Орақ билән Мамай батырдың хикаясы (6-бөлім)
Орақ-Мамай · Қазан басылымы, 1903 · 2 мин оқу
Тірі жүрем деп жүрмсең
Дүниенің жүзінде
Таудағы тарлан бөрі едім.
Сендер—құзғын, мен—тұйғын,
Атаңа нәлет қалмақты
Кез келтір,—деп жүр едім.
Әкемнің жауы кез келді,
Өлі де болса атамның
Сүйегін тауып бер деймін.
Тірі де болса атамның
Өзін тауып бер деймін.
Менім атым—Қарасай,
Мен—қанды Орақтың баласы-ай.
Әкемді тауып бермесең,
Өлтірмей қоймаймын,—дейді.
Қорыққан екен Ханбике,
Көзінің жасын төгеді.
Қарасайдың алдына
Жүгіріп салып келеді,
Еңіреп қоя береді.
Өді де болса атаңның
Сүйегін тауып берейін,
Тірі де болса атаңның
Өзін тауып берейін,
Қарасай, ер соңыма.
Қарасай батыр ереді,
Соңына еріп барады.
Мамайды салған құдыққа
Ханбике түсе қалады.
Жауып салған қара тас
Бетін ашып қарайды.
«Бар ма екен,—деп,—хан Мамай?»
Айқайлап дауыс салады.
Әлі Мамай өлген жоқ,
Тірі екенін біледі.
Қарасайдың алдына
Жүгіріп салып келеді,
Сүйінші сұрай береді.
Қарасай сонда сөйлейді:
—Әуел баста атамды
Өз көзіммен көрейін.
Қанша малды алсаң да,
Сүйіншіңді берейін.
Мамайды салған құдыққа
Қарасай жетіп келеді,
Тұлпардан түсе қалады.
Жетпіс құлаш арқанмен
Сексен төртте Мамайды
Жібекпенен суырып алады,
Мамайға сәлем береді.
«Құлыным» деп жылайды.
Манағы пұшық Ханбике:
«Ұмыттың, батыр»,—деп,
Сүйінші сұрай береді.
Қарасай сонда сөйлейді:
—Тоғай толған малым бар,
Желіккен қызыл нартайлақ,
Желі толған нарымның
Шетінен бар да ала бер,
Өзімдегі барымды.
Ханбике сонда сөйлейді:
—Не қылайын малыңды,
Қарасай, сенен тілеймін
Бір шыбындай жанымды.
Қарасай тілегін береді,
Тілегін Бике алған соң,
Қыбылаға намаз оқиды,
Көкірекке иман тоқиды.
Сол арада Ханбике
Мұсылман болды деп еді.
Ханбикенің қасына
Хан Мамайды қойды да:
—Әй, Ханбике, Ханбике,
Тілімді менім ал,—дейді,
Айтқаныма нан,—дейді.
Мына тұрған атамды
Еліме алып бар,—дейді.
Өзімдей қылып бақ,—дейді,
Атамның бабын тап,—дейді.
Мен Темірханға барамын,
Атамның кегін аламын.
«Қой, хош-аман»,—деп,
Қарасай жауға жөнелді.
Біраз жерге келген соң,
Тоқсан шіркеу көп қала
Қарасай батыр көреді.
Қалмақтың ханы Темірхан
Сыртқа шығып жүрсе,
Қырдан құлап келе жатқан
Бір қараны көреді.
Зорлығына қараса,
Бұлтпенен күрескен,
Аспанменен тірескен.
Төбесінде төрт бүркіт
Сол адамның ойнайды.
Қазандай болған қара бұлт
Күн өтер деп торлайды.
Атасының аруағы
Таудай болып орнайды.
Қорыққан екен Темірхан,
Қайтадан үйге кіреді,
Еңіреп қоя берді:
—Қанды Орақтың баласы
Қарасай бәлем деп еді.
Оймай қоймас көзімді,
Өлтірмей қоймас өзімді.
Оқ алыстан қашайын,
Күдерден—күдер асайын.
Бозмойнақ атқа мінеді,
Қаруын алып салады.
Алпыс батпан шоқпарды
Тақымына қыстырды.
Терең сайдың ішімен
Қалмағың қашып барады,
Қашқанын батыр біледі.
Балакерін тебініп,
Темірханның соңынан
Қарасай қуып жөнелді.
Үш күдерден асқанда,
Төртінші күдер басқанда,
Шаңыменен аралас
Қарасай жетті, бәлем, деп.
Атаңа нәлет Темірхан
Ту сыртына қараса,
Жеткен екен Қарасай.
«Енді жүрсем қашты дер,
Әруағым басты дер».
Алмадай мойнын бұрады
Артынан батыр келгенше,
Сабыр етіп тұрады.