Айсаның ұлы Ахмет (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу
Ахмет мінген Құлаша
Жете алмай оған желеді,
Қалаға да жақын келеді.
Ахметтей еріңіз
Құлаға қамшы басады.
Бабасына және сиынып,
Мыстан жансыз қасына
Сонда бір жетіп барады.
Ақ найзасы қолында
Сонда түйіп өтеді,
Желкеден найза кіреді.
Мысықтай боп мырысып,
Сонда кемпір қарады,
Қарады да құлады.
Артында оның Ер Алау,
Асанның ұлы Ер Абат,
Қарғабойлы, Қазтуған,
Батыр туған Ер Тоған
Ерлігіне Ахметтің
Сүйініп олар келеді.
Кемпір әлі өлмеген,
Қаны ытқып аузынан,
Отыр жылап бақырып.
Батыр туған Ер Тоған
Найзамен тағы түйеді,
Кемпірдің бітті сүрегі.
Кеудеден жаны кеткен соң,
Қара жер болды тіреуі.
Ахмет кетіп барады,
Атқа қамшы салады,
Суырып қамшы алады.
Ақ семсері жарқылдап,
Қалмақ тұрған қалаға
Сонда жақын барады.
Қалмақтың тиді шетінен,
Албырттанып қызарған
Қайратын оның көреді.
Ахметтің бетінен
Қалмақ сонда қашады,
Қатты жаман сасады.
Ханына жылап көп қалмақ
Сонда жетіп барады.
Жетіп барып шулады,
Кейбіреуі шулап тұрғанда,
Біреуі ханға сөйледі:
—Ай, ханымыз, ханымыз,
Кеудедегі жанымыз,
Ол қалаңның шетінен
Тиді келіп бір жаһи.
Келбетіне қарасаң,
Қызарады, бөртеді.
Қатын мен бала шулатып,
Қаланың шетін өртеді.
Ар жағынан қарасаң,
Және шықты төртеуі.
Аюдайын ақырып
Біздерге айқай салады.
Бірдеңені шақырып,
Олар да келіп тиген—
Болды бесеу барлығы.
Қалаңа ойын салулы,
Қатын-бала, ел шулап,
Шыға алмай о да қалулы.
Ескерттім мен саған,
Ендігісін өзің біл.
Әйтеуір, бір бесеу келулі,
Келгеннен соң ол бесеу,
Қалың дуыл көбейді.
Өлтіреді бас салып,
Қырылды халық демейді.
Сонда тұрып ханыңыз
Халқына сөз сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ұлы, кіші, жамағат,
Қорықпаңдар азамат,
Өзім оған барайын,
Кім де болса ол итті
Айдап жолға салайын!
Өлген-жіткен кектерін
Өзім барып алайын.
Қолға найза алайын,
Сол кәуірге барайын.
Қызығын оның көріңдер,
Итке етін салайын.
Сонда тағы да тұрып:—Менің қасыма екі жүз кісі еріңдер,— деді. Бір адамды өзінің күйеуіне жіберді:—Сен барып хабар бер,—деді. Сонан соң өзі ерлердің тұрған жеріне қарай келеді.
Ақ найзасы жарқылдап,
Қалмақ мінген кер еді.
Ол қалмақтың артына
Екі жүз кісі ереді.
Ойнай басып кер атпен,
Ақ семсері жарқылдап,
Ерлерге жетіп келеді.
Қарсы келіп ерлер қалады,
«Жекпе-жек» деп сол қалмақ
Ерлерге айқай салады.
Айқай сонда шыққан соң,
Ахмет сонда жөнелді.
Екпіндеп шауып келеді,
Қарсы келіп тұрады,
Аты-жөнін сұрайды.
Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қайдан келген жан едің?
Сөзіме құлақ сал!—деді.
Мен қалмақтың елімін,
Ішіндегі ханы, ерімін.
Сұрасаң, атым—Қайыспас,
Адам жейтін бөрімін.
Қаңғыртып келіп сен өзің,
Шығасың қайдан төріме.
Есігімде болады
Басқа жанның ері де,
Өзің қайбір халықсың?
Аты-жөнің айтшы,
Өлместен бұрын сен?—деді.
Сонда Ахмет сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ай, ит қалмақ, ит қалмақ,
Болмассың маған ағайын.
Алысқан соң өлерің,
Болады сенің тағайын.
Батыр туған ер болсаң,
Жекпе-жекке кел,—деді,
Қайратымды көр,—деді.
Бабаң келген қасыңа,
Оны анықтап біл,—деді.
Ауыр мықты қолыңды
Арыстандай ақырған
Қасымдағы ерлерім
Қылады оны ұн,—деді.
Көткеншектеп екеуі
Қарсы қарап шабысты.
Ақ найзасы айқасып,
Аюдайын ақырып,
Жолбарыстай алысты.
Қалмақтың жүр ерлері
Өздерінше олар да
Бабасына сиынып.
Сол уақыт болғанда
Ұшы болат найзасын
Екпінмен Ахмет түйреді,
«Ажал оқтың тұсы» деп,
«Өлерің сенің осы» деп,
Сонда найза енеді.
Екпінімен түйген соң,
Қайыспастай хандарың
Ат сауырына жөнеді.
Қолынан түсіп найзасы,
Жерге құлап өледі.
Қашты қалмақ сол кезде,
Асығып тұрған ерлерің
Қалмаққа сонда тиеді.
Талайы аттан құлады,
Жаны шығып сұлады,
Талайы аттың босады.
Сол мезгіл болғанда,
Бес жүз кісі ертіп,
Серке батыр бас болып,
Ноғайменен қас болып,
Елінің келді шетіне.
Бес жүз ері қасында,
Кідірсін қалмақ несіне.
Жолбарыстай бес батыр
Бұларды сонда көреді.
Бес жағынан бесеуі
Оларға сонда тиеді.
Араласып жүргенде,
Қазтуғандай ерлерге
Серке батыр болды кез.
Қазтуған сонда қарады,
Найзасын қолға алады.
—Ата жауым сен едің,
Келсең, жеке кел,—деді.
Қазтуған батыр сол кезде
Найзасымен Серкені
Сонда тұрып түйреді.
Серке де аттан құлады,
Ұзынынан түсіп сұлады.
Ол Серкені көргенде,
Қалмақ талай жылады.
Серкенің мінген қарасы
Қалмақтарды қақ жарып,
Сонда өтіп кетеді.
Үстіндегі иесі өлген соң,
Кетпей ол ат нетеді?!
Айқай салып батырлар
Сонда жауға тиеді,
Найзаменен түйеді.
Бес ерлердің ішінде
Алау менен Ер Абат,
Айсаның ұлы Ахмет
Жау ішінде жайнайды.
Қарсы келген қалмақты
Найзамен жайлайды.
Ерлігіне қарасаң,
Қайыспай шабар аюдай.
Қайратына қарасаң,
Жолбарыс пен піліңдей
Ерліктері білінді.
Онан соң ерлік істеген
Артып туған Ер Тоған.
Қалмақтың алған аюын
Қарғабойлы, Қазтуған.
Сол бес батыр қосылып,
Қалмақтың жойды қаласын.
Шулатып қатын-баласын,
Көндірді елін дініне.
Қорыққаннан ол қалмақ
Бірнеше мың мал мен бас
Алдына түсіп жүгірді.
Табандарын тас тіліп,
Жалаң аяқ сыдырды.
Арада неше күн жүріп,
Ақ Еділдің бойына
Сонда жеткен секілді.
Елден кеткен бес батыр
Ата-анамен қосылып,
Отырыпты Еділде.
Әуелі алған малдарын
Ноғайлының аш-арығы,
Жетім менен жесірге
Сонда бөліп беріпті.
Жарлысы байға теңеліп,
Ақ Еділдің бойында
Асанқайғы, Айсаның
Елдері дәурен сүріпті.