Орақ—Мамай (7-бөлім)
Орақ-Мамай · Орынбасар Оңғарбайұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Күлер ме екен Мамай деп,
Жорғадан су таңдап міндірдім.
Қамқаны-ай таңдап кидірдім,
Қатарынан-ау артық жүргіздім.
Мұнда бір Мамай күлмеді-ау,
Күлгенін көзім көрмеді-ау,
Айналайын, мамеке-ау,
Күлмегеннің себебі:
Қарасай мен Қазидың,
Маған берген екі ұлдың,
Біреуін Құдай оған бермеді-ау,
Күлмегеннің себебі-ау сол деді-ау.
Қарасай, Қази ер болса,
Ат жалға қолың жеткен соң,
Әй, бірінші менің арманым—
Бұл Мамайды күлдірсін.
Екінші менің арманым—
Қара үңгірдің тауында
Қызылбасты жауына
Қолдакөр тонды патшаның,
Қарасай, Қази ер еді деп,
Шайқасып қайтар дер едім.
Бара алмай кетіп барамын.
Қарасай, Қази-ау ер болса,
Барып азасын білдірсін,
Қызылбастың еліне
Енді ерлігін білдірсін.
Үшінші менің арманым—
Ана бір тұрған Орал тау,
Орал таудың басында
Нақ бес бұлақ, бес бұлақтың ішінде
Суы тұщы тас бұлақ.
Тас бұлақ суын ішкен бес тұлпар,
Ер Қосайдың аты еді-ау.
Ер Қосайдың ай қызыл ат,
Ұстап мініп қарайын,—деп едім-ау.
Қызыл атты-ау секіртіп,
Ер Көкшені өкіртіп,
Бір мінермін деп едім-ау.
Міне алмай кетіп барамын,
Дүниенің жүзінде,
Үш арманым сол,—деді-ау.
Қарасай, Қази бар болса,
Менен туған ұл болса,
Үш арманымды-ау бітірсін.
Әй, бұны бір айтып-ау ер Орақ,
Дүниеден өтеді-ау.
Артында қалған қос әулет,
Біреуі шықты-ау алтыға
Біреуі шықты-ау жетіге.
Бір күндері болғанда,
Қарүлектей-ау кәрі анасы
Шақырып алды-ай қасына.
Қарасай-ай, Қази сен,—деді-ай,
Орақты тапқан ме,—деді-ай.
Дүниенің жүзінде
Асыл туған ер Орақ,
Үш арманы бар екен.
Дүниенің ішінде-ай
Бітіре алмай өтіпті-ай.
Айтайын-ау, қарғам, сөзімді-ай,
Құлақ сал-ай, бұған, ерінбе-ай.
Анау жатқан үлкен атаң Мамайды,
Дүниенің жүзінде
Күлдірермін,—деп еді.
Өгіз тауды өкіртіп,
Ой, орнына тіктеп хан қойған.
Қаланы бұзып, ханды алып,
Ортадан шауып, олжа алған.
Мұнда да Мамай күлмеген,
Күлгенін көзім-ау көрмеген.
Бір күлдірсем деп едім,
Анау Қосайдың бес тұлпары,
Бес тұлпардың ішінде
Есті сирақ қызылды,
Ұстап бір мінсем деп едім-ау.
Қарасай, Қази ер жетсе,
Атжалға қолы жеткенсін,
Қара үңгірдің тауына,
Қызылбастың жауына,
Он екі ханның елінен,
Шайқасып қайтсын,—деп еді-ау,
Үш арманы сол деді-ай.
Қарасай, Қази қос бала-ау,
Алты құлаш жібек арқан алады.
Тас бұлаққа жетеді,
Аяқ тұзақ құрады.
Есті сирақ қызыл тұлпарды
Аяқ тұзақ салып ұстап алады,
Басына ноқта салады.
Тоқталап мынау алғанда,
Ертоядан Ер Көкше,
Қиядан көзін салады.
Жүгіріп бұған келеді-ай,
Келе сөйлей береді:
—Әй, Қарасай, Қарасай,
Сен Орақтың баласы-ай,
Қайдан шықтың ерлікті,
Бересің кімге кеңдікті.
Сенің бір атаң Орақ та,
Мамай қос батыр,
Ұстап, мініп қызыл атты-ай,
Бір мінермін,—деп еді.
Міне алмай кеткен олар да,
Сен олардан артық па едің?
Жағаласты-ау енді салады,
Екі батыр ұрысты-ай,
Жағаға қолды салысты-ай.
Ұрысып та тұрыспай,
Екеуі бірін-бірі ала алмай,
Тұла бойы қан болып,
Ақылы енді дал болып,
Сол уақыт болғанда,
Қарүлектей кемпірің
Қияда көзі шалады.
Жүгіріп бұған келеді,
Айырайын,—деп еді.