәрі бірдей қара нар.
Менің даусым шыққан соң,
Бірі қалмай желігіп,
Қысырақтан мал салып,
Тоты құстай таранар.
Осындай топтың ішінде
Жастабан мен Шарғаның
Бір мырзасын атасам
Дәулет біткен малды деп,
Қашайын деп жалтақтап,
Жан-жағына қаранар.
Қоспақ (төрелік айтады):
Тарпи да тарпи, Құлеке-ай,
Сен, таласты көрсең, желген ер,
Шылбыр тақпай әр жерде,
Көтермесіз келген ер.
Келегеніңнің белгісі –
Сонау Орынбордың басында,
Тілеуқабыл төренің
Алқасының қасында,
Жетірудың үш ақын,
Ең жүйрігі Марабай,
Жалғыз-ақ барып жеңген ер.
Мынау Ораз жат емес,
Өзіңнен шыққан сүйегің,
Анаңнан туған жиенің.
Сен шыныңмен кәрленсең,
Былайғы елден ұялып,
Қарсыласпас сізбенен,
Кәріңнен қорқып, жерге енер.
Оразбенен екеуің
Айтыса көрме таласып,
Қия бір кетсек қисайып,
Ата-баба аруағы
Бүгінгі күні тебіренер.
Сен – Келдібайдың Құлманбет,
Мынау – Жастабанның Оразы.
Екеуіңді де мақтамас
Осы алқада көрген ер.
Аңғарсаң сынап тұрған-ды
Ақылы асқан зерделі ер.
Жиенбеттің тойынан
Тоймағандай қақылдап,
Азғантай ауыл Абдалдан,
Жастабан мен Шарғаны
Оразбенен екеуің
Бөлуге қалдың мақұлдап.
Айтайын деп сен тұрсың,
Ауыздығың сақылдап.
Абырой берген күн екен,
Ортаңа келдім жақындап.
Заманда болған бөрі едің,
Қанды көйлек ер едің,
Кешегі шалқып жүргенде,
Сан дүлдүлмен сайысып,
Талайын сөзбен жеп едің.
Ашуыңды көрген соң,
Дәнекер үшін, Құлеке-ай,
Екеуіңнің ортаңа
Сөйлейінші деп едім.
Қабыл-ақ екен тілегім,
Сол Ойылдан Теңірі айдап,
Мен де бүгін кез келдім.
Бұ кісінің ішінде
Кімдер бар да, кімдер жоқ!
Жеті аталы Жетіру,
Арқадағы алты Әлім,
Сегіз арыс Адай бар,
Есентемір, Беріш бар,
Ысық пенен Шеркеш бар,
Қызылқұрт пенен Алаша,
Байбақты менен Тана бар...
Көрмеген халқың және бар.
Біздің елдің боз бала
Жоқ жоғалтып, әр елді
Екеу-екеу аралар.
Аралап жүрген күнінде,
Былайғы елдің сөйлескен
Әңгімесі бар еді.
Біздің Тазға біткен жігіттің
Бірқатары нар еді.
Нары кім деп сұрасаң,
Шарғадағы Нарынбай,
Жастабанның ішінде,
Төремұрат, Ер Өтен,
Келдібайдың ішінде
Бекет, Пыштан, Күнжарық,
Басықара, Серікбай –
Осылар елдің бары еді.
Таз деген ауыл бөп-бөлек,
Әлі жаудан аман жүр.
Бұрындағы жігіттің
Бірқатарын батыр дер.
Бұ күндері болғанда,
Не дейтінін білмеймін.
Тоқтатайық тартысты,
Жиенбеттің тойында,
Мұқыр судың бойында,
Келдібайдың Құлманбет,
Жастабанның Оразы,
Азғантай ауыл Таз екен,
Сақылдасып айтысып,
Бүлдіріп елін жатыр дер.