Тоқсан үйлі тобыр (9-бөлім)
Қамбар · Қазан басылымы, 1903 · 2 мин оқу
Батыр Қамбар қызынды,
Ердің түгі жығылды.
Сыртыменен сүйретіп
Үй жапсарын бұзады.
Падишаның аты қара көк,
Ұрысты қалмақ тек қан тілеп.
Ұрысуға ойланып
Мақтым ханменен сөйлесіп,
Қалмаққа берді бір кезек.
Мақтым хан алды қол оқты,
Қамбарға қарап көзеді.
Сол уақытта Қамбардың
Бәтуажа бабасы
Қалмақтың оғын қаңғыртып,
Тигізбестен демепті.
Қамбар алды садақты,
Атайын деп қол оқты.
Сыртынан шықты атқан оқ,
Жай отындай жайнады.
Семіздігі сонша екен,
Төбенің басын майлады.
Оны көрген қыз Лазым
Жүгіріп жайып құшағын,
Қолына алып келеді
Алмас мойын пышағын.
Оны көріп қыз Лазым,
Мойнынан алған сықылды
Бұрынғы салған бұршағын.
Қарағай найза батырлап,
Мылтық оғы шатырлап,
Әрекет пенен зеңбірек
Тұс-тұсынан атылды.
Атқан оғы жұлдыздай
Көп қалмақты қырады.
Хайла етерге білмеді қалмақ ит,
Жиды жүз салдатты.
Алдына салып айдады,
Біреулерін шапқылап,
Біреулерін шанышқылап,
Қырып шықты божайлап,
Қалмақтар қашып жөнелді,
Қызыл қанға боялды.
Атқа мініп Алшораз,
Келмембетпен екеуі
Ер Қамбарға қосылды.
Үшеуі басын қосқан соң
Ләшкер қашты даңғырап.
Алдына шығып қайырды,
Дұшпанның көңілін майырды.
Ұстап алып өлтірді
Жанарал, кінәз, майырды.
Ғали мінген Дүлдүлдей,
Тұлпарменен шабысты.
Үш күн, үш түн атысып,
Бірін қоймай тауысты.
Көрсетті ерлер азарды,
Байтақ жатқан даланы,
Сол бетімен қызғаннан,
Шауып қайтқан сықылды
Семей деген қаланы.
Он нарға қан құстырып,
Бір-біріне бірін қостырып.
Алтын менен гауһарды
Түрлі кілем үстінен
Қара жерге бастырмай,
Алтыннан тіккен отауға
Ер Қамбарды кіргізді.
Аяқтарын кем басып,
Беті оттай қабынып
Балалы қаздай баптанып,
Тоты құстай жайқанып,
Қамбарға қарап сөйледі,
Лазым [сұлу] сағынып:
—Бәрак Алла, арыслан,
Қалмақтарға бардыңыз,
Ойран-бүлік салдыңыз.
Сіз майданда болмасаң,
Төгіле жазды арымыз.
Асқармысың, таумысың,
Аруанамын, нармысың,
Қайыңмысың, талмысың,
Шекермісің, балмысың,
Уағда сөзде бармысың,
Құдай қосқан жармысың?!
Шақырып алды Қамбар қасына,
Дәулет құсы қонды басына.
Сабырдың түбі—сары алтын,
Жетермін деген осы ма.
Беліндегі белдікті
Тастаған ерлер шешініп,
Тоқтаған көңіл бекініп.
Әзімбайдың елінен
Атан-түйе айдатып,
Көп тобырын көшіріп,
Бәрін мұнда алдырды,
Тоқтатқан Қамбар сабырды.
Тілеген тілек қабыл-ды,
Елші салып ноғайдан,
Көп тобырын алдырды.
Көрді сонда анасы,
Анасы менен баласы
Көп тобырға көрісті.
Көкарал шаһар қаласын,
Қамбар ерді қарашы
Ақылының данасын.
Әзімбай Лазымды ұзатты,
Байлығының белгісі—
Кез жарым қылып соқтырды
Алтыннан түйе бұрауын.
Қамбар мен Лазым қосылды
Ашықтық жолы ошал-ды,
Бар да мінді бір атқа,
Жоқ та мінді бір атқа,
Жаманменен жүрсең,
Қаларсың деген ұятқа.
Дегеніне келтіріп,
Батырың жетті мұратқа.