Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қамбар батыр (3-бөлім)

Қамбар · М.Жапақов нұсқасы · 2 мин оқу

Жиын тарқап кеткен соң,
Қамбардың айтқан бұл сөзі
Назым қызға келеді.
Келмейтұғын хабарын
Нағыздап енді біледі.
Жеңгесін ертіп артына,
Кәмшатын киіп басына,
Бір көрейін деді де,
Аңға кеткен Қамбардың
Жолын тосып тұрады.

Көңілінде Назымның
Қайғы-қасірет тағы бар.
Қайтатұғын Қамбардың
Кешкі мезгіл шағы бар.
Жан-жағына қараса,
Қамбар қайтып келеді.
Бұ жағында бес құлан,
Бұ жағында бес құлан,
Қара қасқа тұлпарға
Артып алған аңы бар.
Оң жағында бес теке,
Сол жағында бес теке,
Ат көтергісіз Қамбарға
Құдайдың берген бағы бар.
Қызыл алтай бір түлкі,
Тымақтық ердің тағы бар.
Сипай тастап қамшылап,
Сауырынан тері тамшылап,
Он құланмен шоқытып,
Келе жатыр жануар.

Қыз Назым сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Қамбар сынды ер,—дейді,
Сөз айтайын кел,—дейді.
Малсыз кедей болсаң да,
Менің теңім сен,—дейді.
Саған лайық суретім,
Назар салып көр,—дейді.
Сөз қадірін білмесең,
Ойнап егер күлмесең,
Іште бір кетер шер,—деді.
Әкемнің аты Әзімбай,
Өзімнің атым Назымды-ай.
Таранушы ем үйімде
Арқаның көлде қазындай.
Хан сүйекті Қамбар-ау,
Көтерші менің назымды-ай.
Сенің үшін көтердім
Бес намаздың қазасын.
Көрген жерден таныдым
Сүйегіңнің тазасын.
Өзгеден сені сүйгенім,
Бере ме деп ойлаймын
Қалмақтардың жазасын.

Таң көрмейді ер Қамбар
Қыз Назымның шырайын.
Келмек түгіл қасына,
Көрсетпейді маңайын.
Бір жеңгесі қасында,
Алтын қамшат басында,
Әзімбайдың Назым қыз
Ойлайды жұмыс бар жайын.

Жеңгесіне айтады:
—Ашылмады-ау талайым,
Ақ жүзіме менің оңды ма,
Айнаны келтір, қарайын.
Қарамаса өзіме,
Салмаса назар сөзіме,
Кедейге нешік қылайын.
Ертең жүрер жолына
Жібектен өрмек құрайын.

Осыны айтып Назым қыз
Айнаны қолға алады,
Айнаға көзін салады,
Пормысына таңғалып
Сүйегі балқып қалады.
Жеңгесіне айтады,
Қам қыл дейді өрмекке.
Торлауменен ұстап ап
Қамбарды ұстап көрмекке.
Жібектің асыл жеңгесі
Омырауда алтын теңгесі
Апыл-тапыл иіріп
Таң атқанша бітіріп
Өрмегін құрып береді.
Бөлініп көңілі сұлудың
Өрмекті келіп көреді.
Көзінің жасын жылатып
Көңілімен ұнатып
Тәңірге сиынып тұрады.

Ертең ерте ер Қамбар
Аңға шығып кетеді,
Өрмекке таман жетеді.
Қара қасқа тұлпардың
Башайынан тұтады.
Ашуланып ер Қамбар
Жанбасына бір тартып,
Быт-шыт қылып өтеді.
Артық туған қыз Назым
Жүгіре басып сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Қара қасқа атты Қамбар-ау,
Қара атыңның мойнына
Өкпедей бауыр, жал бар-ау.
Біздің үйге түсе кет,
Тамағыңа жейтұғын
Алуан секер, бал бар-ау.
Қарамасаң өзіме,
Салмасаң назар сөзіме,
Кедейлігің кетпеген
Ыстансыз өткен мұндар-ау.

Шыдай алмай сөзіне
Қамбар сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Не дейсің маған, Назымжан,
Бар да мінер бір атқа,
Жоқ та мінер бір атқа.
Сабырдың түбі сабырсыз
Асыққан қалар ұятқа.
Кедей деп мені сөксең де,
Қой бағу қолдан келмейді,
Ат үстінен ұрысып
Жемесек тауып нанымды.
Аш бөрідей жалақтап,
Екі аяғым салақтап
Қинады жоқтық жанымды.
Ұядан жалғыз баламын,
Әке-шешем кәрі еді,
Құс етін беріп бағамын.
Алпыс үйлі арғын бар,
Бұған назар саламын.
Тоқсан үйлі тобыр бар,
Қатарыма аламын.
Келмейтінім жиынға
Артық туған, Назым жан,
Ойнап-күлсем сенімен,
Айналар ісім қиынға.

Қамбар

Барлығы: 28 жыр

Тағы оқыңыз