Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орақ билән Мамай батырдың хикаясы (1-бөлім)

Орақ-Мамай · Қазан басылымы, 1903 · 2 мин оқу

Бұрынғы өткен заманда Орақ, Мамай деген бар екен. Мамай хан екен, Орақ батыр екен. Мамайдан бір де бала болмаған. Орақтан екі бала болған. Аты—Қарасай, Қази болған.

Орақ өзі есенде қалмақтың ханы Темірхан деген бар екен. Орақ батыр Темірханның жеті атасын өлтірген екен. Күндердің күні болғанда, Мамай сексен төртке келгенде, Орақ өледі. Қарасай, Қази жетім қалады.

Қалмақтың ханы Темірханның құлағына түсті Орақтың өлгені. «Орақ өлді, Мамай сексен төртке келді. Қарасай, Қази жетім қалды»,—деп қалмақтың ханы Темірханның құлағына түсті де, Темірханның бар екен бір шабары. Аты Ханбике екен. Темірхан Ханбикені шақырып алады:

—Әй, Ханбике,—дейді,—сен Мамайға бар,—дейді. Орақ өлді, Мамай сексен төртке келді. Орақтың баласы Қарасай, Қази, біреуі бесте, біреуі алтыда жетім қалды. Темірхан айтады:—Мен Мамайдан қорқып тұра алмаймын,—дейді.

Темірхан айтады Ханбике шабарына:—Сен Мамайға бар. Былтырғы түскен отаудан осы жыл есеп берсін, штатыма көнсін, осы жыл есеп бермесе, штатыма көнбесе, жер ортасы Қиғаш тауға ұрысуға келсін,—деп, Ханбике деген шабарын қырық кісіменен Мамайға ұрысуға жіберді. Қырық кісі менен Ханбике шабары Мамайға жөнелген жері.

Қалмақтың ханы Темірхан
Ханбике келді қасына:
—Ханбикедей жолдасым,
Пиғылы жаман оңбасын!
Ақылдасым, мұңдасым,
Жауға аттансам жолдасым.
Ноғайда жатқан қаным бар,
Ала алмай жүрген арым бар.
Орақ, Мамай барында,
Жеті атамды өлтірген,
Жаныма қаза келтірген.
Бұл күндерді болғанда,
Орақты Құдай алыпты.
Қарасай, Қази—қос жетім
Атадан жетім қалыпты.
Алжыған қақбас хан Мамай
Ақылынан таныпты.
Мамайдан қорқып,
Қаша алман,
Қорыққаннан жығылып,
Аяғына бас ұрман!
Былтырғы түскен отаудан
Үш жыл есеп берсін-ай,
Штатыма көнсін-ай.
Штатыма көнбесе,
Үш жыл есеп бермесе,
Жер ортасы Қиғаш тау
Ұрысуға келсін-ай.
Хан айтқан соң амал жоқ,
Бармайтұғын заман жоқ.
Қырық нөкері қасында,
Алып бір жүйрік атқа мінеді.
Сұлу киім киеді,
Өткір қару алады.
Алжыған қақбас Мамайға
Хабар бере жөнелді.
Құлан менен киікті
Тебіп ойнап келеді.
Қарға менен сауысқан
Қайтіп ойнап күледі.
Бір сұмдықпенен келгенін,
Бір жамандықпенен жүргенін,
Әулие туған хан Мамай
Үйде отырып біледі.
Келтірмеймін еліме,
Жуытпаймын шеніме.
Қай сөзімен келеді,
Қай хабармен жүреді.
Алдына шығып көрейін,
Даладан жауап берейін.
Балдағы алтын ақ берен
Орай белге алады.
Бадана көзді ақ сауыт
Өле кетсем далада
Кебінім деп киеді.
Бозмойнақ деген тұлпарын,
Өле кетсем далаға
Қарасын деп алады.
Адырнасын байланып,
Астана жұртын айланып,
Банағы келген қалмаққа
Батыр Мамай жөнелді.

Хикаясы

Банағы Темірханның шабары Ханбикенің қырық кісіменен шыққанын біліп, сексен төрттегі Мамай түсінде көріп біліп: «Мұны еліме келтірмеймін»,—деп, қалмақтың шабарына жаңғыз өзі атқа мініп жөнелді.

Биік тауға келген соң,
Ханбике менен хан Мамай
Бірі-бірін көреді.
Баурай белге келген соң,
Жолыққан екен деп еді.
Мамайды көзі көрген соң,
Шыдасын ба қалмағың,

Орақ-Мамай

Барлығы: 23 жыр

Тағы оқыңыз