Тоқсан үйлі тобыр (8-бөлім)
Қамбар · Қазан басылымы, 1903 · 3 мин оқу
Әнсіз әңгімесі
Мақтым ханның қарауылшысы пұшық Келмембет Қамбар батыр соған кез келді. Келмембет Қамбарға сәлем берді:— Әй, Қамбар,—деді.—Сені Мақтым хан қазір өлтіреді,— деді.—Сен тоғыз күн уағда берген едің, бүгін он күн болды деп. Мен сенің бір шыбындай жаныңды сұрап алайын,—деп ханға кетті.
Келмембет кірді ханына,
Ара түсіп Қамбардың
Бір шыбындай жанына.
—Алдияр, бас хандарым,
Жаныңа келді Қамбарың.
Мұндан бұрын бар ма еді
Сенен сұрап алғаным?
Бір сұрай келдім Қамбардың
Көкіректегі шыбын жандарын.
Бере алмасаң бір тілек,
Төгіледі менің арларым.
Сонда Мақтым хан сөйлейді:
—Базардан алып келген ақ ирек,
Иректің аты безбүйрек.
Алып келсең еді Қамбарды
Жағасынан сен сүйреп.
Немене деп отырсың,
Бес байталға алған бедірек.
Көп сөйлемей шық,— деді,
Шығып кетші тез,—деді.
Келмембет тұрып жөнелді,
Есікке барып қайтадан,
Мақтымға берді жауабын.
—Хан емессің, қабансың,
Тамам ханнан жамансың.
Хан емессің, қасқырсың,
Қаса албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның келіп басқа ұрсын!
Хан емессің, қабансың,
Тамам ханнан жамансың.
Қамбар сені өлтіріп,
Дегеніне келтіріп,
Сүйегіңді қасқыр кемірсін,
Майыңа қарсақ семірсін.
Келмембет тұрып жөнелді,
Тұра алмады ер Қамбар,
Өзі тоқтап іркіліп.
Бір кісідей көрмеді
Он мың ләшкер, көп шерді.
Ақ сауыттан шығарды
Қарыс сүйем түгіні.
Ер нұсқасын көрген соң
Келмембетке атын ұстатып,
Мақтымға Қамбар кез келді.
Кіріп үйге келгенде,
Айбатына шыдамай,
Мақтым хан қорыққан сықылды,
Тұра келіп көрісті.
—Батыр Қамбар сенбісің,
Алдияр тақсыр біз,— деді.
Әнсіз әңгімесі
Мақтым хан Қамбарға қышқырды:—Сен өлмеймін деп келдің бе? Сен тоғыз күн уағда берген едің, бүгін он күн болды дейді. (Және) Қамбар Мақтым ханға айтады:—Рас, тақсыр,— деді.—Мен үйден шығып келе жатсам, бір ақ төс тазы қызыл түлкіні алып жатыр екен, оған бір қара төбет зорлық қылып жатыр екен. Екеуі маған келіп жүгінділер. Мен төресін бердім: «Әй, ақтөс тазы, сенің күнде алған түлкің ғой, мынау қара төбет итке бер»,—дедім. Үш күнім өтті және келе жатсам, бір ақ сұңқар қуды алып жатыр екен, оған бір құладын зорлық қылып жатыр екен, о да маған келіп жүгінді, оны да құладынға алып бердім алты күнім өтті. Және келе жатсам, бір ителгі кекілікті алып жатыр екен. Оған бір қара қарға зорлық қылып жатыр екен, оны да қара қарғаға алып бердім, тоғыз күнім өтті. Оныншы күн сенге келіп тұрғаным,—дейді.
Сонда Мақтым хан сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Ақтөс тазы мен,—деді,
Қара төбет сен,—деді,
Таласқаның қыз,—деді.
Он мың ләшкер балуанға
Бола алмассың сен,—деді.
Ақ сұңқар құс мен,—деді,
Құладын құс сен,—деді,
Таласқаның қыз,—деді.
Он мың ләшкер балуанға
Бола алмассың тең,—деді.
Ителгі құс мен,—деді,
Қара қарға сен,—деді,
Таласқаның қыз,—деді.
Он мың ләшкер балуанға
Бола алмассың сен,—деді.
Батыр Қамбар сөйлейді:
—Бір атпадың, екі аттың,
Екі атпадың, үш аттың,
Үш атпадың, төрт аттың,
Аш белімнен кесе аттың.
Бір атқаныңды айтайын,
Келмембетті жібердің,
Қылсын дедің тойымды,
Құйсын дедің шайымды.
Екі атқаныңды айтайын,
Ақ төс тазы сен болдың,
Қара төбет ит мен болдым,
Қайткенде сенен кем болдым!
Үш атқаныңды айтайын,
Ақ сұңқар құс сен болдың,
Құладын құс мен болдым,
Қайткенде сенен кем болдым!