Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ—Мамай (5-бөлім)

Орақ-Мамай · Орынбасар Оңғарбайұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Енді ұрысуға шама болмады. Темірханды өлтіріп, екі тұлпарды алғасын, «баяғы Ханбике Мамайды шауып өлтіріп тастады ма»,—деп елге қайтып жөнелді. Елге келсе, Ханбике Мамайды алып келген екен. Елутөрті жиналып жатқан екен. Қарасайды көргесін, Бозмойнақты алып барғасын, туғалы күлмеген Мамай «қайраты асқан екен, бұл бала атаның жолын қуған екен»,—деп сол уақта езуін тартып күлген екен дейді.

Әй, Қарасайды көргесін-ай,
Ноғайлы елі жиналып,
Ат шаптырып той қылды-ай,
Қарүлектей анасы-ай.
Қырымнан шыққан қырық батыр
Бәрінде алды-ау шақырып-ай.
Сонда Қарүлек сөйлейді-ай,
Сөйлегенде не дейді-ай:
—Әй, батырлар, батырлар,
Сөзіме құлақ салыңдар.
Кешегі Орақ барында-ай,
Ноғайлының елдері-ай
Қызылбасқа зар болды-ай.
Ой, кешеге Орақ өлгенсін-ай,
Ноғайлының елдері-ай
Қызылбасқа қор болды-ай.
Тоқсанға келген мынау Мамайды
Зынданға байлап салғанда-ай,
Ат құйрығын салмадың,
Мұнан да хабар алмадың-ай,
Тоныңда-ай шіркін оңбағыр-ай.

Ноғайлының елдері батырдың жолдарын қуады екен.— Қарасай мен Қази екеуін ардақтап баралық. Қанаттыға қаққызбалық, тұмсықтыға шоқтырмалық. Жолын қусын Орақ пен Мамайдың. Мынау Шынтемірдің баласы Әділ деген бұ да жалғыз еді. Он екі баулы ноғайға Мамайдың орнына хан қоялық,— деді. Мамайға да айтты:—Бұл сөзіміз мақұл болса, сен орныңды берсең, мұны хан қоямыз,—деді. Мамай айтты:— Мен енді қалған жасымда хан болып неғылайын, халықтың қалауы болсын,—деді. Он алты жасар Әділді хан қойған екен,— дейді.

Енді бұл сөз бұл жерде тұра берсін. Енді мынау Орақ батырдың өлмей тұрғандағы шайқасы Қазан патшаменен:

Әне, Орақ батыр
Арыстандай айбатты болды,
Рүстемдей қайратты болды.
Қазанның патшасы хабар жіберді
Сегіз мың әскер жіберді:
«Сегіз мың әскер қолым бар,
Қырық мергенім бар,
Қырық палуан бар,
Ноғайлы елім, қапы қалмаңыз.
Егер де көнеміз десеңдер, елші жібер.
Көнбеймін десеңдер,
Қиғаш таудың басына,
Тасбұлақтың қасына,
Туыңды тігіп қарсы тұрыңдар,
Әскеріңді жиыңдар»,— деді.

Сол уақыттарда ноғайлы жұрты кеңесіп:—Қане, әскер жиып барамыз ба, Қырымнан қырық батырды тартып аламыз ба?—деді. Сонда Орақ тұрып айтты:—Қырымнан қырық батырды шақырып, әскер жиып елді бүлдірудің не қажеті бар, көп болғанда он мың әскер келер, сегіз мың әскер деген не зат, не де болса мен айтқан күніне, уәдеге тас бұлақтың қасына барайын. Қайратымды бір сынайын. Бізден бұрын Әзіреті Әлишер өткен екен. Бүтін ел жүзіндегі қызылбасты көндіріп, мұсылман еткен екен, менің де қайратым содан кем емес,—деді. Сол уақта шошып кетті. «Әй, асылық сөйлеме құлыным»,—деді. Қарүлек: «Әзіреті Әли Алланың шері еді, сен пенденің баласысың ғой, кәлиманы қайтадан айт, райдан қайт»,—деді.

Ей, Орақ сонда батырың
Қазан құлақ қайратпен,
Үсті толған болатпен,
Белең-белең желеді,
Түн ұйқысын бөледі.
Қиғаш таудың басына
Қарауыл қарап жүреді.
Жеті күндей тұрады,
Бұған қалмақ келмеді-ау.
Жеті күндер өткен соң,
Орақ сынды батырдың
Ер ұйқысы келеді-ау.
Ұйықтапта-ау жатып қалады,
Алтыннан берен ақ алмас
Мұны бірліктен буынды,
Ер қаруы—бес қару
Жамбасына басады.
Алтын туды-ау басына қағады,
Қан белгісін қояды.
Қазанның елі келсін деп,
Маған хабар беріңіз.
Асыл туған ер болсаң,
Егер ұйықтап жатқан жеріңде
Алып кетсем сендерді,
Онда нашар болғаның.
Сегіз күндей толғанда,
Лалаулаған көп қалмақ
Сегіз мың әскер қолменен
Бұларға жетіп келеді.
Ұйықтап жатқан Орақты
Өз көзімен көреді.
Басындағы хатты-ай оқып қараса,
Орақ екенін біледі-ай.
«Оянып кетсе қырар» деп,
Темір торды жабады.
Қырық қашар бір жеккен,
Көк мауыты күймеге
Көтеріп мұны салады-ай,
Жеті бір жерден байлайды.
Шаһарға алып жөнелді,
Жеті күн жүрді жолменен,
Бір күндері болғанда,
Кейінірек қалған секілді.
Ноғайлының қарасы,
Алдында жақын көрінді-ай.
Қазанның шаһар қаласы,
Жан-жағында көп әскер,
Сонда бір Орақ оянып,
Көзін жан-жаққа салады.
Ұйықтап жатқан жерінде
Енді бір Орақ шіренді.
Байлап қойған жеті қабат-ай арқаның
Бес қабаты үзілді.
Енді бір Орақ жұлқынды,
Асау таудай бұлқынды,
Арбадан-ай секіріп түседі.
Алтыннан берен ақ алмас,
Қамап тұрған қалмақтан,
Енді ұрысты салады.
Жапыра көшіп-ай көп қалмақ,
Дәруазаға кіреді-ай.
Барған сайын көбейіп,
Мергендері тұс-тұс жерден атады,
Тұс-тұс жерден найза салады.
Сол уақыттар болғанда-ай,
Жеті күнге толғанда,
Сауыттары қан болды-ай,
Тұла бойы дал болды-ау.
Еңіреген Орақтың
Артынан көмек болмады,
Таңдайы қатып шөлдеді.
Сонда Орақ:—Мен,—деді,
Сонда Орақ сөйлейді:
—Айналайын, Құдайым,
Өзіңнен жәрдем болмаса,
Жәрдемді кімнен сұрайын.
Бүгін көмек бер?—деді-ау.
Сол уақыт болғанда,
Бурыл қаннан бу болды.
Үстінен ұшқан ақ қара бас қу болды,
Жауын жауып селдетті,
Қаланың ішін көлдетті-ай.
Көптен жауын сұлады,
Қиқулап-ау қулар шулады.
Ақыл бір туған ер Орақ,
Бірден көмек болған соң,
Қалаға қайта кіріп ұрысқа,
Алтыннан-ай берен ақ алмас,
Сермегенде жан қалмас,
Қиған жері жым-жылас.
Қаланың аузын қан қылды,
Шарбақтың аузын шаң қылды.
Сегіз күнге толғанда,
Қазанның шаһар қаласын
Жан шығармай далаға,
Бұзау-ау, баспақ танасын,
Бәрін де айдап шығарды-ай.

Орақ-Мамай

Барлығы: 23 жыр

Тағы оқыңыз