Тоқсан үйлі тобыр (1-бөлім)
Қамбар · Қазан басылымы, 1903 · 3 мин оқу
Сөйле десең біздерге,
Не сөйлейін сіздерге.
Көп те сөзім жоқ еді,
Айтпай бойым кездерге.
Қара да таудың үлкені,
Қызыл жібек қырмызы,
Олар да қалар бір күні.
Ақ төстерін аңқытып,
Ақ құс қайтар күз күні.
Қызыл турам дәм болса,
Аямайды қарындас
Қырық күншілік жаз күні.
Кімнің малы бар болса,
Қызығын көрер аз күні.
Бұрынғы өткен заманда
Ер Қамбар деген бар екен,
Әзімбай деген бай екен,
Солардан қалған сөзімді
Баян қылып айтайын.
Он хан үйлі оят бар,
Қырық сан үйлі қият бар,
Алпыс үйлі арғын бар,
Жетпіс үйлі жебір бар,
Тоқсан үйлі тобыр бар.
Он сегізде жасы бар,
Жалғыз өскен басы бар,
Адал қара дегенде,
Қара да тұлпар аты бар,
Әуелі Құдай себепші
Он түлік бәрін асыраған,
Қамбар деген бір ер бар.
Құлағыңды салсаңдар,
Сол уақытта ноғайда
Әзімбай деген бай болған,
Төрт түлікке сай болған.
Ішкендерін сұрасаң,
Шекер менен шай, бал болған.
Байлығы шалқар көл еді,
Көп ноғайдың бірі еді,
Алты ұғлы бар еді,
Алтауы бірдей бөрі еді,
Ең кішісін сұрасаң,
Алшыораз мырза дер еді.
Алты ұғлы ішінде
Жалғыз туған қыз Лазым
Алтауымен бір еді.
Алтын күйме ішінде,
Ақ сұңқар құстай қолында,
Жауған қардан ақ еді
Қыз Лазымның еттері.
Адам пенде көрмеген
Пердесін ашып беттерін.
Еш пендеге айтпаған
Ғашықтықтың дерттерін.
Баян да қылып айтайын
Құдайдың берген көріктерін.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Күймеден басқа нәрсеге
Жорға екен деп мінбеген.
Шықпаған өзі саяға,
Салмаған көзін ұяға.
Лазым сынды сұлудың
Айтайын енді жайында.
Емін-еркін ер жетті,
Күйеуге бермей күн өтті.
Ат шаптырды Әзімбай
Он екі баулы өзбекке.
Ат кекілін өрмекке,
Шақырғанның мәнісі,
Лазым деген сұлуды
Сүйгеніне бермекке.
Ноғай салған шабарды,
Есіткен соң хабарды,
Аз да кетіп барады,
Көп те кетіп барады.
Алтын тақтың үстінде
Би де кетіп барады.
Сақал-мұрты ағарған
Шал да кетіп барады.
Самайынан бит аққан
Таз да кетіп барады.
Сексен қойға ат алған,
Он бес қойға мата алған,
Селдір моншақ сықақ қой,
Жарлы да кетіп барады,
Бай тойына барғалы,
Жетсе, Лазым алғалы.
Шара бар ма Құдайға,
Қалың борышқа қалғаны.
Сәске кезі болғанда,
Ауылда тұрып қыз Лазым,
Қудай мойнын толғады,
Барамын деп ойлады.
Алтыннан қамыт доғасы,
Қамқа тонын киіпті,
Шора алтыннан жағасы.
Шидүлкесі күмістен,
Боз арқаны жібектен,
Қызметкерлер тез жеккен.
Жегіп алды қос қара ат,
Киіп алды қос манат.
Киіп алып қос манат,
Қос арғымақ арланып,
Көкарал шаһар қалаға
Лазымжан келді қырындап.
Алтыннан қосқан терезе,
Кілтін Лазым ашады,
Алтын менен гауһарды
Әзімбайдай атасы
Көшесіне шашады.
Базарға таш шакүбандар,
Жаяу жүрген шикандар,
Алтынды арба Лазымның
Көп жаяулар басады.
Белдем-белдем бел асар,
Бектарға садақ жарасар.
Сәскеге келген қыз Лазым,
Бесінге шейін аралап,
Тал мойнына бір перен,
Таба алмаған миясар.
Кешкі бесін болғанда,
Ауылға табан қыз Лазым
Қайтамын деп тұрғанда,
Әкесі Әзімбай сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Жиып алдым өзбекті
Көкарал шаһар қалаға.
Көрсін деп сені шақырттым,
Лазым сынды баламға.
Өтіп кетсе күніңіз,
Ішің толар заяға.
Көп өзбекті шақырттым,
Келсін деп өңкей сабазға.
Келсін деп, сірә, айтпадым,
Бурыл сақал қақпасқа.
Ноғайым жаман болды ма,
Біреуі саған жақпасқа.
Ақылсыз бала тудың ба,
Бір ер таңдап таппасқа.
Өтіп кетсе күніңіз,
Балам, бір күн зарларсың,
Ішің толар заяға.