Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ—Мамай (8-бөлім)

Орақ-Мамай · Орынбасар Оңғарбайұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Күші-ау жетпеді.
Тістеп еді-ау, тісі өтпеді.
Сонда Қарүлек сөйлейді-ау,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Ей, айналайын, Қарасай,
Сен Орақтың баласы-ай.
Айналайын, Ер Көкше,
Сен Қосайдың баласы-ай.
«Өсер бір елдің жігіті,
Бірін-бірі батыр дер,
Өшер бір елдің жігіті
Бірін-бірі қатын дер».
Бір шыбынның үстінде
Жағаласты салмаңыз.
Сол жағына қарасаң,
Сырты бір бүтін, іші боқ,
Кімді отқа салмайды.
Мынау жалған дүние боқ,
Ер Қосайға барыңыз,
Жүгініп көріңіз.
Атын да берсе, қарағым,
Өз қолынан мініңіз.
Екі бала шылаулап,
Қызыл атты жетектеп,
Ер Қосайға келеді.
Тоқсанға келген Ер Қосай,
Жатыр екен бүгіліп.
Қасына келіп Қарасай
Сонда сөйлей береді-ау:
—Айналайын, хан ата,
Көтергін бермен басыңды-ай,
Әй, неге бір тудым ол жаста,
Бір күндері болғанда,
Қара бір жермен тең болдым.
Бір жаманның дертімен,
Қатарымнан кем болдым.
Қызыл атты бер,—деді,
Тілегімді ал,—деді.
Сонда бір Қосай сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді-ай:
—Мына бір тұрған қызыл ат,
Жал құйрығы ұзын ат.
Бұған да бір мінсең, қарағым,
Қазынаға қолың маларсың,
Қатарыңнан озарсың.
Жау ішінде жайнатып,
Ей, қозы жауырын оқ алып,
Арманда болмай өлерсің.
Қызыл аттың, шырағым,
Алдыңғы мұның бәсіне
Мамайдан қалған-ау, қыз-ау Қымбат.
Беті бір сұлу-ай қойным-ақ.
Кішілікке берерсің,
Енді бір соңғы бәсіне.
Аманда барып сау келсең,
Қырық та жорға мінгізіп,
Қырық торқа мінгізіп,
Және көңілін таусақ келерсің.
Қырық күң мен қырық құл,
Мал бағатын адам көп керек,
Әкеліп мұны-ау берерсің,
Осыны берсең-ау, қарағым,
Қызыл атты мінерсің.

Қарасай бала ойланды.—Не де болса қатардан қалмайын,— деді. Ол Мамайдың қызын ұстап берем бе, бермеймін бе, оны Құдай біледі. Оның орнына отыз күң мен отыз құл әкеліп берсем, ол Қосайдың арманы не?—деді ішінен. Қызыл атты әкеліп, баптап, байлап қойды. Бір жылпылдақ әйел бар еді. Жүгіріп барып Қымбатқа айтты:—Сені мына Қарасай алдыңнан өтпей, бір жабыға сатып берейін деп тұр,—деді. Ал, енді сол уақта бұл ашуланып, Қарасайға келіп айтып тұрған сөзі екен.

—Әй, Қарасай, Қарасай,
Әй, Орақтан туған сен,—деді,
Мамайдан туған мен,—деді-ай.
Алдымнан неге өтпедің,
Мендей бір кәріп жетімді
Әй, білмей қалар,—деп пе едің.
Бір жабыға-ау сатқаның,
Бұл дүниеде-ау, маған батқаны.
Өлтірсең де-ау, мен жабыңа берілмеспін,
Айтқаның-ау көнбеспін.
Осыны айтып қыз Қымбат,
Қызыл атты-ау шешіп алады,
Әкеліп үйге байлайды.
Қарасайдай жас бала
Ашуланып, долданып,
Қаруларын қолға алып,
Жапалақ ұштас жапанға-ау
Жаяуда-ай жортып жөнелді.
Әй, мұны бір көрді-ау Қарүлек,
Қымбатқа жетіп келеді-ай.
Айналайын, қарағым,
Қарасай, Қази сау болса,
Тоқсанға келген Қосайға
Ұстап та берер,—деп пе едің.
Бір өзіңнің орныңа
Отыз күң мен отыз құл,
Қосайға берер шырағым.
Әй, көңілін тауып кетеді,
Сен, қарағым, бекерге қайғырма,
Апарып атын бер,—деді-ай.
Ал сонда қыз сөйлейді,
Ал сонда қыз Қымбат
Шыдай алмай қызыл атқа мінеді-ай.
Әй, бір төбенің басында
Жатыр екен Қарасай.
Етбетінен бүгіліп,
Көзінің жасы-ау егіліп,
Жалғыздықтан түңіліп,
Әй, бір бармағын кеміріп-ай.
Әй, қасына келді-ау қыз Қымбат,
Бұл да бір тұрып сөйледі-ау:
—Айналайын, жан аға,
Әй, құлағыңды сал, аға.
Атыңа енді мін,—деді,
Жаңылысты болды, кешір сөзімді.
Қарасай сонда сөйлейді:
—Өлсем де саған бермеспін,
Айтқаныңа сенбеспін.
Әй, Қарасай батырың
Айтқанына көнбеді,
Қызыл атқа мінбеді.
Сонда Қымбат аттан түседі,
Құшақтап жылап алады.
Әй, мінгізіп енді-ау атына,
Амандасып-ау сол жерде-ау
Думандасып, жыласып,
Әй, Қымбат-ау жаяу қайтады.
Әй, үйге бір келіп қыз Қымбат,
Асыл да киім киінді,
Әй пірлеріне сиынды.
Жатыр екен Ер Қосай,
Қасына келіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Ей, көтер бір, көке басыңды,
Қосай батыр сен,—деді,
Мамайдай батырдың қызы мен,—деді.
Он беске келген жасым бар,
Тоқсанға келген жасыңда
Аламын деп балаңды,
Басыңа қайғы салғаның,
Алжыдың ба сен,—дейді.
Әй, Қосай тұрып сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді-ау:
—Әй, Қымбат-ау, келдің қасыма,
Әй, бір күндер болғанда,
Қажырым қайтып бойымнан,
Әй, Қараүлекпенен басқанда,
Айтып тұрсың бұл сөзді.
Кешегі кеткен күнімде
Арқырап дәурен сүргенмін.
Ноғайлының үш жұртын
Әділдікпен мен сұрап,
Ноғай түгіл, қалмақтың
Талай бір сұлу қыздарын сүйгенмін.
Сонда бір Қымбат сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Олай да бір деме, жан ата,
Әуелден-ай болып, сорлы ата.
Жауын жауып-ау жерді селдетер,
Ақсұңқар құстар-ау шырмалар.
Маясы келіп торласа.
Ақ бөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа.
Дегені болмас бенденің
Маңдайы сорлы торласа.
Әй, панасында туған ерлердің
Атағы шығып жүргенде,
Бәрінен де сол жаман-ай,
Уәдеде тұрмаса.
Ақыретте сауап жоқ,
Айтатұғын жауап жоқ-ай.
Есер менен жесірді-ау
Кемсеңдеп оны-ай қорласа-ай
Әй, бұл сөзді айтқан соң Қосай азырақ.

Жетімдікті есіне түсіріп, Ал енді сен тидің де, мен алдым, Өз бақытың өзіңе, Енді сені алмаймын,—деп, Мамайдың қызын жіберген екен,—дейді.

Орақ-Мамай

Барлығы: 23 жыр

Тағы оқыңыз