Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқсан үйлі тобыр (2-бөлім)

Қамбар · Қазан басылымы, 1903 · 2 мин оқу

Әнсіз әңгімесі

Лазымның һешкімді жаратпағанының мәнісі сол екен: Қамбарды жарлы деп шақырмай қалған екен.

Сонда Лазым сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Айғыр емен, ат емен,
Жал-құйрығым сүздіріп,
Базарыңа салғандай.
Он екі баулы өзбекті
Сынап келдім, ата-еке.
Тал бойыма бір берен,
Таба алмадым жарастық.
Жамандарға көз салсақ,
Жақсы жолдан адастық.
Мұсылман аз, қалмақ қау,
Бір күні келер бетпақ жау.
Даңқымыз кеткен һәр жерге,
Елде туған бір ер жоқ,
Жекпе-жекке шығарға,
Жауға шығар бір ер жоқ,
Қынабы алтын көк алмас,
Тасты кесер жібек қай?
Назар көзім салмаймын,
Һеш теңдікке алмаймын
Ақылы жоқ немені.

Әзімбай бұл жауапқа бөгелді,
Ақылды туған қыз Лазым
Ауылға қарап жөнелді.
Әзімбай асқан ақылды,
Желмаядай бақырды.
—Он екі баулы өзбекте,
Келмей қалған кім бар?—деп,
Шақырушыны шақырды.
Шақырушы сонда сөйлейді:
—Он екі баулы өзбекте
Келмей қалған мен көрдім
Қара тұлпар малдарды.
Өңкей тобыр ел көрдім,
Кемпір менен шалдарды.
Шақырсам да келмес деп,
Әзімбай оған бермес деп,
Лазымжан оған тимес деп,
Шақырмадым бұл тойға
Он сегіз жасар Қамбарды.

Ақ сұңқар құс дабысты,
Дұшпаннан алған намысты.
Қамбар кедей деген сөз,
Ел құлағы елу ғой,
Естіп атыр дабысты.
Ит жүгіртіп, құс салып,
Жерінің аңын тауысты.
Балдағы алтын ақ берен
Орай белге алады.
Қыран қара бүркітті
Тұғырысына қонады.
Әзімбайдың еліне,
Шалқып жатқан көліне,
Қамбар қиял ойлайды,
Бір күні соған барсам деп.

Әнсіз әңгімесі

Әзімбайдың аулының қасында бір көлі бар еді, оған адам бендесін жібермейтін еді, құлан, киік көп болатын еді. Қамбар қиял ойлады: «Мені жарлы деп шақырмай қалды, мен сол көлге барып, құлан, киік атып қайтайыншы»,— деп [ойлады].

Бүтін туған тұлпарын
Батырың алды шалдырып,
Ұйқысын алды қандырып,
Шоқытып ерің жөнелді,
Томаша көрсе секіртіп,
Жабынғымен ырғытып,
Ауыздықпенен кергітіп,
Жерінің аңын үркітіп,
Тау қазындай шаңқылдап,
Ұшқан құстай сұңқылдап.
Қара айдарменен келеді,
Қара қасқа тұлпарға
Қамбар салды өкпені.

Көргенім жалған болмаса,
Кешегі жүрген қыз Лазым
Иық ішік жамылып,
Беті оттай қабынып,
Аяр тұрман тағылып.
Алтын құман қолында
Таң намазы дәретке
Лазымжан шыққан сықылды.
Балалы қаздай бағланып,
Тоты құстай жайқанып,
Келбетін көрсең сұлудың,
Түймені көр де, басын көр.
Қаламды көр де, қасын көр,
Қарды көр де, етін көр.
Қар үстіне қан тамса,
Қанды көр де, бетін көр.
Толықсыған сұлуды
Көзіменен көрсе де,
Қайрылмастан жөнелді
Он сегіз жасар Қамбар ер.

Үстіндегі кигені
Бүрмелі торғын көйлегі.
Бара жатқан Қамбарды
Лазым сұлу көздеді,
Шын батырға кез келді.
Мінген аты Қамбардың
Аласы жоқ қара еді,
Жал-құйрығы дара еді.
Жаудан қашқан кісідей
Қамбар кетіп барады.
Аш белдерін қынады,
Ер екенін сынады.
Лазым сұлу көксейді
Ғашықтық кіріп дертіне.
Ер Қамбардың артынан
Баруға көңлі ұқсайды.

Көңіліндегі намысты,
Ақылын сұлу тауысты.
Ер Қамбардың артынан
Шақырып салды дауысты.
—Қара қасқа атты Қамбар-ай,
Қара атыңда жал бар-ай.
Біздің үйге түсе кет,
Шай-самауыр іше кет.
Қанша мейман түссе де,
Күткендей біздің әл бар-ай.

Қамбар

Барлығы: 28 жыр

Тағы оқыңыз