Қамбар батыр (2-бөлім)
Қамбар · М.Жапақов нұсқасы · 2 мин оқу
Бектер мінер қызылды,
Жал-құйрығы ұзынды.
Жиналып келген қалың ел
Ақаралға жиналды.
Ерге тимек рас боп,
Бәрін аралап келмекке
Қыздың көңілі бұзылды.
Сөтелке шлыя күмістен,
Божы арқаны жібектен.
Қыз Назымның әмірімен
Қызметкерлер тез жеккен,
Жегіп алды ұшқыр ат,
Қылып сәулет, салтанат.
Қос арғымақ арындап,
Алтын арба арылдап,
Ақарал шаһар жиылысқа
Қыз Назым келді қырындап.
Белде, белде бел асар,
Билерге садақ жарасар.
Сәскеде келген қыз Назым,
Бесінге дейін аралап,
Мырзаларды саралап,
Өз бойына бір ерді
Таппағансынды миясар.
Бесіннің кезі болғанда,
Көпшіліктен түңіліп,
Қыз Назым сонда тұрғанда,
Ақылды туған әкесі
Тағы да жауап қылды онда.
Әкесі келіп сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Шырағым, қалқам, балам-ау,
Жиып алдым өзбекті
Ақарал шаһар қалаға.
Көрсін деп соны шақырттым
Назым бір жалғыз балаға.
Өтіп кетсең күніңнен,
Ішім толар ызаға.
Келсін дедім ақбасқа,
Келмесін дедім сапбасқа.
Өзбегім жаман болды ма,
Біреуі сізге жақпасқа.
Ақылсыз бала тудың ба,
Бір ерді таңлап таппасқа.
Өтіп кетсең күніңнен,
Қаларсың, балам, құр босқа.
Қыз Назым сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Ақ өткелдің арасы
Ат шаба алмас шағыл тас.
Ақаралға жиыпсыз
Үлкен-кіші, кәрі-жас.
Кімісі есер, кімі бай,
Көбісі есер, сідік мас.
Көпшілікті аралап,
Жақсыларын саралап,
Өз бойыма бір ерді,
Таба алмадым жарастық.
Жамандарға көз салсам,
Даңғыл жолдан адастық.
Мұсылман аз, кәпір жау,
Бір күні келсе қалмақ жау.
Қарсы шығып алдынан
Ешбірі мені ала алмас.
Бай деп тисем малдыға,
Жас деп тисем жалдыға,
Әуре-сарсаң күнімде
Ақырында қатер бас.
Құйрық-жалын сүздіріп
Базарға әкеп салғандай
Босқа қарап қайтқам жоқ,
Сынап келдім, әкеке-ай.
Әзімбай асқан ақылды,
Назымжан сөз мақұл-ды.
—Төрт тарапта өзбекте
Келмеген тойға кім бар?—деп,
Шақырушыларды шақырды.
Шақырушылар сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Қара қасқа ат көрдік
Төрт аяқты малдардан.
Үбір де шүбір ел көрдік
Кемпір менен шалдардан.
Атып келіп күнінде
Асыраған тобырды
Киік, құлан аңдардан.
Шақырғанмен келмес деп,
Әзімбай оған бермес деп,
Назымжан оған тимес деп,
Шақырмадық бұл тойға
Он сегіз жасар Қамбарды.
Дабысын оның сұрасаң,
Ақ сұңқар құстай дабысты,
Дұшпаннан алған намысты.
Ит жүгіртіп құс салып,
Жердің аңын тауысты.
Кедейліктің зарпынан
Ұя қылып құрайды
Төсек қылды қамысты.
Қайда дұшпан көрінсе
Жасынан-ақ алысты.
Қамбар мұнда келсін деп,
Назымжан сынап көрсін деп,
Ноғайлының халқы боп
Кеңесіп кісі салысты.
Ерлер атын суарар
Лайы жоқ бұлаққа,
Ат шаба алмас құмдаққа.
Қамбарда кедей дегені
Ертеректе бір мезгіл
Тиген екен құлаққа.
Сонда Қамбар сөйледі,
Жіберген сонда елшіге:
—Мінген атың көк,—дейді,
Не сөйлесем еп,—дейді.
Шақырмайтын тойына,
Теңгермейтін бойына,
Әзімбайдай байыңнан
Көп тобырым қаңғырып,
Барып тамақ жеп пе еді.
Күндердің күні болғанда
Бұл көрікті Әзімбай
Ақ сұңқарын ілгізсе,
Көк арбаға мінгізсе,
Қиын-қыстау іс болып,
Қалмаққа қарай жүргізсе,
Алармын сонда тек,—дейді.