Тоқсан үйлі тобыр (3-бөлім)
Қамбар · Қазан басылымы, 1903 · 2 мин оқу
Артынан Лазым келеді,
Жүгіріп басып ентігіп,
Ары қалды төгіліп.
Ақ өткелдей өткелден
Өте шықты ер Қамбар,
Үзеңгісі суға көміліп.
Ар жаққа шығып шешінді,
Лазымның айтқан әр сөзі
Өкпе аузына тығылды,
Лазым (жерге) салды тепкіні,
Қамбарға қылды өкпені.
«Қарамастай өзіме,
Не болды менің жүзіме.
Ақ бетіме салды ма
Жаппар бүгін сепкілді!
Көшсе, көшті бермейді,
Қом майысқан түйелі.
Ақ шалғынға қонады
Саумалы бар биелі.
Ақ бетіме салды ма
Бес бармақтап күйені,
Ақ бетім менің оңды ма?!
Кедейдің соры болар ма?!
Айнамды алып көрейін,
Опа, ендік жағайын.
Қайрылып енді келмесе,
Кедейдің сорын ұрайын».
Сары алтыннан бар еді,
Алты бірдей пердесі
Қыз Лазымның бар еді.
Пердені қолға алады,
Пердеге жүзін салады.
Өз көркінен қыз Лазым
Талып түсіп қалады.
Жеңгесіне иіртті,
Алты ұршық ақ жібек
Жеңгесіне иіртті,
Өзі құрды өрмекті.
Қамбардың жүзін көрмекке,
Далаға шықты көрнекке.
Белсенген білек көрінер
Сырдың құба талындай.
Түрген балтыр көрінер
Ақ киіктің таңындай.
Қасы қара көрінер
Құралайдың көзіндей.
Екі емшегі көрінер
Сау қайыңның безіндей.
Ғашықтықтың дертінен
Тоқиды өрмек ерінбей.
Қара қасқа тұлпарың,
Маңдайында ағы бар.
Келетұғын Қамбардың
Кешкі мезгіл шағы бар.
Бір жағында бес құлан,
Бір жағында бес құлан,
Теңдеп алған аңы бар.
Қызыл алтай бір түлкі,
[Ты]мақтығы ердің тағы бар.
Құдайдың берген Қамбарға
Атадан артық бағы бар.
Сипай-сипай қамшылап,
Жаңбырдай тері тамшылап,
Он құланмен шоқытып
Келе жатыр жануар.
Лазым қақты өрмекті,
Қамбардың жүзін көрмекке,
Далаға шықты көрнекке.
Көк алмасын суырып,
Заманасын қуырып,
Ат үстінен өрмекті
Қиып шауып барады.
Балалы арқар баурында,
Баласыз арқар зарлайды.
Алты құлаш ақ өрмек
Алты жерден қыз Лазым
Ашуланып турайды.
Дәті қатты сірі еді,
Данышпан өзі ақылды,
Өткізбен деп қапылды.
Артынан жаяу жүгіріп,
Қамбарды Лазым шақырды.
—Қара қасқа атты Қамбар-ай,
Қара атыңда жал бар-ай,
Қараның қары қыстар-ай.
Айтпасам да білмейсің,
Дәнемені көрмеген,
Жалаңбұт өскен заңғар-ай.
Артыңға сенің қарасам,
Кедейден қалған сорың бар.
Өзің барсаң оқисың
Бес намазың қазасын.
Көрген жерден таныдым
Сүйегіңнің тазасын.
Аялым жаман болмаса,
Есітсеңіз назасын
Саған ғашық болғаным,
Қалмақтың берер деп едім
Жалғыздықтың жазасын.
Сонда Қамбар сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Сен жеріңге жет,—деді,
Ноғайдың бәрі бек,—деді.
Әзімбайдай әкеңе
Көп тобырым қаңғырып,
Барып тамақ жеп пе еді.
Алыста жатып есіттім,
Өзімді кедей деген соң,
Сүйегімнен өтті енді.
Бір тілегім Құдадан—
Қалмақ алса олжаға,
Мінгізіп салса арбаға,
Артықша туған Лазымды
Алсам да сонда теңімді.
Лазымжан және сөйлейді:
—Ақ өткелдің ар жағы
Жайма біткен қызыл тас.
Он сегізде Қамбар жас,
Шақырсам да қайрылмайсың,
Көңілімді қылдың мұнша мас.
Бір күні келер қалмақ нас,
Аялым жаман демесең,
Алты ұғыл ішінде
Мен бір туған қалам қас.
Көп тобырдың ішінде
Сен бір туған көк алмас.
Аламын деп бір күні
Жиналып келер қалмақ нас.
Жауабым жаман демесең,
Меніменен ақыл қос.