Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ билән Мамай батырдың хикаясы (2-бөлім)

Орақ-Мамай · Қазан басылымы, 1903 · 4 мин оқу

Келіп сәлем береді,
Сәлемін Мамай алады.
—Дүбір-дүбір желесің,
Түн ұйқымды бөлесің,
Тастамай қару аласың.
Аузы-басың түк басып,
Қай сібірден келесің?
Менім атым —хан Мамай,
Жөніңді айтып бересің.
Сонда қалмақ сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Менім атым Ханбике,
Мен—Темірханның жолдасы.
Ханымның айтқан сәлемін
Білдіргелі келгенмін.
«Былтырғы түскен отаудан
Осы жыл есеп берсін деп,
Штатыма көнсін деп,
Осы жыл есеп бермесе,
Штатыма көнбесе,
Орақ, Мамай бәрін де,
Бес атамды өлтірген,
Жаныма қаза келтірген,
Бұл күндері болғанда,
Орақты Құдай алыпты.
Қарасай, Қази—қос жетім
Атадан жетім қалыпты.
Алжыған қақбас хан Мамай
Ақылынан таныпты.
Мамайдан қорқып қаша алман,
Қорыққаннан жығылып,
Аяғына бас ұрман.
Былтырғы түскен отаудан
Осы жыл есеп берсін,— деп,
Айтқаныма көнсін,— деп,
Осы жыл есеп бермесе,
Айтқаныма көнбесе,
Жер ортасы Қиғаш тау
Ұрысуға келсін,—деп,
Дүбір-дүбір желгенмін.
Түн ұйқымды бөлгенмін,
Тастамай қару ілгенмін.
Кессең басым, мінеки,
Ұсынып тұрған бастарды
Қылыш шаппас деп еді.
Ханымның айтқан сәлемін
Не қыларын өзің біл,
Тапсырғалы келгенмін.
Сонда Мамай сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Әй, Ханбике, Ханбике,
Тілімді менің ал,—дейді,
Айтқаныма нан,—дейді.
Үстіңе отау тігейін,
Қойым болса сояйын,
Самауырым қояйын,
Мен еліме барайын,
Халқымды жинап алайын.
Бере ме екен есепті,
Бермей ме екен есепті,
Көне ме екен штатқа,
Көнбей ме екен штатқа,
Халқымнан ақыл сұрайын.
Бермеймін десе есепті,
Көнбеймін десе штатқа,
Кәріліктің алды деп,
Жігіттіктің соңы деп,
Жер ортасы Қиғаш тау
Ұрысуға келейін.
Осы жерде жата тұр,
Бір жетіден соң келейін,
Айланып сәлем берейін.

Мамайдың тілін алады,
Айтқанына нанады,
Сол жерде қалмақ жатып қалады.
Бозмойнақ атын тебініп,
Мамайың кетіп барады.
Он таңбалы Ұрымнан,
Қырық таңбалы Қырымнан,
Хан менен қарасын,
Биі менен шорасын—
Бәрін жинап алады,
Сонда Мамай сөйледі
Алдына салып барады,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Қалмақтың ханы Темірхан,
Жолдасы екен Ханбике.
Жүйрік атқа мініпті,
Тастамай қару іліпті.
«Осы жыл есеп берсін,—деп,
Штатыма көнсін,—деп,
Осы жыл есеп бермесе,
Штатыма көнбесе,
Жер ортасы Қиғаш тау
Ұрысуға келсін»,—деп,
Келген екен Ханбике.
Жеткен екен кәрілігім,
Биліксіз бере алмай,
Құрығаныма күнім-ай.
Алдыңа келдім, көп ноғай,
Бересің бе есепті,
Бермейсің бе есепті,
Көнесің бе штатқа,
Көнбейсің бе штатқа,
Он санаулы көп ноғай,
Ақыл тауып бер,—дейді.
Ноғайлы сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Кәрілік, қарашы, жеткенде,
Қолыңнан қайрат кеткенде,
Бүлдірер қалмақ елімді,

Сындырып кетер белімді,
Бізге берер өлімді.
Айтқанына көнелік,
Үш жыл есеп берелік.
Қарасай менен Қазиға
Осы жылдайын қарасақ,
Бір ұл келер сегізге,
Бір ұл келер тоғызға—
Бұрынғыдай болармыз,
Ордаға ноғай қонармыз—
Сөйдеп айтты көп ноғай.
Ардақтаған хан Мамай:
—Құрығаны ма күнім,—деп,
Қолымнан есеп бермен,—деп,
Штатына көнбен,—деп,
Сар жүріп үйден жөнелді.
Мамай кетіп қалады,
Ноғайлы бәрі жиналып,
Өз-өздері сөйлес қылады.
«Алжыған екен хан Мамай,
Жастықта қылған қайратын,
Қартайғанда мылжың болған Хан Мамай.
Мамайдың тілін алмалық,
Айтқанына нанмалық.
Ноғайлы қалмай жиналып,
Бүгін түнде үркелік.
Сексен төртте Мамайды,
Шешесімен екеуі,
Қатыныменен үшеуін,
Қарасайменен төртеуін,
Қазименен бесеуін
Жұртқа тастап кетелік».
Сол түнде ноғай қашады,
Күдерден—күдер асады.
Он санаулы ноғайды,
Қара албасты басады.
Ертең таңдар атқан соң,
Ардақтаған хан Мамай
Сыртқа шығып шолады,
Серуенге көзін салады,
Төңірекке қарайды.
Жайылып жатқан малы жоқ,
Қыбырлаған жаны жоқ,
Үріккені елдің білінді,
Қайтадан үйге кіреді.
Тауға салса тас кескен,
Кеудеге салса бас кескен,
Балдағы алтын ақ берен,
Өле кетсем далада,
Шарбағым деп алады.
Шын жібекпенен қаптаған
Бадана көзді ақ сауыт
Өле кетсем далада,
Кебінім деп киеді.
Құрмаменен жаратқан,
Алмаменен ойнатқан
Бозмойнақ деген тұлпарын,
Өле кетсем далада,
Қарасым деп мінеді.
Қарағай сапты ақ сүңгі
Өле кетсем далада,
Сайғағым деп алады.
Дулығасын киеді,
Қарына іліп алады,
Арданасын байланып,
Астана жұртын айланып,
Манағы қалған қырық қалмаққа
Батыр Мамай жөнелді.
Сайлап салған жеріне
Батыр Мамай келеді,
Бикені көзі көреді,
Сөйлеп бір қоя береді.
Сөйлегенде бүй дейді:
—Әй, Ханбике, Ханбике,
Алуға келдім басыңды,
Беруге келдім өлімді.
Жұлуға келдім шашыңды,
Алла тізгінді оңғарса,
Таптырмаспын жөніңді.
Ардақтаған Мамайдың
Ашуы келді тығылып,
Еңсесі кетті жығылып,
Түсі кетті бұзылып.
Лашын құстай түйіліп,
Қолына алды найзасын,
Қырық кісіменен сол жерде
Салыпты жауға ұрысты.
Қырық жолдасын қырады,
Тегін олжа қылады.
Ханбикедей шабарын
Тірілей ұстап алады,
Алып келіп сабады.
Беті болды жосадай,
Ойбай салып жылады.
Қуалап жүріп сабайды,
Ардақтаған хан Мамай
Құлақ-мұрнын теседі,
Таңқита мұрнын кеседі.
О ғылса да бұ ғылсын,
Қас бейшара сол қылды
Ханыңа барсаң сәлем де,
Білгенінен қалмасын.
Аламын десе Мамайды
Қиғаш деген Алатау
Қатын бала жиналып,
Бір жетіден қалмасын.
Рауан жолға келеді,
Қалмаққа тұлпар берсін бе,
Оған киім берсін бе,
Сорлы болған қалмақты
Жаяу айдап жөнелтті

Орақ-Мамай

Барлығы: 23 жыр

Тағы оқыңыз