Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қамбар батыр (1-бөлім)

Қамбар · Ә.Шоқатаев нұсқасы · 3 мин оқу

/Ер Қамбардан біразырақ басталды/

Бұхардан бақшасымен бөз келеді,
Атқан оқ ажалдыға кез келеді.
Әлеумет, салып құлақ тыңдасаңыз,
Басталып ер Қамбардан сөз келеді.

Сөйле десең біздерге,
Не сөйлейін сіздерге,
Көп те сөзім жоқ еді,
Айтпай да бойым тежерге.
Қара бір таудың үргіні,
Сайрайды екен бұлбұлы,
Сөйлегенде сөзімнің,
Қызыл жібек қырмызы,
Олар да қалар бір күні.
Ақ төстерін аңқитып,
Аққу да қайтар күз күні.
Қызыл турам дәм болса,
Аямайды қарындас
Қырық күн шілде жаз күні.
Кімнің малы бар болса
Қызығын көрген аз күні.
Тыңдасаңыз, сөзімнің
Келеді енді мазмұны.

Бұрынғы өткен заманда,
Барлық халық аманда,
Он екі баулы өзбекте,
Он сан ноғай елінде
Ер Қамбар деген бар екен,
Әзімбай деген бай екен,
Солардан қалған сөз міні.

Құлақ салсаң, әлеумет,
Сол уақытта ноғайда,
Он екі баулы өзбекте
Алпыс үйлі арғын бар,
Жетпіс үйлі жебір бар,
Тоқсан үйлі тобыр бар.
Мал дегенде Қамбарда
Қара тұлпар аты бар,
Он сегізде жасы бар.
Көп тобырдың қамы үшін
Ұйқы менен күлкі жоқ,
Киік, құлан аң атып,
Ер Қамбар бәрін асырар.

Тағы тыңда, әлеумет,
Сол уақытта ноғайда,
Он екі баулы өзбекте
Әзімбай деген бай болған,
Төрт түлігі сай болған,
Ішкендерін сұрасаң,
Бал мен секер, шай болған.
Байлығы шалқар көл еді,
Көп ноғайдың биі еді,
Алты ұлы бар еді
Бәрі бірдей бөрі еді,
Ең кенжесін сұрасаң,
Алшораз деген ер еді.

Алты ұлының ішінде
Нұр қызындай пішінді
Назым атты жалғыз қыз,
Алтауымен тең еді.
Алтын күйме ішінде
Тоты құстай түледі.
Шықпаған өзі сайынға,
Салмаған көзін айынға.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Күймеден басқа нәрсеге
Жорға екен деп мінбеген,
Сол секілді сұлудың айтамын жайында.
Сол секілді қыз Назым
Емін-еркін ер жетті,
Күйеуге бермей күн өтті,
Ақ орданың ішінде
Ақ сұңқар құстай түлетті.

Ат шаптырды Әзімбай
Он екі баулы өзбекке,
Жұрт шақыртқан мәнісі—
Әлпештеген Назымды
Сүйгеніне бермекке.
Бай тойына бармаққа,
Жетсе Назымды алмаққа,
Аз да кетіп барады,
Көп те кетіп барады.
Алтын тақтың үстінде
Бек те кетіп барады.
Сақал-мұрты қуарған,
Үйткен күшік секілді
Шал да кетіп барады.
Самайынан кір аққан
Таз да кетіп барады.
Алаңғасар нәуетек
Текке кетіп барады.
Алты қойға ат алып,
Он бес қойға мата алып,
Сылдыр моншақ, сықақ қой
Жарлы да кетіп барады.
Бай тойына барғалы,
Сүйсе Назым алғалы,
Шара бар ма кедейге,
Борышқа қалың қалғаны.
Түске жақын болған соң,
Ұйқысы әбден қанған соң,
Маужырап дария толған соң,
Ордадан шығып қыз Назым,
Аққудай мойнын толғады,
Барайын деп ойлады.
Алтыннан қамыт доғасы,
Сом алтыннан жағасы,
Седелке, шлия күмістен,
Божы, арқан жібектен
Қызметкері тез жеккен.
Жегіп алып қара ат,
Киіп алды қос манат.
Алтын арба сырылдап,
Қос арғымақ арындап,
Базары бар қалаға,
Назым келді қырындап.

Белде, белде бел асар,
Ерлерге садақ жарасар.
Базарда тазша, көп елдер,
Жаяу жүрген адамдар
Алтын арба Назымның
Соңынан еріп басады,
Алтын менен күмісті
Әзімбайдай әкесі
Көшесінде шашады.

Бесінге дейін аралап,
Бәрін көзбен саралап,
Тал бойына бір қайран,
Таба алмады бағалап.
Бесін кезі болғанда
Қайтайын деп қыз Назым
Ақылға енді тұрғанда,
Әзімбайдай әкесі
Жетіп келді қасына.
Сонда Әзімбай сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Жиып алдым өзбекті
Ақарал шаһар қалаға,
Шақыртып ем барлығын
Назым сынды балаға.
Шақырттым өңкей сап қасқа,
Келсін деп те айтпадым
Бурыл сақал қақбасқа,
Халқым жаман болды ма,
Біреуі саған жақбасқа,
Ақылсыз бала тудың ба,
Біреуді таңдап таппасқа,
Өтіп кетсең күніңнен,
Өзің де, балам, саппаспа.

Қамбар

Барлығы: 28 жыр

Тағы оқыңыз