Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қисық батырға Кемпірбайдың айтқаны

Кемпірбай Бөгенбайұлы · 101 жол

Келіп ем батыр іздеп көрейін деп,
Пайғамбар ақ сәлемін берейін деп.
Өзіңе сәлем бермей кіргеннен соң,
Ыза болып қапсың маған өлейін деп,
Ер едің заманында қақпа болат,
Мал мен жан құдай сүйер жақта болад.
Ауылдан сізді көре шығып едім,
Өзіңе шыбын жаным қатты аманат.
Ақын ем Сарыарқадан іздеп келген,
Әлгінде амандаспай көрген жерден.
Дариға, Кемпірбайдай ақыныңа
Осы ара құдай жазып, өлген жер ме ең?
Айтайын өлмей тұрып зарымды енді,

Көсілтіп көмекейден барымды енді.
Қызырлы заманында батыр бопсың.
Қия гөр бір қасықтай қанымды енді.
Бұл жолдан басым аман қалар ма екем,
Кептесіп әңгімеге қанар ма екем?

Ашуың сондай қатты көрінеді,
Ауылға өлмей тірі барар ма екем?
Осы үйден аман кетсем өлмей тірі,
Бола ма ердің бейнет көрмейтіні.

Ақын ем атым шыққан мен Кемпірбай,
Алдыңа іздеп келген бүгін міне.
Тап бердің келген жерден қылыш ала,
Сұраусыз кетер деме өлсе құны.

Сонда батыр әйеліне ым қағады. Әйелі жібек шапан
әкеліп, ақынға жапқанда, батыр Кемпірбайға: «Шық
үйден» – деп айқайлайды. Кемпірбай үйден шыға берген
де: «Тоқта» – деп ақырады. – Сен ата-бабамды айтпай, өз
басыма қонған бақытты айттың. Ойланбай, енді өзімді жа
манда, бол, тез айт – деп қаһарланады. Кемпірбай сөйлей
жөнеледі:

Белгілі сенің атың Андас жаман,
Үстінен жаман күпі алмаспаған.
Тәттімбет тәтті қожа қайда кеткен,
Берді екен Мәңке қызын қайтып саған?
Мейманды іздеп келген сонша қинап,
Ісі осы көргенсіздің нағылғанмен.
Оншама текті болсаң, бүйтер ме едің,

Жаманға жан қалмайды жалынғанмен.
Әр үйдің атаң жүрген малын бағып,
Шешең жүрген күңдікте отын жағып.
Қисайтып елде еркек құрығандай,
Қойды екен батыр қылып сені нағып.
Атаңыз онан бергі Қылжыр еді,
Жөн білмейтін бос белбеу, былжыр еді.
Сол Қылжырдан бүгінде сіз туыпсыз,
Қай сөз түссін аузыма құрғыр енді.
Кей күні көңілің келсе көлкілдейсің,
Көжедей қатығы жоқ мөлтілдейсің.
Жерінде бойың тұрған боғың қатып,
Ашуың келіп қалса селкілдейсің.
Атқа мінсең, кәдімгі тақадайсың.
Тәрізің шөлдеу жердің масасындай,
Қамшың бар дуананың асасындай.
Қарасаң, бас-аяғың бүрісіп тұр,
Сен неме қайдан таптың қасасуды-ай.
Қатының сұлу екен алған таңдап,
Қасында ұялмастан жатасың ба-ай?!
Мінезің жаман екен доңыздай боп,
Шүмпиген бақсы ұстаған қобыздай боп.
Қатының таңдап алған сұлу екен,
Қасында жатсың қалай қоңыздай боп?!

«Бұл айтқандарыңыздың бәрі рас, егер мал болсам, не
менеге ұқсатар едің, соны айт» – деп бұйырады, Кемпір
бай не де болса айтып өлейін деп, былай деген екен:

Қой болсаң болар едің тоқты ғана,
Сарыала құйрық жағың боқты ғана.

Үйіңе екі кісі мейман келсе,
Соя салсаң ыңғайлы бопты ғана.

Ешкі болсаң болар ең қара серкеш,
Қыңыр қисық, сабалақ дара серкеш.
Желді күні малымды желге бастап,
Кесіріңді келерсің ала серкеш.

Түйе болсаң, болар ең қотыр қоспақ,
Ел көшкенде жүрер ем босқа қостап,
Босқа жүріп көшіме ілеспесең,
Сабап-сабап кетермін жолға тастап.

Сен болсаң жүк көтермес қотыр үлек,
Жатар ең әрбір жерде көлге түнеп,
Бағаң жоқ бес тиындық болғаннан соң.
Азаға салар еді әркім тілеп.

Ол болмасаң, болар ең тайлақ деймін,
«Қаңғи берсең» қояр ем байлап деймін.
Құдайыңа құлдығың айтар шақта,
Ертеңіне келер ем айдап деймін.

Сиыр болсаң, болар ең қара тана,
Қақпалап мінер еді бала-шаға.
Жерінде бойы тұрған боғы қатып,
Ашуын бұл неменің қарасаң,ә !?

Алдыңа сәлем бере келгеніміз,
Біз едің заманында ермегіңіз.
Мейманды іздеп келген сонша қинап,
Жүгенсіз бір-ақ шапан бергеніңіз.

Егер де ат пен шапан берер едің,
Бар болса бұдан бөтен көргеніңіз.
Мейманды үйге келген сонша қинап,
Мұнан да жақсы емес пе өлгеніңіз.
Қопарып ар жағыңды ашып бердім.
Қалды екен айтылмаған енді неңіз?

Біржан сал Қожағұлұлы өлеңдері

Барлық 83 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері