Қамбар батыр (1-бөлім)
Қамбар · М.Жапақов нұсқасы · 2 мин оқу
Сөйле десең біздерге,
Не сөйлейін сіздерге.
Көп те сөзім жоқ еді,
Айтпай да бойым күздерге.
Қара бір таудың үргіні,
Сөз сөйлейді бұлбұлы
Опасыз пәни дүниенің
Қызығы бар аз күні.
Ақ дәстүрін аңқытып,
Аққу да қайтар күз күні.
Балалы қаздар майпаңдап,
Байсалды қаздар жайқаңдап,
Көгілдірін шуатып,
Олар да қайтар бір күні.
Қызыл турам дәм болса,
Аямайды қарындас
Қырық күн шілде жаз күні.
Кімнің малы бар болса,
Қызығын көрер аз күні.
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Он сан ноғай жұртында
Әзімбай деген бай екен,
Әйуке деген хан екен,
Солардан қалған сөзімді,
Әзімбайдың баласы
Бесеу-алтау бар екен.
Ең кенжесін сұрасаң,
Алшыораз мырза дер еді.
Сол алты ұғлының ішінде
Нұр қыздар пішінді,
Толған айдай жүзі бар,
Адам тоймас сөзі бар,
Ор қояндай көзі бар,
Назым атты жалғыз қыз,
Алты ұғлымен тең еді.
Жауған қардан ақ екен
Қыз Назымның еттері.
Жел менен күнге тимеген
Толықсыған беттері.
Сөйлеп сөзбен таусылмас
Құданың берген көріктері.
Бір көргендер зар болып,
Өзінен кеткен еріктері.
Әйуке ханның елінде,
Ақарал шаһар жерінде
Талайдың қолы жете алмай
Түсті ғашық дерттері.
Байдың ұлы бекзада,
Патшаның ұлы шаһзада
Сөз сөйлесіп бақса да,
Болмаған уағда, серттері.
Бай баласы бара алмай,
Патшаның ұлы ала алмай,
Бәрінің қайтты беттері.
Және де сөзді бастайын,
Әзімбай деген бай екен,
Әйуке деген хан екен,
Он сегізде жасы бар,
Ер Қамбар деген бар екен.
Алпыс үйлі арғын бар,
Жетпіс үйлі жебір бар,
Тоқсан үйлі тобыр бар.
Қырғыз, қазақ тағы бар,
Соның бәрін асыраған,
Қамбар деген бірі бар.
Қиссасын соның сөйлейін,
Құлағыңды салыңдар.
Қақпақты көйлек, қызыл тон—
Қыз Назымның кигені.
Қытайы орыс пәуеске—
Ат орнына мінгені.
Ақаралда алты өзен—
Сейіл құрып жүргені.
Бұл сипатты сәулетпен
Орыс, қазақ, ноғай, башқұрт, дүңген де
Бір болған жоқ сүйгені.
Сұлулығын сұрасаң,
Үстіме тозаң тиед деп,
Көшпенен бірге жүрмеген.
Бетіме күн тиед деп
Салт жорғаға мінбеген.
Өзгенің қызы місәлі
Әзімбайдың Назым қыз
Жан бетіне келмеген.
Емін-еркін ер жетті,
Күйеуге бермей күні өтті.
Өз еркіне жіберіп,
Тоты құстай түленді.
Бір мезгілдер болғанда
Ақылды туған әкесі
Мұндайын жауап қылды онда.
Шапқыншылар жіберіп,
Хабар айтып келмекке.
Орыс, ноғай, сарт білән
Он екі баулы өзбекке.
Жұрт шақырған мәнісі,
Құланазар шаң қылып,
Көргендерді таң қылып,
Осындай үлкен заң қылып,
Әлпештеген Назымды
Сүйгеніне бермекке.
Осылай ойлап Әзімбай,
Халқына салды хабарды,
Жұртына салды шабарды.
Бұл хабарды есітіп,
Көп те кетіп барады.
Алтын тақтың үстінде
Бек те кетіп барады.
Сідік масы жас түгіл,
Шал да кетіп барады.
Көп те кетіп барады,
Аз да кетіп барады.
Самайынан бит аққан
Таз да кетіп барады.
Қара арғымақ мінгені,
Асыл киім кигені,
Неше-неше мырзалар
Таңға кетіп барады.
Он бес қойға ат алып,
Отыз қойға мата алып,
Ессіз есер атанып,
Сылдыр моншақ сықаққой,
Жарлы да кетіп барады.
Бай тойына барғалы,
Назым тисе алғалы.
Шара бар ма кедейге,
Қалың борышқа қалғаны.