Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Манашыұлы Тұяқбай (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Баласының қасына барайын деп еді, қалмақтар итермелеп барғызбады. Сонда Манашы мен анасы қалмақтың қолында қала берді. Сонда он бір би кетіп барады, бұрын түсетін еді, бұл жолы түспей Манашының аулының тұсынан өтер болды. Сонда қыз жүгіріп қапталдай сөйледі.

Қапталдап айқай салады:
—Ай, он бір би, он бір би,
Ағам менен шешемнен
Хабар берші сен,—деді.
Айтайыншы жеңгеме
Хабар етіп мен,—деді.
Он бір биге бұл қарап,
Қызың сүйтіп сөйледі.

Сонда он бір би қарамай:—Ағаң менен шешең келеді,—деп, өтіп жүре берді. Сонан соң бала қайғырып үйіне келеді. Сонда бала жеңгесіне келіп сөйледі:

—Айналайын, жеңеше,
Ол кісінің ішінде
Аға менен шешем жоқ.
Бұрын үйге келгенде,
Таласушы еді он бір би
Мені алдыма алам деп.
Он бір бидей залымның
Болғанды ісі өзгеше,
Тұр, киімді ки,—деді,
Көкемнің мінген көк тұлпар
Шығарып алып сарайдан
Астыңа оны мін,—деді.
Көкем менен шешемді
Он бір би тастап кеткен-ді,
Соны барып біл,—деді.
Ноғайлы шіркін сасқан-ды,
Төбеге шықсаң, көресің
Босқан елдің қарасын.

Манашыдан қалған көк тұлпарды ерттеп алып, Манашының бар қару-жарағын асынып, босқан ноғайдың артынан төбеге шығып қараса, ноғайдың барлығы жапырыла көшіп жатыр екен, содан кейін қатын не істерін білмей үйге келді. Сонда кішкене қыз сөз сөйледі:

—Жеңеше, біз ноғаймен қатар көшпелік, ноғайдан қалып, артын ала көшелік, егер бірге көшсек, бізге ноғай су бермес,— деді.

Сол уақыт болғанда,
Малды қуып жинады,
Көш қарасын көреді.
Көшке жүдә санаспай,
Көштің бөліп қарасын,
Бөліне көшіп келеді.
Көшіп қашқан көп ноғай
Отыз күндей босады,
Малды сүйтіп қинады.
Сарыойық деген көлдерге,
Сондай шүйгін жерлерге
Көшіп келіп көп ноғай,
Сол жерлерге қонады.
Манашының ауылы
Кейін шетте қалады.
Ноғайға кіріп қона алмай,
Бұрынғыдай бола алмай,
Манашының қатыны
Буаз еді сол күнде,
Айы-күні толады.
Адалбақан құрдырды,
Сол ноғайдың елінен
Бес-он кемпір жидырды.
Толғатумен сол қатын
Үш күн ұдай ол тұрды,
Сонан соң барып ұл туды.
«Батырдан қалған тұяқ» деп,
Тұяқбай атын қойдырды.

Ендігі сөзді Манашының шешесі Күйкеннен естіңіз. Үш күні біткен соң, Манашыға барған адам болмайды, сосын барып, Ындыстар Манашыны өлтіреді. Сонда Манашының басында отырып, кемпір жылап сөз айтады:

—Айналайын, жалғызым,
Су түбіне шым батты.
Көрсеткенің, Құдай-ай,
Осы ма еді жалғанда?!
Жалғызымнан айырылып,
Сынды менің қанатым.
Қос қанатым қайырылып,
Отырып менің қалғаным.
Айналайын, Құдай-ай,
Жалғызымнан айырып,
Басыма мұңды салғаның.
Бүйтіп қорлық бергенше,
Емес пе жақсы алғаның?!

Кемпір мұңайып отырып, ен далаға қаңғырып кетті.

Бір жерлерге келгенде,
Аратөбе шың көрді.
Сол шыңдарға шығады,
Шың екенін көреді,
Солай қарап жол жүрді.
Сол жүргеннен қаңғырып,
Аз ғана емес, мол жүрді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз