Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ билән Мамай батырдың хикаясы (7-бөлім)

Орақ-Мамай · Қазан басылымы, 1903 · 4 мин оқу

Көрінуге мұң екен,
Қарасай жетіп келеді.
Қарасай жетіп келген соң,
Атаңа нәлет Темірхан
Сөйлеп бір қоя береді:
—Атаң асыл хан Мұса,
Сыйлап едім елімнен,
Қашып едім жерімнен.
Сыйлағанымды білмедің,
Қал десем де қалмадың,
Қал деген тілім алмадың.
Өзің қандай, мен қандай,
Қорқақ қандай, ер қандай,
Өлмеймін деп келдің бе?
Менің атым—Темірхан,
Өлтірмей қоймамен,—дейді.
Қарасай сонда толғайды,
Толғаудың басын қозғайды:
—Сенен қорқып қаша алман,
Қорыққан болып,
Аяғыңа бас ұрман.
Темірхан және сөйлейді:
—Су аяғы төменде,
Атасы емен ағашқа
Балта шапса өтпейді.
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі.
Еңіреп жүрген ер болсаң,
Кезегімді бер,—деді.
Өлемін деп қашасың ба,
Қорыққаннан сасасың ба?
Қасқайып кезек береді,
Атаңа нәлет Темірхан
Алпыс батпан шоқпарды
Қақ маңдайының тұсы,—деп,
Өлер жерің осы,—деп,
Салып келіп қалады.
Ұрғаны жаудың мықты екен,
Тау жаңғырып қалады.
Ұрғаның, бәлем, осы ма,
Қапы да қалсаң, қалмағым,
Тағы да кезек ал-дейді.
Жақыннан келді қасына,
Қаһарланып ұрғанда,
Қара тауды құлатқан.
Талай-талай батырды
Бір ұрғаннан құлатқан.
Тағы да салып қалады,
Соңғы ұрғанда шоқпары
Быт-шыт болып сынады.
Ендігі кезек сенікі, деп,
Қарасай қарап тұрады.
Қарасай кезек алады,
Қорамсаққа қол салады,
Бір салғанда мол салады.
Тебінгіге тіреніп,
Үзенгіге шіреніп,
Қолындағы қол оқты
Қалмақ аттының басы деп,
Қос өкпенің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Қаһарланып бір атты.
Батырдың атқан қол оғы
Қалмақтан өтіп барады.
Атаңа нәлет Темірхан
«Лох!» деп аттан құлады.
Бір атқаннан өлтіріп,
Астындағы Бозмойнақ
Хан Мамайдың аты екен,
Жетегіне алады.
Манағы қалған қалаға
Қарасай қайтып келеді.

Қарасай Темірханды бір атқаннан өлтіріп, астындағы Бозмойнақ деген аты хан Мамайдың аты екен. Қарасай жетегіне алып, манағы қалған Темірханның қаласына жөнелді. Темірханның Айжан деген сұлу қызы бар екен. Әкем қашан келер деп, орта жолда тосып жүрер екен. Қарасай Бозмойнақ атты жетелеп келе жатқанын көрді. Бұ Қарасай әкемді өлтірген екен, мені де өлтірер деп, бір шыбындай жанымды алып қалайын деп, Қарасайдың алдынан жүгірді.

Қойда бағылан қозы екен,
Жылқыда шаңдақ боз екен.
Айжан деген бір сұлу
Темірханның қызы екен.
«Әкем қашан келер» деп,
Орта жолда жүр екен.
Қарасайды көреді,
Қарасай батыр екенін
Айжан сұлу біледі.
Мына залым Қарасай
Апмай қоймас басымды,
Жұлмай қоймас шашымды.
«Батырдан сауға» деген сөз—
Бір шыбындай жанымды,
Бір қасықтай қанымды,
Өлтірмей сауға алайын.
Етек-жеңін түрінді,
Қарасайдың алдына
Жүгіріп салып барады.
Шылбырынан батырдың,
Ала кетті-ау деп еді.
«Батырдан—сауға» деген сөз:
—Заманың қатар Қарасай,
Есендік пе, саулық па,
Асыл ата баласы-ай?
Бір шыбындай жанымды,
Бір қасықтай қанымды,
Өлтірмей сауға бере көр?
Маңдайыңнан күн қағып,
Таңдайың шөл қағып,
Алыстан аңсап келгенде,
Біздің үйге кір деймін,
Шекер мен шәй бал, берейін.
Өлгеніңше, Қарасай,
Тілектес болып жүрейін.
Бір шыбындай жанымды,
Бір қасықтай қанымды,
Құрбандыққа берейін.
Қарасай ерер соңыма,
Қарасай батыр ер еді,
Соңына еріп келеді.
Еңсесі биік ордаға
Еңсесін созып кіреді,
Шәй қайнатып береді.
Көптен бері шаршаған,
Ол күні жатып қалады.
Және жатып күніменен
Және де жатып түніменен.
Шүршіт ханның елінде
Жөке деген сол қыздың
Бір күйеуі бар екен.
Құлағы соны есітіп,
Қалыңдығым қыз Айжан
Тартып алған батырың
Қандай мықты неме екен?!
Қайратын оның көрейін,
Сыбағасын берейін.
Екі мың жарым қолменен
Аттанып оған көрейін.
Ереулі атқа ер салды,
Егеулі найза қолға алды.
Екі мың жарым қолменен
Аттанып шықты елінен,
Сары өзен деген жерінен.
Аттанып қалмақ келеді,
Дүбір-дүбір желеді,
Түн ұйқысын бөледі.
Қарасай жатқан ордаға,
Таң сәріден келеді.
«Қарасай батыр қайда?»—деп,
Дауыс қылды деп еді,
Айқайлаған дауысын
Қарасай батыр есітіп,
Төсекте жатып сөйлейді:
—Күйме жексем жарасар
Жылмиған қара жорғаға.
Жүрегіңе жын біткен,
Неғылып келген адамсың
Әкең жатқан ордаға?
Асықпа, бәлем, сабыр ет,
Сыбағаңды берермін.
Айжан сұлу сөйлейді
Шабар жылқы тақырды,
Дауысынан таныдым.
Жөке батыр сықылды—
Сабыр ет батыр, сабыр ет!
«Сабырдың түбі сары алтын»,
Сабыр еткен жетер мұратқа.
Сабырсыздық қылам деп,
Қалып жүрме ұятқа.
Батыр туған Қарасай
Оның тілін алмайды.
Балакерге мінеді,
Хан Жөкенің алдына
Қарасай жетіп барады.
Жөке сонда сөйлейді:
—Іздеген жауың мен,—дейді,
Іздеген батырым сен,—дейді.
Жүріп келген батырдың
Жол аяғы болмай ма,
Кезегімді бер,—дейді.
Қашатұғын қатын ба,
Қасқайып кезек береді.
Кезегін Жөкең алады,
Салып келіп қалады.
Қалмақтың атқан қол оғы,
Қарасайдың бір қабырғасын
Босатып барады.
Оқ тигенін біледі,
Білдірмеймін мінімді,
Қалмақ алар сырымды.
Тұлпардан түсе қалады,
Атының мойынын құшақтап,
Еңіреп қоя береді.
Ханның қызы—қыз Айжан
Жез құманы қолында
Сырттан қарап тұр екен.
Жығылғанын біледі,
Қарасайдың алдына
Жүгіріп салып келеді,
Еңіреп қоя береді:
—Өлдің десем де болмадың,
Әуелі тілімді алмадың,
Ақ дәретіңді алып кет,
Аққа мойныңды салып кет,
Иманда болып өлерсің.
Қарасай қанша батыр болса да,
Қорыққан, білем, шамасы.

Орақ-Мамай

Барлығы: 23 жыр

Тағы оқыңыз