Орақ билән Мамай батырдың хикаясы (3-бөлім)
Орақ-Мамай · Қазан басылымы, 1903 · 4 мин оқу
Хикаясы
Банағы Темірханның шабары Ханбике қасындағы қырық кісісін өлтіртіп, өзі-құлақ пенен мұрын кестіріп, астындағы атынан айырылып, үстіндегі киімінен айырылып, өзі Темірханның еліне жаяу жөнелді.
Манағы пұшық Ханбике
Көлден тышқан қоймайды,
Сірә, қалмақ тоймайды.
Өлдім-талдым дегенде,
Өштім-жандым дегенде,
Ел шетіне келеді.
Бір қотыр атқа мінеді,
Бір жаман шапан киеді.
Темірханның алдына
Азып-тозып келеді.
Ханға сәлем береді,
Сәлемін құптап алады:
—Құлақ-мұрын тесіліп,
Таңқита мұрын кесіліп.
Бетің болса жосадай,
Тұла бойың даладай,
Жан жолдасым, Ханбике,
Неғылып келдің шырақ-ай
Сонда Бике сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Барып едім еліне,
Хан Мамайдың жеріне.
Бер деп есеп бермеді,
Айтқаныңа Мамай көнбеді.
Қырық жолдасымды қырды ғой,
Тегін олжа қылды ғой.
Құлақ-мұрнымды тесті ғой,
Таңқита мұрнымды кесті ғой.
Бетім болса жосадай,
Тұла бойым бозадай.
Қорлық берді өзіме,
Сәлем айтты өзіңе.
Ноғайдан көрген қорлыққа
Ішім толған құса дерт,
Өлуге келдім мен,—дейді.
Алдияр, тақсыр ханымыз,
Не қыларын өзің біл,—дейді.
Сонда Темірхан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Бір тілегеніңді берермін,
Қайратын оның көрермін.
Алжыған қақбас Мамайдың
Сыбағасын берермін.
Сары өзендегі сол қалмақ,
Көк өзендегі көп қалмақ,
Қоймай хабар салады.
Алты жасар баласын
Азамат қылып мінгізді.
Алты жасаған құнанын
Арғымақ қылып мінгізді.
Адырнадан ат мініп,
Азығына малта алып,
Қаруына балта алып,
Әскерін Қырымнан жүргізді.
Жеті мың әскер қол алып,
Желбіреген ту алып,
Он екі жерден ту байлап,
Сексен төртте Мамайды
Аламын деп қуанып,
Аттанып қалмақ елінен,
Сары өзен деген жерінен
Аттанып қалмақ келеді.
Дүбір-дүбір желеді,
Түн ұйқысын бөледі.
Қиғаш деген ала тау
Қалмақтың жетіп келеді.
Манағы асыл хан Мамай,
Қарауылын қарайды.
Қиғаш тауының басында
Төңірекке қарайды,
Қияға көзін салады.
Келмеген соң Темірхан
Астындағы тұлпардың
Сыпырып ерін алады.
Тасбұлақтың басында,
Арқан тағып ойнатып,
Құрықпенен қунатып,
Арқандап атын салады.
Ер қаруы—бес қару
Жастығына салады.
Орай, садақ, қырық кез оқ
Жамбасының астына
Батыр Мамай салады.
Тасбұлақтың басында,
Бір адам жоқ қасында.
Жапанда жалғыз хан Мамай
Ұйықтап жатып қалады.
Әнсіз әңгімесі
Темірхан әскеріменен Қиғаш тауының басына шықты. Мамайды көрмеді. Мамай Темірханды көрмеді. «Темірхан келмейді екен»,—деп бұлақ басына барды да, жатып қалды.
Темірхан Ханбике деген шабарын шақырып алды:— Бұлақтың басында бір қара көрінеді, сол Мамай ма екен, Мамай емес пе екен, соған сен барып кел,—деді.
Қалмақтың ханы Темірхан,
Ханбикедей жолдасын
Шақырып алды қасына:
—Әй, Ханбике, Ханбике,
Көрінеді бір қара.
Келе ме екен хан Мамай,
Келмей ме екен хан Мамай,
Қашсаң қашып кететін,
Қусаң қуып жететін,
Бір жүйрікке мін,—дейді.
Тастамай қару ал,—дейді,
Соған барып кел,—дейді.
Хан айтқан соң амал жоқ,
Бармайтұғын заман жоқ.
«Соған да барып келем»,—деп,
Ханбике жүре береді.
Таудың келді басына,
Мамайдың келді қасына.
Арқанда тұрған Бозмойнақ
Қалмақтың көзі көреді.
Ұйықтап жатқан Мамайды
Оны да көзі көреді.
«Құдай тілек берді»,—деп,
Ізінше қайтып келеді.
Темірханға келеді,
Сүйінші сұрай береді.
Атаңа нәлет Мамайды
Алдырар күн бар екен
Дүниенің жүзінде
«Бір тілегін бердім» деп,
Тілегін қабыл көреді.
Ұйықтап жатқан Мамайға
Үстіне қаптап келеді.
Мамай ұйықтап жатқанда,
Темірхан қамаған екен деп еді.
Мамай ұйықтап жатқанда,
Баршы салып қарайды.
Мамай жаяу қалсын деп,
Арқанда тұрған Бозмойнақ
Қалмағың ұрлап алады.
Ер қаруы—бес қару,
Салған екен жастыққа,
Оны да ұрлап алады.
Орай, садақ, қырық кез оқ,
Жанбасының астына
Салған екен ер Мамай.
Алайын деп жатқанда,
Көтеріп басын алады.
Төңірекке қарайды,
Қаптаған жауды көреді
Еңіреп қоя береді.
«Жасаған Жаппар жанымды
Сындырмағай белімді,
Тарылтпағай жерімді,
Едіге атты атам-ай,
Сиынамын саған-ай!
Жасаған Жаппар жанымды
Қолтығымнан бір сүйе.
Екі інімде періште,
Оңғара көр һәр істі.
Тағдыр жетсе өлермін,
Күнім толса көрермін.
Аманатын Алланың
Осы сапарда берермін.
Өлгенімше қалмаққа
Табанымды тірермін.
Өлсем Құдайға шейітпін.
Ұжмақтан есік ашылар»,
Иманды болып өлермін.
Асыл бір туған хан Мамай
«Едігелеп!» ұран шақырып,
Қорамсаққа, қол, Мамай
Бір салғанда мол салды,
Көп оғына жол салды.
Мұнан бірін алады,
Масағына келтіріп,
Қатты сермеп салады.
Қаһарланып бір атты,
Бір оғының басынан
Он бес қалмақ құлатты.
«Иә, Алла!» деп сиынып,
Екі жеңін түрініп,
Жаяу жетті жүгіріп,
Батыр Мамай жетеді.
Тиген жері Мамайдың
Есік қылып жүреді.
Оң келгенін оң атты,
Сол келгенін сол атты.
Тебінгіден тесе атты,
Қарсы алдынан құлатты.
Бір оғының басынан
Он бес қалмақ құлатты.
Мазасын жаудың алады,
Қырып-жойып барады.
Бір жеті жатып атысып,
Екі мың қалмақ алады.
Екі мың қалмақ алған соң,
Оқ таусылып қалады.
Оқ таусылып қалған соң,
Ардақтаған хан Мамай,
Қиғаш тауының басына
Жүгіріп шығып барады.
Қайнап тұрған қара тасты
Жұдырығыменен сындырып,
Таспенен ұрыс салады,
Мазасын жаудың алады.
Және бір жеті атысып,
Екі мың қалмақ алады.
Төрт мың қалмақ алған соң,
Оқ таусылып қалған соң,
Күндердің күні болғанда,
Туғалы жаяу жүрмеген,
Табаны жерге тимеген.
Мұндай күнге келмеген,
Тұлпардан басқа мінбеген,
Сұлудан басқа сүймеген,
Қамқадан басқа кимеген,
Маңдайынан күн қағып,
Таңдайынан шөл қағып,
Қиғаш таудың басында
Жанбастап жатып қалады.
Толып жатқан көп қалмақ
Қамалап ұстап алады.
Кез келген қалмақ сабайды,
Сақалынан байлайды.
Жалғыздық түсті басына,
Көзінен аққан жасын-ай.