Орақ—Мамай (1-бөлім)
Орақ-Мамай · Орынбасар Оңғарбайұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Орақ өлген соң, Мамай жалғыз қалған екен. Мамай сол кезде он жаста екен. Темірхан деген қалмақ қасында жауы бар екен. Орақтың өлгенін есітіп, Мамайға Ханбике деген басшысын шақырып алып, Мамайға жұмсап тұрған жері екен дейді:
—Ау, Ханбике, Ханбике,
Ақылдасым, мұңдасым,
Аттансам жауға жолдасым.
Бес атаңды өлтірген,
Жанына қаза келтірген,
Құдайы айдап келген-ді.
Алжыған қақбас хан Мамайды,
Қашса бір қуып жеткендей,
Қуса бір қашып кеткендей.
Бір жүйрікке мін деді-ай,
Қырық жігіт ал деді-ай.
Үш жылға түскен отаудан
Үш жыл есеп берсін деп,
Штатыма көнсін деп.
Үш жылға түскен отауды
Үш жыл кесіп бермесе,
Штатыма көнбесе,
Жер ортасы Қиғаш тау
Ұрысқа-ай Мамай келсін деп.
Ей, бармайтын заман жоқ,
Хан айтқан соң амал жоқ
Ханбикедей батырың
Бір бедеуге мінеді.
Қырық жігіт алады-ай,
Белең-белең желеді.
Ей, түн ұйқысын бөледі-ай,
Жер ортасы Қиғаш тау
Бұған таман келеді.
Еңіреген хан Мамай
Бұл қалмақтың шыққанын,
Үйде бір жатып біледі-ай.
Әй, ертеңде тұрып алады-ай,
Бозмойнаққа мінеді.
Ер қаруы бес қару
Мойнына іледі.
Алтыннан берен ақ алмас
Ер басына іледі.
Қарүлектей анасы-ай,
Бұған да жетіп келеді-ай.
Ей, айналайын, анамыз,
Емшек берген мамамыз,
Қалмақтан келіп тұр,
Ат ізін бізге салып тұр.
Қандай бір заман күн болар-ау,
Ақыл айтшы, жан анам-ау.
Қарүлек сонда толғайды-ау,
Ей, толғаудың басын қозғайды.
—Кешегі Орақ барында,
Ноғайлы елі зар болды-ау.
Орақ өліп кеткен соң,
Ноғайлы елі Қызылбасқа қор болды-ау.
Ау, белеңде; ау, белең желерсің,
Түн ұйқыңды бөлерсің.
Ай, ажалың жетсе-ау, қарағым,
Үйде бір болса-ай өлерсің.
Белең-белең жел,—деді,
Түн ұйқыңды бөл,—деді.
Олай да бұлай сен болсаң,
Артыңнан хабар алармын.
Қарасай мен Қазиды
Артыңнан, ой, баулап салармын.
Әй, еңіреген, ау, хан Мамай,
Белең-белең желеді-ай.
Жер ортасы Қиғаш тау
Бұған таман келеді.
Әй, қырық кесір қалмаққа,
Қарсы-ау жетіп келеді.
Бұл Мамайды көрген соң,
Алдынан келіп-ай Ханбике,
Бұған да сөйлей береді-ай.
Әй, Ассалаумағалейкум,
Алжыған қақбас хан Мамай,
Темірхан бізді жіберді-ай.
Үш жылға түскен отаудан
Үш жыл есеп бересің,
Штатына көнесің.
Үш жылға түскен отаудан
Үш жыл есеп бермесең,
Штатына көнбесең,
Қорлықты-ай Мамай көрерсің.
Ей, ашуға мінді-ай хан Мамай,
Қырық кесір қалмақпен
Сол жерде салды-ай ұрысты-ай.
Қырық жігіт қалмақтың
Қырқын бірдей өлтіріп,
Ханбикедей басшысын
Тірідей ұстап алады-ай.
Құлағын кесіп құнтитып,
Мұрынын кесті шұнтитып,
Сәлем айтып жіберді-ай,
Қиғаш таудың басына
Жеті бір күнде келсін,—деп.
Темірхан сонда ашуланды-ау,
Сегіз мың әскер жинап қасына алды.
Айдаһардай ысқырып,
Аламанын өргізіп.
Аламанын сумен жүргізіп,
Бұтбрашқа сиынып.
Лалауған, ой, көп қалмақ
Кем бір жатқан су секілді-ай.
Ал бұл Ханбике кеткен соң, ер Мамайдың ұйқысы келді. Бұл жатса жеті күнге дейін тұрмайтынын бұл қалмақ біліп, тезірек жетейін деп, Қиғаш таудың басына келіп, алыстан бір қараны көріп, Темірхан Ханбикені жұмсап тұрған жері екен,—дейді.