Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ—Мамай (3-бөлім)

Орақ-Мамай · Орынбасар Оңғарбайұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Әне, бұл зынданға түсіп қала берді. Әйелі Қарашаш Мамайдың түнде жатып, түс көріп, ертең Қарүлек енесіне жорытып отырған сөзі екен дейді.

—Ей, көтер бір, ене, басыңды-ай,
Түнде бір бүгін түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Кешегі кеткен жалғыздың
Астындағы Бозмойнақ
Ер-жүгенсіз бос көрдім.
Қолындағы ақ алмас
Үзіліңкі көрінді-ай.
Екі көзін қарасам,
Жұмылыңқы көрінді-ай.
Жауырыным толы қарашаш
Жайылыңқы көрінді-ай.
Бедерленген бес бармақ,
Білектен-ай шыққан қос бармақ
Қара қанға малыныңқы көрінді.
Қарүлек сонда сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
—Астына мінген Бозмойнақ
Ер-жүгенсіз бос көрсең,
Ұйықтап Мамай қалған-ды,
Әй, ұрлап бір қалмақ алған-ды.
Қолындағы ақ алмас үзіліңкі көрінсе,
Жаяу салып ұрысып,
Жан ортаға келгенде,
Қолындағы ақ алмас
Балдағынан үзіліп,
Арманда болып Мамай қалған-ды.
Екі көзін қарасаң,
Жұмылыңқы көрінсе,
Ер ұйқысы келген-ді,
Ұйықтап бір Мамай қалғанды-ау.
Ақыр түбін қарасаң,
Артынан барар көмек жоқ.
Басын тартып айламен
Апарып зынданға қалмақ салғанды-ай.
Бұл дүниенің жүзінде
Күдер үзіп жатқанды-ай.
Жауырының толы қарашаш
Жайылыңқы көрінсе,
Ертең тұрып қой өрер,
Қой жайылып бұл кетер,
Бұда-ау саған көрінсе.
Білектен шыққан қос бармақ
Қара қанға малыңқы көрінсе,
Ертеңде-ау ойран боларсың,
Бұда-ау саған көрінсе-ай.

Әй, бұл сөзді айтып, ноғайлының көп батырына барып хабар беруге, жақын жерде батыр болмады. Орақтан қалған Қарасай, Қази екеуі асық ойнап жүр еді. Қарасай мен Қазидың қасына келіп, Қарүлектің айтып тұрған сөзі екен дейді.

—Ей, Қарасай-ау, Қази, сен,—деді-ау,
Әй, Орақты тапқан мен,—деді-ау.
Жасыққа жауғыр қанбағыр,
Тудыңдар қайдан оңбағыр.
Әй, атаңды қалмақ алған-ды,
Зынданға байлап салған-ды.
Артынан неге бармадың,
Ат құйрығын салмадың.
Сол уақыт болғанда,
Қарасай келді жүгіріп:
—Айналайын, мәмеке,
Айтқан сөзің шын болса,
Астыма мінер атым жоқ,
Үстіме киер киім жоқ,
Қолыма алар қару жоқ.
Жер ортасы қиын ғой,
Жаяу қайдан жетермін.
Айтқанда-ай сөзің шын болса,
Жаяу да болса кетермін.
Сол атамның жолында-ай
Қапалықпен өтермін-ай.
Ей, сонда-ау кемпір сөйлейді:
—Киім бір деген бұйым ба,
Тұлпар деген қиын ба?
Бадана көзді ақ тұлпар
Саған арнап соқтырып,
Қырық мәуісті күймеде
Бақтырып мұны қойғанмын.
Тоқсан бір көзді торғауыт
Әй, ат алдырып қойдым-ау кілемге.
Саған арнап, қарағым,
Орақтан қалған ақ алмас,
Сермегенде жан қалмас,
Саған арнап, қарағым,
Ілдіріп қойдым жоғары.
Тұлпарды-ау мінерсің,
Беліңе қару ілерсің,
Не салғанын Алланың
Маңдайыңнан-ай көрерсің.

Әй, сол уақытта Қарасай бала атты алдырып келді. Ер қаруы бес қаруды алды. Әкесінен қалған ақ алмас әлі де тот баспаған екен дейді. Алтыннан бу берген, сермесе бұдан жан қалмай, айдаһардың тіліндей кесе салар білінбей. Қалмақтың есі кеткен, өзіне қарата Мамайдың ізімен келе жатыр еді. «Қиғаш таудың басында ізінен қуғыншы келе ме»—деп, зынданды айналып баяғы Ханбике қарауыл қарап жүр екен. Темірхан айтқан екен: «Науада келе қойса, маған хабар етерсің»,—деді.

Орақ-Мамай

Барлығы: 23 жыр

Тағы оқыңыз