Шынтасұлы Төрехан (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сол күні түнде Шынтасхан түс көрді, түсінде жаман іс көрді. Ертең таң ата желмаяны алдырып, Төреханды іздеді. Бірнеше күн жүріп, терекке байланып жатқан Төреханның үстіне келді. Сонда «не қылып жатқан баласың?» деп Шынтастың айтқаны:
—Не қылып жатқан баласың,
Қу ағашқа байлаулы,
Бекітіп жақсы сайлаулы!
Жапанда жатқан жас бала,
Жаудан көріп қорлықты,
Болыпсың шын масқара!
Бала, сенің не еткенің,
Балалықты етіпсің,
Оның қайда кеткені.
Сонда Төрехан мұңайды,
Жатып сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді.
Төрехан танымады бабасын,
Шынтасхан танып тұр туған баласын.
—Жасың үлкен жан баба,
Босатсаңшы менің қолымды.
Дүниеде бейбақ мен болдым,
Оңдамаған Құдай жолымды.
Сонда Шынтасхан түйеден түсе қалып, баланың қолын босата бастады. Босатып болған соң, баланы бал, миуамен тамақтандырды, сол жерде бір күн жатты, қабағын ашты, аяғынан тұра бастады.
Айнала тұра қалады,
Терекке қолды салады,
Теректі түбімен суырып алды.
Теректі иығына салып алды,
Еліне Қодарқұлдың қайта барады.
Қодарқұл Төреханның қарындасын алмай, отын-суға салған екен, өзі Жетітөренің қызын алған екен. Сөйтіп, соры қайнап, көзі жайнап қалған екен. Қодарқұлдың үйінің алдына келіп:— Шық бері!—деп ақырды.
Үйден шыға келгенде,
Қодарқұлдың басына
Терекпенен салады.
Құл жығылып қалады,
Үстіне мініп алады.
Қарындасын шақырды:
—Етегіңді жайыңыз,
Мінеки, бауыздалды ғой
Сорлы ағаңды сатып, алған бай,—деді.
Қодарқұлды өлтіріп,
Ақтабан атқа мінеді,
Қару-жарақ іледі.
Қалмақтың бірін тастамай,
Үш күндерде жинады,
Шауып атты қинады.
Үш қонып шыққаннан кейін Шынтасхан Төреханға былай деп жауап айтты:
—Біз Шынтас деген бабаңыз,
Сен едің біздің баламыз.
Бозтеректе жатқанда
Келіп тұрдым қасыңа.
Шештім сенің қолыңды,
Оңғарды Құдай жолыңды,
Берегірек кел,—деді,
Атаңның жүзін көр,—деді.
Ақ жүзіңнен сүйейін,
Сағынып келдім мен,—деді.
Сонда Төрехан әкесі екенін сонда біліп, әкесіне сөйлей бастады:
—Айналайын, жан баба,
Саламат күйлі бармысың?!
Аман ба үйде анамыз?!
Алла оңғарса сапарды,
Біз де елге барамыз.
Анаға сәлем береміз,
Ананың жүзін көреміз.
Сонда қалмаққа хабар салды. Жинап парымен бес жорға алды, күймелі арба алды, үстіне шатыр құрды. Шынтасқа алтыннан тон кидірді. Отыратын жеріне мақпал төсеп, бір арбаға Шынтас мінді, екі кісіге қызметін істетті.
Сонда қарындасы қалмақтардың артында жаяу жүгіріп келеді. Үш күндік жерге келгенде, Төрехан ілгері озып кетеді. Ордасының сыртына келіп дауыстап шақырады. Сонда шешесі:—Шығатын адам жоқ,—деді.
Төрехан сөйледі:
—Төрехан келді балаңыз,
Үйде бар ма анамыз?!
Сол жауапты айтқанда,
Жүгіре шыға келді анасы.
Аттан түсе қалады
Төрехандай баласы.
Анасы сонда сөйлейді:
—Айналайын, қарағым,
Жаулы жерде жарағым,
Сағынып көрген беренім,
Сағынған күні керегім,
Сағынған мұнда-ай келдің бе,
Төрехан сынды шырағым?!
Бауырыма басайын,
Жабыққан көңіл басылсын.
Келдің бе, қарағым, бабаңды,
Көрдің бе іздеп, қарағым,
Ақ сүт берген анаңды?!
Мекендеген көрдің бе
Өзің туған қалаңды?
Разымын бергенге,
Дидарыңды көргенге,
Қабыл болып тілегім.
Мен Құдайға ырзамын
Бітсе де бүгін сүрегім!
Шыман ханның қызы Шыңбике сол уақытта Төреханның тойына келіп қалды. Тоқсан баулы ноғайға хабар салды, баршасын ноғайлының жиып алды. Тоғыз күн той, он екі күн ойын болды. Былайғы жұрт тарап кеткенде, қарындасы тұрып қалды. Қарындасына айтты:—Саған не керек, қырық қысырақ аламысың, қырық қыңырақ аламысың?—деді. Сонда:— Қыңырақ құрысын, қысырақ аламын,—деді.
Құлдарға қырық қысырақ алдырды, қырық қысырақтың құйрығына байлады. Қырық қысырақты қырық бөліп алып кетті.
Сонан бай болып, барша мұратына жетті.