Айсаның ұлы Ахмет (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонан соң ерлер жиналып отырып, сол сөзді мақұлдады. Сонан соң ерлер отырып қымыз ішіп, мас бола бастады. Сүйтіп отырып, Абат қызып сөз сөйлеп, ерлік салыстырды:
—Атамның атын сұрасаң,
Ноғайдан асқан ақылы
Асанқайғы дер еді.
Баласының атын сұрасаң,
Асып туған Ер Абат.
Қасымда бар Ер Тоған,
Ахмет пен Ер Алау,
Бұлар да кем бе екен
Абат пенен Тоғаннан?
Тоғаннан соң сұрасаң,
Қарғабойлы, Қазтуған
Ахмет пен Ер Алау
Бұлардан да кем бе екен?
Қазтуғанның әруағы
Жауды көрсе түйіліп,
Жауатын бұлттай сыздаған.
Ерлігі де Тоғанның
Жауды көрсе қоздаған.
Бұрынғы бізден уақытта
Жасы толмай өтіпті
Нәріктің ұлы Ер Шора.
Маңдайының арасы
Екі қарыс сері екен.
Басы бақыр қазандай,
Ту сыртынан қарасаң,
Жайын менен сазандай.
Артып туған ноғайдан
Өз тұсында ер екен.
Абат пенен Ер Тоған
Бұлардан аз-ақ кем екен,—
деп отырып, жатып қалады. Ахмет бұл сөзге өзінен-өзі арланып жауға кетуге маңдай түзейді.
Ерлер ұйықтап жатқанда
Атын сонда ерледі,
Батыр Алау кернеді.
Бадана көзді бөрік сауыт
Баса үстіне киеді.
Басына киіп дулыға,
Және де киіп шарайна,
Атына мініп алады.
Үйде жатқан ерлердің
Біреуі де көрмеді.
Айса сонда біледі,
Баласына келеді.
Сонда Ахмет сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айналайын атамыз,
Сенен тудым мен,—деді.
Асанның ұлы Ер Абат,
Солардан мен кем бе едім?!
Кемітіп сөз айтқаны—
Мылтықпенен атқаны.
Жүрегіме найзадай
Әр сөзінің батқаны.
Самсаған сары қалмаққа,
Ата, мен де барайын,
Барып кегім алайын.
Көше берің сендер де,
Аман барып, сау қайтсам,
Еділге өзім барармын.
Жақсысына ой салып,
Жаманына той салып,
Ақыл айтып қарармын.
Халқымды өзім ұстауға
Тірі болсам жарармын—
дегенде, атасы сөйлей бастады:
Сол сөзді айтып болған соң, Ахмет жалғыз өзі елінен шығып жөнеп кетті.
Ақ найзасы қолында,
Жұлдызы туып оңына,
Астындағы Құлаша
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Ойға келсе орғиды,
Қырға келсе қарамай,
Ор қояндай сырғиды.
Жерді басып тұрмайды,
Құлаша аттан тер шықты.
Табаны қызған ол тұлпар
Одан сайын күшейді.
Қолы сусып батырдың
Жалғыз бару ол жауға
Оған да қиын іс енді.
Қолындағы ақ найза,
Жарқылдайды жебесі.
Садақтың бауы сыртылдап,
Сарт-сарт етіп соғады
Жанындағы ақ берен.
Ендігі сөзді елдегі қалған батырлардан естіңіз.
Түре келді батырлар
Шошынғандай боп денесі.
Тұрса және Ахмет жоқ,
Белдеудегі ойнаған
Ахмет мінер ат та жоқ,
Қару-жарақ зат та жоқ.
Ерлер сонда кеңесті,
Кеңескенде не десті:
—Ай, Ер Абат, Ер Абат,
Ерлік айтып сөз сөйледің,
Ахмет пен Алауды
Біздерден де кем дедің.
Алау қалып, Ахмет
Кетті қалмақ еліне,
Қалмақтың мекен жеріне,
Қайтеміз енді біз десті.
Сонда Абат Алауға
Келіп бір сөз сөйледі:
—Ай, Ер Алау, Ер Алау,
Түсіп бізге бір талау,
Айсаның ұлы Ахмет
Кеткенге ұсайды қалмаққа.
Ашуланып, арланып,
Қалмақтан кекті алмаққа.
Кешегі бір айтқан сөз үшін
Ашуланған, арланған,
Ерлікті соған қолданған.—