Тоқсан үйлі тобыр (6-бөлім)
Қамбар · Қазан басылымы, 1903 · 2 мин оқу
Ноғайдың биі кеңесті,
Кеңескенде не десті:
—Ұшырдым көлден Лазымды,
Береміз,—дейді,—Лазымды.
Асырап жатқан тобырды
Ол да туған пері еді-ау,
Ғалиден соңғы ер еді.
Қалмаққа қиған Лазымды
Қамбарға қисақ болмай ма?!
Ат-айғырдан мың жылқы
Іріктеп алып өңкей би,
Алып жүрді тартуға.
Қалмақтан ноғай қорықты,
Күн-түн қатып жүргенде
Мінген аты зорықты.
Ит жүгіртіп, құс салып
Жүргенде батыр Қамбар жолықты.
—Ассалаумағалейкүм,
Артықша туған билерім,
Қайғылы болып тұра ма
Қатын-бала, елдерің?
Толықты ма милары?
Қалмақтан қысым көргендей
Қабақтарың қатыңқы,
Жолыңыз болсын, билерім!
Сонда билер сөйлейді:
—Жақсы айтасың, Қамбаржан,
Үміт үзген бола ма
Төрт түлік жиған малдардан.
Қайғы-қасірет көп болды
Кемпір менен шалдардан.
Сізді іздеп келіппіз,
Қалмақтан қысым көріппіз.
Сонда Қамбар сөйлейді:
—Ой ойласам, билерім,
Бәрің бірдей бектерім,
Әзімбайдай байыңа
Көп тобырым қаңғырып,
Барып тамақ жеп пе еді?
Алыста жатып есіттім,
Өзімді кедей деген соң
Сүйегімнен өтті енді.
Бір тілегім Құдадан—
Қалмақ алса олжаға,
Мінгізіп салса арбаға,
Артықша туған Лазымды
Алсам деп сонда тегін.
—Жақсы айтасың, Қамбаржан,
Алуға жатыр Лазымды
Мақтым хандай ханыңыз,
Ішке толды зарымыз.
Тартып алып ол кетсе,
О да сіздің арыңыз.
Тәуекел қылып барыңыз,
Алла оңғарса, қыз Лазым
Болмай қалмас жарыңыз.
Қамбар сонда сөйлейді:
—Асырап жатқан тобырым,
Желігіп жауға мен кетсем,
Айналмай келіп тозар ол
Мынау жаулық заманда,
Бәріңіз бірдей, ағалар.
Қайтарыпты билерді,
Жеті күн беріп уағда.
Әнсіз әңгімесі
Билер қайттылар. Билердің қайтқанын Мақтым хан көрді. Мақтым хан көрген соң айта салды:—Мен әуелі хан едім, екінші күйеу болдым,—деді.—Маған неге ойын-сауық қылмайсыңдар? Сонда билер айтады:—Рас, тақсыр, сіздің алдыңызға лайық адамымыз жоқ,—деп жауап беріп, билер айтады:—Мына жақта кедей Қамбар деген адам бар, шақырсақ келмейді, сіз соны шақыртып алсаңыз екен,—дейді. Мақтым хан айқай салды. Пұшық Келмембетті шақырып алды.—Қамбарға сен бар,— дейді,—қоржынның екі басына ділләні бөктер,—дейді.— Қамбар тобырына тамақ қылсын, келіп шайымды құйсын,— деп, Қамбарға Келмембетті жіберді.
Даланы артып молықты,
Күн-түн қатып жүргенде,
Мінген аты зорықты.
Ит жүгіртіп, құс салып
Жүргенде батыр Қамбар жолықты.
—Ассалаумағалейкүм, қай ісіңе
Қаһар қылса Алламыз,
Құдай қаласа, қайратым
Алмаспын жаудан бір мінат.
Көргенім сені жоқ еді,
Естігенім бар еді,
Жолыңыз болсын, Келмембет!
Сонда Келмембет сөйлейді:
—Біздің падиша ақылды,
Қамбар, сізді шақырды,
Қылсын деді тойымды,
Құйсын деді шайымды.
Менмендігін қылмасын,
Үлестіріп ділла берейін
Өңкей тобыр жандарға.
Барамын деп хандарға
Тоғыз күн берді уағда.
Ділланы алып сол жерде,
Тобырдың көңлі бітеді.
Қара қасқа тұлпарды
Қамбар ерің күтеді.
Төрт шамшырақ жақтырды,
Аяғын арқан қияр деп,
Жібектен арқан тақтырды.
Ащы тері шықсын деп,
Таң асырып шаптырды.
Жолдасына сенбей,
Шешесіне бақтырды.
Қалмақтарға барарға
Батыр Қамбар ентікті.
«Қанжығам қонды болсын»,—деп,
Байлады батыр дабылды.
Қара қасқа тұлпарға
Арпа-бидай асатты.
Қалмақтарға баруға
Батыр Қамбар ынтықты.