Қамбар батыр (2-бөлім)
Қамбар · Ә.Шоқатаев нұсқасы · 3 мин оқу
Сонда Назым сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Айғыр емен, ат емен,
Айналайын, атеке-ау,
Жал-құйрығым сезіліп,
Базарыңа салғандай,
Он екі баулы өзбекті
Сынап келдім, атеке-ау,
Таба алмадым ешкімді,
Дәл көңілге алғандай.
Жамандарға көз салсаң,
Даңғыл жолдан адастық,
Теңім болса сүйгенім,
Өмірге гүлдей жарастық.
Сонда Әзімбай бөгелді,
Бір жауапқа бөгелді,
Бір жауапқа кенелді,
Ақылды туған қыз Назым
Ауылға таман жөнелді.
Әзімбай асқан ақылды,
Жел маядай ақырды,
—Он екі баулы өзбекте
Келмеген тойға кім бар?—деп,
Шақырушыны шақырды.
Шақырушы сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
–Төрт аяқты біз көрдік
Қара тұлпар малдарды,
Өңшең тобыр ел көрдім,
Кемпір менен шалдарды.
Шақырғанмен келмес деп,
Әзімбай оған бермес деп,
Назымжан оған тимес деп,
Шақырмадым бұл тойға
Он сегіз жасар Қамбарды.
Әзімбай оны айтқанда үндемеді,
«Жаным-ау, ол айтқаның кім» демеді,
Қамбардың әкесінің орнын алған,
Себебі сол екен ғой күндегені.
Қамбарды естіп сырттан білген Назым,
Өзгені сол себептен сүймегені.
Ақарал шаһар қаладан халық тарап той тарқап, Назым өз бойына ешкімді лайық көрмей қанша уақыт өтіп жүре береді. (Қамбардың әкесінің орнын Әзімбай байлықпен тартып алған болу керек жырдың кейбір жерінде) Қамбар тойға кедейліктен шақырылмағандығын ойға алып, жүре береді.
Түскен жолы Қамбардың
Шұбырған малдың ізі еді.
Жағалай құлын байлаған,
Теңіздің бойын жайлаған
Қыз Назымның аулының
Үстіне түсті көздері.
Мұны көріп Қамбардың
Жоқшылық түсті есіне.
«Қымызы бар деп ақ үйдің
Түсемін барып несіне».
Қырындап өтіп барады,
Сұңқарын тұтып бетіне.
Қара қасқа тұлпары
Жердің тартып танабын,
Алшаңдап басып аяғын,
Ауылдың шықты шетіне.
Ақ сұңқар құстай дауысты,
Дұшпанынан алған намысты.
Ит жүгіртіп, құс салып,
Маңайдың аңын тауысты.
Қамбар кедей деген сөз,
Ел құлағы елу ғой,
Естіді батыр дабысты.
Кедейсің деген кісіге
Қылмады батыр намысты.
Қамбар батыр тойға шақырмағанын еске алып және қызға қызықпай өте береді. (Бір қыз үшін ел жұртымды ұмытып кетсем не болғаным деп ойлайды ішінен).
Ендігі сөз, Қамбар аңын аулап кешке қайтып келе жатады.
Беріп қойған Құдайдың
Ер Қамбарға бағы бар,
Кешке таман болғанда
Қайтатұғын шағы бар.
Бір жағында үш құлан,
Бір жағында қос құлан,
Теңдеп алған
Қызыл алтай бір түлкі,
Тымағы ердің тағы бар.
Сипай-сипай қамшылап,
Сауырынан тер тамшылап,
Ауыздықпен алысып
Келе жатыр жануар.
Ауылға тоқтамай кетіп бара жатқанда, Назым артынан дауыстап, тоқтатып сөйлегені мынау.
Сонда Назым сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қара қасқа атты Қамбар-ау!
Қара атыңның мойнында
Өкпе-бауыр, жал бар-ау,
Біздің үйге түсе кет,
Шай самаурын іше кет,
Қанша бізге келсең де,
Күткендей бізде жай бар-ау!
Подностың үстінде
Алуан секер, бал бар-ау,
Арызыма менің құлақ сал,
Ақылың болса аңғар-ау.
Тоқтап Қамбар сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ағайыным тауысты
Қара аттан бөлек малымды.
Сыртым бүтін, іш түтін,
Білмейді ешкім әлімді.
Жолдас қылды Құдайым
Кедейлік деген залымды,
Қой бағу қолдан келмейді,
Ат үстінде соғыс қып,
Жемесем тауып нанымды.
Екі аяғым салақтап,
Аш бөрідей жалақтап,
Қинайды жоқтық жанымды.
Ұядан жалғыз баламын,
Құс етін беріп бағамын
Үйдегі екі кәрімді,
Оған да назар саламын,
Қабатына аламын
Алпыс үйлі Арғынды.
Осыны айтып, ер Қамбар жүріп кетеді.