Орақ—Мамай (4-бөлім)
Орақ-Мамай · Орынбасар Оңғарбайұлы нұсқасы · 4 мин оқу
—Ей, Қарасайдай жас бала-ай,
Кейде шауып желеді,
Құбылып ойнап келеді-ай.
Қиғаш таудың басында
Бір қараны көреді-ай.
Ел шетінде көлбеңдеп,
Көп шетінде селбеңдеп,
Қарсы қарап тұрғанын
Алыстан болжап келді-ау,
Әй, салып бір жетіп келеді.
Ханбике тұрып, сонда сөйлейді-ау,
Сөйлегенде бүй дейді-ау:
—Мен де, мен де, мен едім,
Әй, мен Ханбике деген ер едім.
Аты жөнің білдірші,
Қайдан шыққан неме едің?
Сонда Қарасай сөйлейді:
—Айдын бір айдын ай торы,
Ай балтасы қан торы,
Мен Орақтың баласы-ай.
Менің атым Қарасай,
Қысқа күнде жауға қырық шапқан-ай,
Көкеме кімнің шарасы-ай.
Белең де белең желемін,
Кешегі кеткен Мамайдан
Хабар ала келемін-ай.
Ханбике сонда сөйлейді:
—Ноғай, қалмақ болдың қас,
Кеудем темір, басым тас.
Екі орта шалдырмас,
Айналайын, бала сен,
Қаулап оттай жанасың.
Меніменен ұрысып,
Құдайыңа барасың-ау.
Сонда бала сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Ау, қалмағым, қалмағым,
Бақтан да оңай алмағым.
Салмақтасып қарасаң,
Баспай ма екен салмағым.
Сақалыңның ағы бар,
Әй, ағалығың тағы бар,
Кезегіңді-ау ал дейді-ау.
Ханбикедей мышығың
Бұл баланы көрген соң,
Кезегін енді ала алмай,
«Әлде қандай болам» деп,
Ханбике тұрып сөйлейді-ау,
Сөйлегенде бүй дейді-ау:
—Әй, Қарасай, Қарасай,
Сен Орақтың баласы-ай.
Әй, шыбындай жаным бар,
Бір қасықтай қанымды-ай
Сенен бір-ай сауға тілеймін.
Әкеңді-ай тауып берейін,
Сауға берсең жанымды,
Еліме аман жетейін.
Қарасай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді-ай:
—Әкемді-ау тауып сен берсең,
Бір шыбындай жаныңды
Ау, саған бір сауға берейін.
Екінші жауға барғанда,
Саған жамандық қылмай,
Тимей кетейін.
Осыны айтып сол жерде,
Ханбикедей мышығың
Алдына жетіп келді.
Алпыс құлаш зынданға
Қиядан көзін салады.
Тірі екенін Мамайдың
Өз көзімен көрген соң,
Қарасайдың алдынан-ай
Сүйіншілей береді-ай.
Әй, алпыс құлаш зынданнан
Жеті жасар Қарасай
Сексендегі Мамайды-ай
Сүйреп алып шығарды-ай.
Сонда Мамай сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді-ау:
—Ау, Қарасай, Қарасай,
Сен Орақтың баласы-ай.
Ай, күндердің күні болғанда-ай
Жарамайды екен, шырағым,
Арғымақ аттың баласы-ай.
Артымнан неге келмедің,
Ат құйрығын салмадың?
Жасыққа жауғыр қанбағыр,
Туды шіркін оңбағыр-ай.
Аттанып мінген Бозмойнақ
Темірханнан алмасаң,
Атаңды-ау салған зынданға
Темірханды-ау салмасаң,
Бұл дүниеден өт дейді-ау,
Шын дүниеге жет дейді-ау.
Әй, Ханбикенің тілін кәлимаға келтіріп, көндіріп Мамайға қосып жіберді. Енді Қарасай жалғыз өзі Темірхан қалмақтың еліне салды.
Ей, Қарасайдай жас бала,
Темірханның еліне
Жалғыз тартып жөнелді.
Астындағы ақ тұлпар
Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Құбылып ойнап келеді.
Жеті күнге толғанда,
Темірханның қаласын-ай
Батырдың көзі көреді.
Жау көрмеген жас бала,
Жас өспірім мас бала,
Қақпаға жетіп келеді-ай.
Найзасын қолға алады,
Ұрандап айқай салады:
—Ау, Темірхан бармысың,
Бері таман шық дейді-ау?!
Мен Орақтың баласы,
Қарасай батыр—мен—дейді-ау.
Әй, кешегі салған-ау адамға,
Әй, қолыңнан келсе Темірхан
Лалаулаған көп қалмақ
Әй, дәруазадан шығады.
Шыққанын-ау Қарасай
Алмаспен шауып басын-ай,
Дәруазадан шығармай,
Қасқыр тиген қойдай қырады.
Мұны көзі бір көрген соң,
Қара тұлпар атпенен
Бозмұнақты жетектеп-ай,
Темірхан қашып жөнелді-ай.
Ей, қаланы бұзып алса да,
Үш күнге дейін айналып,
Таба алмай батыр сенделді-ай.
Бір күндері болғанда,
Күн төрт күнге толғанда,
Қаланы енді айналып жүргенде,
Қос тұлпардың ізін көреді.
Әй, Қарасайдай жас бала-ай
Ізге бір түсіп жөнелді-ай.
Бір жерлерге келгенде,
Темірханның қарасын
Қарасай батыр көреді-ай.
Темірхан сонда қарсы тұрып қалады:
—Енді бір қашсам қашты,—деп,
Әй, ноғайлының баласы-ай
Менен де-ау, қорқып асты,—дер,
Қара албасты-ау басты,—дер.
Не де бір болса тұрайын,
Кеуегімді алайын.
Толғана мойын бұрайын,
Қайратымды-ау сынайын.
Осыны айтып Темірхан,
Қарсы қарап тұрады.
Қарасай жетіп келеді-ау,
Ау, сол уақыт болғанда,
Темірхан сөйлей береді-ай:
—Айналайын, баласың,
Қаулап оттай жанасың.
Шаһарымнан өтті ғой,
Қайда кетіп барасың?
Меніменен ұрыссаң,
Құдайыңа барасың.
Өлмей тұрып, қарағым,
Ат-тоныңды, қару-жарақты
Өлмей тұрып берерсің-ай.
Қарасай сонда сөйлейді-ай:
—Мен бір өзім баламын,
Ақылым жоқ-ау шаламын.
Кешегі салған зынданға
Екі аяқ қолыңды байлармын,
Апарып сені-ау салармын.
Сақалыңның ағы бар,
Ағалығың тағы бар,
Арманда болма-ау Темірхан,
Кезегіңді-ау ал деді-ай.
Кезегін алып Темірхан,
Бурылқанып бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды-ай.
Қорамсаққа қол салды,
Көп оғынан мол салды.
Көп оғының ішінен
Сұр жіп-ау деген оқ алды.
Толғана-ай мойнын бұрады,
Алтын да ердің қасы деп.
Толғана мойнын бұрады-ай,
Әй, толғай тартып қалады-ай.
Тоғыз да қабат торқаның
Сегізінен өтеді.
Ұрғаны-ей жаудың қатты екен,
Қабырғасы-ай баланың
Бір жағы-ай түгел сынады-ай.
Қарасай сонда сөйлейді-ай:
—Айналайын, Құдайым,
Өзіңнен жәрдем болмаса-ай,
Жәрдемді-ай кімнен сұрайын?!
Жәрдем берер бұл күнің
Осыны-ау, айтып Қарасай,
Толғана-ай мойнын бұрады-ай.
Толғай тартып қалады-ай,
Алладан-ай пәрмен сұрады-ай.
Көп оғына-ай қол салып,
Көп оғының ішінен
Қозы жауырын оқ алып,
Толғана тартып қалады-ай.
Қалмақты-ау ердің қасы деп,
Кірестен оғы кетеді.
Көкірек қысқан көбеден
Ау, қалмақты-ау түйреп өтеді-ау.
Рас болса және де-ай
Ар жағында бір төбеге жетеді,
Темірхан-ау аттан құлады.
Екі бір тұлпар жетектеп,
Енді мынау Қарасай
Кейініне қайтып жөнелді-ай.