Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқсан үйлі тобыр (5-бөлім)

Қамбар · Қазан басылымы, 1903 · 2 мин оқу

Сонда тұрып Келмембет:
—Және бір сөзім, және бар,
Жантақты жерде сонар бар.
Әзімбайдың қыз Лазым,
Қалап келген бала бар.
Арғымақ ат бізде бар,
Алтын жабдық сізде бар.
Піскен қауын сізде бар,
Алмас пышақ бізде бар,
Тілдіргелі келгенмін.
Қоңыр үйрек сізде бар,
Көк қаршыға бізде бар,
Ілдіргелі келгенмін.
Қыз Лазымды бермесең,
Патшаны қабыл көрмесең,
Он екі баулы өзбекті
Бүлдіргелі келгенмін.

Аузы кетпейді тілектен,
Қылыш кетпейді білектен,
Сол сөздерін айтқан соң,
Сөз сүйектен өткен соң,
Ерліктің түсті салтына,
Ақылдаспай қартына.
Ер қаруы—бес қару,
Таңдап алып Алшыораз,
Мініп алған сықылды
Қозы күрең атына.
Япырмай деп ақырып,
Апырмай деп шақырып,
Өлтіріпті тоғыз қалмағын,
Өлтіріпті доңызды.
Кедей ұғлы Келмембет
Өлтіруге қимады.
Қолынан қылды көрімді,
Құлағын кесіп құнтитты,
Мұрнын кесіп шұнтитты,
Ернін кесіп жымпитты,
Жал-құйрығын күзеген
Байталдайын сымпитты.
Тоғыз қалмақ өлтіріп,
Кедей ұғлы Келмембет
Мақтым ханға жөнелді.

Әнсіз әңгімесі

Тоғыз қалмақты өлтіріп, Келмембеттің құлақ-мұрнын кесіп «ханыңға сәлем деп айт» деп қоя берді. Келмембет ханына қайтты. Мақтым хан:—Неғылып келдің, бөрі болып келдің бе, түлкі болып келдің бе?—деп сұрады.

—Бөрі болғаны да құрысын, түлкі болғаны да құрысын, құлақ-мұрнымнан айрылып, күлкі болып келдім,—деді. Мақтым хан айтты:—Тоғыз қалмақ өлсе, тоғыз қатын буаз шығар,—деді.—Қайтадан жүз кісіменен бар,—деді. Келмембет жүз кісіменен ноғайға келіп еді, ноғай қорықты. «Қалмақ көп, [көп] жылағанша, қыз жыласын»,—деп, Мақтым ханға бермекші болып, Келмембетті жіберді.

Қалай келдім қара нар,
Тай тұяқты жамай бар.
Дабылдарын бөктеріп,
Сауыттарын төңкеріп,
Аузы түкті қалмаққа
Көп ноғай сөйтіп жаранар.
Мінгізді бедеу атына,
Кигізді қамқа тонына.
Бермесең деп бір қызды,
Үзіпті жаннан үмітті.
Берді Лазым деген соң,
Мақтым хан сонда қуанды.
Қуанғанның белгісі—
Қамқа тонға сыймады.
Көп қалмақтар жиналды,
Он бір ләшкер аттанды.
Үш мың алпыс топ алып,
Зеңбірекке оқ салып,
Жүрген жолын тазартып,
Көкарал шаһар қаламға
Көп қалмақ келіп орнады.
Атын жайды даламға,
Шапқынды салды саламға.
Қолқа сала келіпті
Лазым сынды баламға.

Мақтым хан қылды хандықты,
Ноғайдың көңілін тауыпты.
«Әзімбайдың қыз Лазым
Көремін»,—деп бір күні
Қалмақтың қаны Мақтым хан
Қылған екен жарлықты.
Қорыққаннан Мақтымды
Күйеу қылып сақтайды.
Жаңғыз адам Лазымға
Сөз айтуға батпайды.
Ақылменен біледі,
Түрлі киім киеді.
Зер жапасы басында,
Алты жеңгесі қасында,
Аузы түкті қалмаққа
Келе жатыр үстіне.

Торғынды жібек бөз болды,
Алтынды түйме жез болды.
Аузы түкті қалмаққа
Нақ сәскеде кез болды.
Сұлулығын көрген соң,
Ұстайын деп ұмтылды
Қыз Лазымның білегін.
Алдыменен патшадан
Тілеп алды тілегін.
—Ғадатлі туған Мақтым хан,
Алдыңға келді жалғыз жан.
Жігіт үйден, қыз тыстан
Ұстаушы еді білекті.
Шыныңменен тілесең,
Берермін деген тілекті.
Сексен күндей той қылып,
Сексен күндей ойын қылып,
Үш сексен күн дегенде
Жігіт қызға жатқызып,
Бұйрық дәмін татқызып,
Алтын-күміс артқызып,
Ұзатушы еді атамыз.
Бұрынғы-соңғы жол қылып,
Бұл сөзіме құлақ сал.
Сыртта тұрған жеңге[ге]
Лазымжан барды жүгіріп.
Өз білегін қимайды,
Бір жеңгесінің білегін
Қалмаққа берді білегін.
Алдыменен патшадан
Тілеп алып тілегін.
Қайтадан тауып алыпты
Алтыннан соққан күймесін.

Қамбар

Барлығы: 28 жыр

Тағы оқыңыз