Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқсан үйлі тобыр (7-бөлім)

Қамбар · Қазан басылымы, 1903 · 2 мин оқу

Алты көш жерден деміккен,
Күндік жерден кезіккен,
Мойнына ілді бір қара
Аузы түзу мылтықты.
«Ата алмасам, маған серт,
Атуыма шыдамай,
Дүміңнен сынсаң, саған серт».
Соғуына келгенде
Сом балтаны тауысқан,
Суаруға келгенде
Көлдің суын тауысқан,
Беліне алды бір қару,
Балдағы алтын қылышты.
Қалмаққа қылар хайланы,
Көрер ерлік пайданы.
Құдай десең қайранды,
Шаншып алған сықылды
Болаттан соққан найзаны.
Қыздар тағар қос қалта,
Ішке жағар ақ малта,
Аш беліне қыстырды
Болаттан соққан айбалта.
Тойғызды кедей тамақты,
Ойлады батыр талапты.
Шіреніп тартса, сынбаған,
Шыққан оғы қайрылмаған.
Шаншып алған сықылды
Болаттан соққан найзаны.

(—Ақша бетке қар жауса)
Қара жерге қар жауса,
Ақша бетті сабалар.
Жақсы аттан жығылса,
Жаман адам табалар.
Қазанатлыққа барамыз,
Тілектес болып тұрыңдар,
Қалмаққа ойран саламыз,
Бізді де тапқан аналар.

Анасы сонда сөйлейді:
—Барсаң, Қамбар, көресің
Көкарал шаһар қаланы.
Өлтірерсің қалмақты
Есебі жоқ немесін.
Майданға кіріп кеткенде,
Есіңе алмай кетерсің
Өзіңді тапқан анаңды.
Жаппар Хақ-ай, Жаппар Хақ,
Падиша құрар алтын тақ,
Құдай да тақ, сен де тақ,
Сақтаушы болғын, жалғыз Хақ.
Атқушы менің мергенім,
Шілеңгірім, зергерім,
Көзімді ашып көргенім.
Көп тобырда, қанеки,
Жолдас болып ергенің?

—Екіталай жер болса,
Ердің ісі жөн болар,
Қаса батыр майданда
Диірмендей дөңгелер.
Иіліп сәлем қылысқан,
Ибаменен тұрысқан.
Тәңірім мені сақтасын
Осы барған орыстан.
Тілектес болып тұрыңдар,
Ақ жаулықты жеңгелер!
Күндіз жүрсем құрдасым,
Түнде жүрсем мұңдасым,
Бір төсекте сырласым,
Халқым үшін барамын
Қалмақтарға бір басым.
Қынабынан лықсыған
Тасты кесер алмасым.

Қара қасқа тұлпарға
Бестен жүген жүгендеп,
Шұғаменен терліктеп,
Жібектен айыл шалады.
Күн тимеген бауырдан,
Жел тимеген сауырдан,
Орай бұттан алады.
Ақ білектің зарпынан
Тау жаңғырып қалады.
Сай суындай сарылдап,
Манат тоны дарылдап,
Шапқан сайын батырың
Алты қырменен артылып,
Жер бауыры тартылып,
Үстіндегі ер Қамбар
Әруақ қысып барады.
Көбігі шығып сауырдан
Тер тамшылап барады.

Қара қасқа тұлпардың
Естіген соң дүбірін,
Лазым тосып тұр екен,
Ер Қамбардың алдынан
Тоты құстай таранып.
Қамбарға айтып бір сөзді
Лазым сұлу жаранып.
—Қалмақтар келіп орнады
Көкарал шаһар қалаға.
Үкім қылып көп тұрар
Сіздей ғаріп балаға.
Көп кешігіп келмегеш,
Ішім толды заяға.
Қалмақтар келіп топ атты,
Батыр Қамбар келе ме деп,
Көп ноғайды тоқтатты.
Қалай келмес деп едім
Тарыққандай кезімде,
Ақылым қалай, ер Қамбар,
Қалмақтың ханы Мақтым хан
Үш сексен күн тоқтаттым.

Сонда Қамбар сөйлейді:
—Қара қасқа тұлпарым
Қызғаннан соң тұрмайды,
Оқ жыландай зырлайды.
Лазымға қарап сөйлейді:
—Қара қасқа тұлпарым
Қазған ордан секірді.
Келмеді деп көп ноғай
Бекер маған өкінді.
Мен бір ғаріп баламын,
Бір сапарға барамын.
Жол үстінде айалмен
Сөйлесем болар кесір деп,
Жетіп келді ләшкерге.
Ақ таяқ екен падишаның,
Келмембетке кез келді.

Қамбар

Барлығы: 28 жыр

Тағы оқыңыз