Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қамбар батыр (5-бөлім)

Қамбар · М.Жапақов нұсқасы · 3 мин оқу

Енді атына мінеді,
Алладан пәрмен тіледі.
Сарала туы салбырап,
Жауатын қардай түнеріп,
Ойқастай басып жөнеді.
Қараман ханның шатыры
Сөз сұрайды батырдан.
—Қараман едім мен,—дейді,
Қамбармысың сен,—дейді.
Дос болайық, Қамбаржан,
Шатырға таман кел,—дейді.

Қамбар сонда сөйлейді:
—Қонаққа Қамбар келген жоқ.
Күтпей-ақ қой, Қараман,
Көп сөз саған не керек.
Қалмаққа хабар беріңіз,
Күннің нұры қайтқан соң
Тегіс атқа мініңіз.
Дінсіз туған қалмақ ит
Адамның тілін алмаңыз.
Хабар сал тегіс халқыңа,
Қапыда, сірә, қалмаңыз.
Ырзалыққа әуелі
Қамбар тұр қасына.
Соғысқа шықсаң ит қалмақ,
Бірің қалмай келіңдер
Тап төбенің басына.

Осыны айтып ер Қамбар
Әзімбайдың аулына
Аяңдап енді келеді.
Қарап тұрған халқы бар
Қамбарды тегіс көреді.
Қайғы тартып жылаған,
Көз жастарын бұлаған
Үлкен-кіші жиналып,
Бірі қалмай келеді.
Төрт елі шыққан ту бие
Тамағына сояды.
Қарақаттай сабаны
Алдына әкеп қояды.
Қымыз ішіп, етін жеп,
Батасын алып бәрінің,
Жас пенен түгел кәрінің,
Күн еңкейіп қалғанда
Енді атына мінеді.
Жалықпады бәрі де
Батасын түгел беруге,
Көп халықтан бір жан жоқ
Қамбарға сонда еруге.
Сарала туы салбырап,
Мың қойға тиген қасқырдай
Қалмаққа жаңғыз енеді.

Екі күн соғыс ішінде
Есік-есік қылады.
Бесінші күн болғанда
Тастырды судай қандарын,
Шырқыратты жандарын,
Талауға салып жіберді
Қазынадағы малдарын.
Алтыншы күн болғанда
Қараман қарсы келеді,
Анау-мынау дегізбей
Басын кесіп алады.
Бермеймін деп сүйегін
Тақымына салады.

Жетінші күн болғанда
От орнындай тұяқтан
Оймақтай-ақ қалыпты.
Бір қолтықтай құйрықтан
Қылыштай-ақ қалыпты.
Тебінгідей ерінен
Төрт-ақ елі қалыпты.
Қызыл қаннан жүре алмай
Тұлпар әбден талыпты.
Сегізінші күн таң атқанда
Жан-жағына қараса,
Болған екен тамаша.
Он екі мың солдаттан
Екі-ақ мыңдай қалыпты.
Келіп еңдер, солдаттар,
Өлемін деп, қазат деп.
Екі жүзін босатты
Барыңдар деп, азат деп.
Хабар келді халыққа
Жүре алмай тұлпар қалды деп,
Жан қалған жоқ майданда,
Қамбар түгел алды деп.

Берген Құдай басынан
Әзімбайға дұғаны,
Тасырқап тұлпар қалды деп
Естіген соң Әзімбай,
Күндік жерге тарттырды
Кездеп сонда шұғаны.
Адам көрер емес-ау
Ер Қамбардың кескіні.
Тасырқап тұлпар қалса да,
Шұғаны басып жүргенде
Үй жыққандай екпіні.
Қазақ халқы көтерді,
Бес жүз жылқы сояды.
Қамбарға енді беруге
Бал қосқан қымыз қояды.

Әр соғыста ер Қамбар
Мұсылман дінін ашады.
Түстен қорқып жүз жігіт
Бет-бетімен өреді.
Елу қыз бар қасында
Тау басында Назым қыз
Қашқанын мұның көреді.
Ақ орданың сыртына
Елу қыз бар қасында
Аққудай болып Назымжан
Аяңдай өзі келеді.
«Аман ба, мырза, сауға»,—деп,
Амандығын біледі.
Амандығын білген соң
Ойнап бәрі күледі.
Баламды өзім көрем деп,
Тоқсан бесте жасы бар
Әйуке де келеді.
Алыстан тұрып Әйуке
Қамбарға сәлем береді.
—Бүгін емес, балам-ау,
Күнде жансын шырағың,
Қандай соғыс болса да,
Қажымасын пырағың.

Сонда Әйукенің халыққа айтқан маталы:—Оу, жігіттер, көрдіңдер ме? Береке елде болмайды, елді баққан ерде ғана болады, Қамбардың ерлігінің арқасында қалың тобыры бөлекбөлек қонатын болды. Сондықтан сендер де осындай ер болыңдар, халық үшін қайрат қылған жанды Алла өзі қажытпайды,— деген еді.

Сонда Әзімбайдың қызға берген жасауы, алтын-күміс әбзәлі әлгі тобырды бөлек-бөлек қондыруға жарап еді.

Қамбар

Барлығы: 28 жыр

Тағы оқыңыз