Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қамбар батыр (4-бөлім)

Қамбар · М.Жапақов нұсқасы · 2 мин оқу

Сөзін алып Қамбардың
Назымжан енді қайтады,
Бастан-аяқ білгенін
Жеңгесіне айтады.
Мұныменен ел жатты,
Бір-екі айдай мол жатты.
Сол елдің оң жақ бүйірінде
Қалмақтың енді ханы бар,
Ұрысуға жарайтын
Он екі мыңдай жаны бар.
Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді,
Келмембетке кел дейді.
—Бұйрықты біздің ал,—дейді,
Әзімбайға бар,—дейді,
Хабарды біздің сал,—дейді.
Қызын маған берсін деп
Хабарын тездеп ал,—дейді.

Керей ұлы Келмембет
Ханнан хабар алған соң
Енді атына мінеді,
Алладан пәрмен тіледі.
Сарала туы салбырап,
Бетінің нұры албырап
Әзімбайға келеді,
Иіліп сәлем береді.
Тоқталмастан бұ қалмақ
Үстем сөйлей береді,
Хабарын тездеп береді.
—Ханның айтқан сәлемін
Білдіргелі келгенмін.
Асыранды қазыңды
Көк қаршығам талпынды,
Ілдіргелі келгенмін.
Айтқан тілді алмасаң,
Сөзіме менің нанбасаң,
Бір шулатып еліңді
Білдіргелі келгенмін.

Шыдай алмай сөзіне
Әзімбайдың кіші ұлы
Алшыораз деген ер еді.
Асып тұрған құрбынан
Бұ да бір асқан сері еді.
Шыдай алмай сөзіне,
Ұстап алып қалмақтың
Құлағын кесіп құнтитты,
Мұрнын кесіп тылпитты,
Тонап алып қалмақты,
Қу басын қойып жымпитты.

Тоналып қалмақ барған соң,
Ашуланды хандары,
Көп еді мұның жандары.
Хабар салды солдатқа,
Мінсін деді жалды атқа,
Әзімбайды шаппақ боп
Соғысуға бұйырды
Он екі мыңдай солдатқа.

Ақ шатыр мен көк шатыр
Басына тігіп солдаттар,
Әзімбайдың халқына
Жағалай келіп қонады.
Қалмақтың түрін көрген соң
Байдың көңілі солады.
Ақылгөйі Әйуке
Қысылғанда ақыл табатын
Қазақтың сонда ханы еді,
Адамға енді білгізбей
Екі пысық жігітті
Әйукеге салады.
—Қамап қалды көп қалмақ
Халқыңызды алмақ боп,
Байға үлкен күш болды,
Таудан түскен салмақ боп.
Ақылын мұның сұрасаң,
Дінсіз туған ит қалмақ
Назымжанды алмақ боп.

Әйуке сонда сөйлейді:
—Қалмақтарға білдірмей
Қамбарға кісі салыңдар.
Қамбардан басқа күш жоқ қой,
Хабарын тездеп алыңдар.
Тойларыңа шақырмай
Ердің көңілі қалған-ды.
Өле-өлгенше қыймайсыз
Керегі жоқ жалғанды.
Ат басындай алтынмен
Таралғы тарту берілсін,
Тездеп енді хабары
Ел білдірмей алынсын.
Әуелі бастап Қамбардың
Хабарын көзбен көріңдер,
Намысы үшін келмесе,
Бір қыз үшін қырылуға
Басқамызда өнер жоқ,
Қалмаққа қызды беріңдер.

Ат басындай алтынмен
Қой басындай күміспен
Таралғы тарту алады.
Түн қатып енді екі жас
Таң ата зорға келеді.
Тоқтамастан екеуі
Келіп сөйлей береді.
Жолбарыстай түгі бар
Ер Қамбарды көреді.
О да айғайлап екеуі
Алыстан сәлем береді.

—Айналайын, Қамбаржан,
Қатасыз пенде болмайды,
Шақырмаған көп тойға
Қатамызды кеш,—деген.
Қамап жатыр көп қалмақ,
Тұзағынан шеш,—деген.
Білмеймісің өзің де,
Айтайын енді сөзімді,
Қазаққа қалмақ басында
Туғаннан-ақ өш,—деген.
Сонда Қамбар сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Шақырмайтын тойына,
Теңгермейтін бойына,
Қалмақтың түрін көрген соң,
Ұмытып кеткен ер Қамбар
Түскен бе байдың ойына.
Намысым үшін барайын,
Алты күндей тобырға
Аң тасып әкеп берейін.
Жетінші күн болғанда
Хабарын өзім берейін.

Қамбар

Барлығы: 28 жыр

Тағы оқыңыз