Тоқпақ руының бір байына
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 19 жол
Ер болды ережеге енбегендер,
Шат болды ғұмырында күлмегендер.
Тұғырға ие болып тойып жеп жүр,
Қаз тұр ғой, қараторғай ілмегендер.
Осы елдің болыстығы бекілді ме,
Қоқыр тай қорадағы қоқым жеген,
Ойнақтап жал біткен соң секірді ме?
Емілдің қаратума азы болдың,
Қарға едің болатшыға қазы болдың.
Көтерген бауырыңды күшік едің,
Ұржарға түлкі аларлық тазы болдың
Белгілі Қаратума елден азған,
Емілге не боларсың келсең, жазған.
Тәубаңнан тойып алып жаңылдың ба,
Белгілі кедей едің арық қазған.
Соғады ағаң темір, өрім өріп,
Кептеген кедейлігін кесел кіріп.
Бақпенен аума-төкпе болыс болдың,
Әркім-ақ үміт қылар сені көріп.