Орақ—Мамай (2-бөлім)
Орақ-Мамай · Орынбасар Оңғарбайұлы нұсқасы · 3 мин оқу
—Ей, ал, Ханбике, Ханбике,
Бері таман кел,—деді-ау.
Мен бір жауап айтайын,
Бұл сөзімді біл,—деді-ай.
Қиғаш таудың басында-ай,
Бір қараны көріп тұр,
Әскер қолын бөліп тұр.
Қашса бір қуып жеткендей,
Қуса қашып кеткендей-ай.
Бір жүйрікке мін,—деді-ай,
Байқап бір соны кел,—деді-ай.
Әй, Ханбикедей мысығың
Белең-белең желеді,
Түн ұйқысын бөледі.
Әй, Қиғаш таудың басында,
Ұйықтап жатқан Мамайды,
Жақындауға қорқып,
Алыстан болжап көреді.
Жатқан жерін сұрасаң,
Орал-ай төбе, он төбе
Күн төбенің басы екен.
Көлденең жатқан көк орай,
Көк орайдың қасы екен.
Астына мінген Бозмойнақ
Арқасымен аунатып,
Құйрығымен қунатып,
Арқандап қойған секілді-ай.
Ай, ер қаруы—бес қару
Жастанып жатқан секілді-ай.
Алтыннан берен ақ алмас
Қапталына басыпты-ай,
Арқандауға қорқып-ай.
Өтірікке қолайлап,
Ханбике кейін қайтыпты-ай.
Ханбике келіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Ассалаумағалейкум,
Темірхандай ханымыз,
Мың кісілік айбатың,
Жүз кісілік қайратың,
Кешегі айтқан қараға-ай.
Белең-белең желгенмін,
Түн ұйқымды бөлгенмін.
Жақындауға қорқып,
Алыстан-ай болжап келгенмін.
Бурыл ханнан бу көрдім,
«Өзіңді ғой барып көр»,—деді-ай,
Ей, Темірхандай ханыңыз.
Бұл да бір асқан ер еді,
Ерлігінің белгісі-ай,
Сегіз мыңдай әскерден-ай
Жалғыз-ай шығып жөнелді-ай.
Астындағы қара аттың
Жал құйрығын шақ түйіп,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Алдына дабыл өңгеріп,
Артына сауыт бөктеріп,
Нар бурадай ырылдап,
Келе жатқан секілді-ай.
Ұйықтап жатқан Мамайға
Үш шақырым келгенде,
Астындағы қара аты-ай
Кейін қарай шегінді.
Енді-ай батыр ұрады,
Тұмсығымен жер тіреп,
Астындағы тұлпары
Ет бетінен құлады-ай.
Әй аттан бір түсіп қалады-ау,
«Жығылар ма екен туым»,—деп,
Әй, Темірхандай ханыңыз,
Алтыннан берен ақ алмас
Суырып алып-ай қынаптан,
Жүгіріп келіп, Мамайдың қасына,
Тізеліктен шабады-ай.
Кесіліп аяқ қалсын,—деп,
Тасқа тиген немене
Ортасынан үзіліп,
Ақ алмас-ау, мынау қалады.
Кейін қайта жүгірді,
Ер басында айбалта
Мұны қолға алады.
Ашуланып, долданып,
Ұйықтап жатқан Мамайды
Қалай өлмес екен,—деп-ай,
Маңдайлықтан-ау, шабады-ай.
Құмырасы үзіліп,
Тасқа тиген немедей,
Сабы да тиіп қалады-ай.
Әй, жығылар ма екен туым,—деп,
Кем болған екен суы,—деп.
Кейін қарай жүгіріп,
Қанжығадай ақсүңгі
Мұны бір сүңгіп алады.
Әй, ұйықтап жатқан Мамайды
Қалай да өлмес екен,—деп.
Жүгіріп келіп шіреніп,
Жүректіктен салады.
Қолындағы ақ найза
Қармақтай болып қалады-ау.
Әй, бір үш қаруды сындырып,
Енді батырдың көңілі тынады-ай.
Белең-белең желдің бе,
Атаңа нәлет Ханбике
Жастан жетім қалған неме-еді.
Бір бәлені көрді ме,
Кейін қайтып барайын,
Содан да ақыл сұрайын.
Темірхандай ханыңыз
Кейін қайта желеді.
Көп әскерге келеді-ай,
Келіп сөйлей береді:
—Әй, Ханбике-ау, Ханбике,
Ақылдасым, мұңдасым,
Ақтан сөйле жолдасым.
Қаланы бұзып ханды алдым,
Ортадан шауып олжа алдым.
Белең-белең желгенмін,
Әй, ноғайлының бір шалын
Ұйықтап жатқан жерінде-ау,
Өлтіре алмай келгенім-ай.
Ақыл бір тауып бер,—деді-ай,
Әй, сонда Ханбике сөйлейді-ау:
—Темірхандай ханымыз,
Сөзге құлақ салыңыз.
Кереметті ер еді-ай,
Бурылқанған бура еді.
Үстінен қорғап жүргенде,
Ақ сары бас қу еді.
Ұйықтап жатқан Мамайды
Суретін көрсетіп,
Қолындағы қаруды
Тасқа ұрғызып жіберді-ай.
Әй, ұйықтап жатқан жерінде
Ат-манатты көтеріп,
Қамап оны алайық.
Жапыра келіп салады-ай,
Ұйықтап жатқан Мамайды-ай,
Енді-ай қамап алады.
Нан піседі деміне,
Еңіреген Мамайдың
Кім келеді шеніне.
Арқандап қойған Бозмойнақ
Ұрлап мұны алады-ай.
«Қарусыз Мамай қалсын» деп,
Жастанып жатқан жерінде
Бес қаруын алады-ай.
Жамбасына басқан ақ алмас
Алайын деп жатқанда,
Еңіреген хан Мамай
Көтеріп басын алады-ай.
Қамап бір тұрған қалмақты
Өз көзімен көреді.
«Құдай сақал кесті» деп,
Мамай жылай береді.
Мамай жаяу ұрысты
Күндіз-түні екі күн.
Екі күн жатып ұрысты,
Екі мықын құлатты-ай.
Қолындағы ақ алмас
Бәлендіктен үзілді-ай.
Қиғаш таудың басына
Жүгіріп қашып жөнелді-ай.
Жұдырығымен тас ойып,
Мамай салды ұрысты-ай.
Жеті күн таспен ұрысып,
Төрт мыңдайын құлатты-ай.
Әй, бір күндері болғанда,
Сегіз күнге толғанда,
Жорғадан басқа мінбеген,
Қамқадан басқа кимеген,
Сол самаурын қызыл шай,
Қымыздан басқа ішпеген,
Маңдайынан күн қағып,
Мамай бір сонда құлады-ай,
Ұзынынан сұлады-ай.
Жапырып келіп көп қалмақ,
Мамайды қамап алады-ау.
Атса бір мылтық өтпеді-ай,
Шапса бір қылыш кеспейді-ай,
Салса найза кірмеді-ай.
Оу, Темір бір торды жабады-ау,
Қырық мәуісті күймемен.
Басын тартып айламен,
Зынданға апарып жөнелді-ай.