Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шынтасұлы Төрехан (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

—Мен жүре алмаймын, буыным бітіп қалыпты,—деді.

Сонда қыз арқалап,
Көтере алмай қайқалап:
«Жорға жүріс жоқ-ты деп,
Аяң жүріс көп-ті деп,
Осы жүрісім епті деп,
Қызарады, бөртеді,
Аяңдайды, жортады.
Алып келіп үйіне,
Кең сандыққа салады,
Қодарқұл жатып қалады.
Төрехан сыртқа кеткенде,
Ойнап қызық алады.
Төрехан үйге келген соң,
Оның бірін білдірмей,
Отырып қызың қалады.
Төрехан үйге келгенде,
Сандықты мықтап жабады,
Қодарқұлды бағады.
Дым көрмеген кісідей
Қарындасы сөйтіп жағады.
Қарындасы мен Қодарқұл
Бір күні кеңес құрады.
«Төреханды қалай өлед» деп
Бір-бірінен сұрады.

Қодар айтты:—Елік суы деген су бар, ол судың басында Қазанбас қара дәу бар, барса, ол Төреханды өлтіреді,—дейді. Төрехан үйге келгенде, сен ойдан қырға домала.

—Іші-бауырым жанды де,
Мені Құдай алды де.
Торсықты алып іліп қой,
Осы айтқанды біліп қой.
Қарасын оның көргенде,
Ойдан қырға домалап,
Келе жатқанда Төрехан
Қызың онда қарады,
Өртеніп іші барады,
Төрехан жетіп келеді.
—Айналайын, жан аға,
Өлдім енді мен,—дейді.
Елік суын мен ішсем,
Қанар едім шөлімнен,
Құтылар едім өлімнен де.
Сонда Төрехан
Шыдамады бауырға,
Кететін болды кәуірге.
Тастан салған табан жол,
Тәңірі оңдаса, аман жол,
Оңдамаса, жаман жол.

Сол жолмен кетіп бара жатқанда Шыман ханның қызы Шыңбике сұлу бар еді. Төрехан атқа мініп шыққаннан сол қыз жансыз салдырып қойып еді. Сол Төреханның не істегенін, қарындасының не істегенін сол Шыңбике білуші еді.

Шыңбике сұлу сол Төреханның жолына, таспен салған табан жолға алты қатар үйді тіктіріп, сол алты қанат ақ үйдің есігінен құдық қаздырып қойдырды және үстіне мата төседі. Мақпалмен бетін жауып қойды. Төрехан келіп тұсынан:

—Кім бар?—деп мұнда шақырды.
—Шықпаймын үйден мен,—деді,
Мазамды алма сен,—деді.
Сонда Төрехан:
—Келтірмейтін мені,—деп,
Өлтірейін сені,—деп,
Суырып алып қылышын,
Шығарды қатты дыбысын.
Үйге кіріп келеді,
Есікті сонда ашады.
Табалдырықтан бұлай сап,
Аяғын сонда басады.
Басып қалды мақпалды,
Ішіне түсіп кетеді.
Сонда Шыңбике сұлу келеді,
Отыра қалып құдыққа,
Келе сөйлей береді:
—Асыл туған сұңқарым,
Шаршамас мінген тұлпарың.
Алдың алыс жер,—деді,
Барма соған, ер,—деді.
Тілімді алсаң бармағын,
Қарындасың кәуірді
Сіздей болған ерлерден
Қодарқұлды көрді тәуір-ді.
Қодарқұлды алулы,
Кең сандыққа салулы,
Жақсы қылып бағулы,
Не құлқын іздеп табулы.
Ол залым қылды қалаға,
«Бармасын,—деді,—ата менен анаға».
Сіздей асыл жандарды
Қодардан қылды садаға,
Бармағын, батыр, сен,—деді.
Осы айтқанның бәрі рас,
Аштырып кең сандықты,
Қодарқұлды көр,—деді.
Сонда Төрехан тұрып сөйледі:
—Қарындасым бауыр-ды,
Жақын қылып алмайды
Менен артық кәуірді.
Қодарқұлды алған жоқ,
Оның түскен шыңырауға
Қарындасым барған жоқ.
Қалайда болса кетемін,
Қазанбас дәуді өлтіріп,
Елік суға жетемін.

Үш күн жатты Шыңбикенің қасында. Төртінші күні бір құлды Төреханға қарақұс қылып дуалап берді. Осы құсты дуалап берген соң, Шыңбике айтты:

—Осы барғаннан барып ақтабан тұлпарды бір күн жарымдық жерге тастап, мына құсқа мініп бар да, суды ал да қаш. Ол жұма күні түске шейін ұйықтайды. Сол судың сылдырынан оянып қуар, қуса жетпей қоймас, қол оқпен оң қанатын атып сындырсаң қалады,—деді. Егер сындыра алмасаң, сенің өлгенің—деді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз