Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Манашыұлы Тұяқбай (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Бір жерлерге келіп отырып, сонда кемпір тағы да мұңайып сөйледі:

—Айналайын, жан Алла,
Кереметің бар, Алла,
Манашыдай жалғызым
Келмеске енді ол кетті,
Қараңғы көрге ол жетті.
Бір бұтаның түбінде
Мені Құдай сөйлетті!..
Бір мезгілде күн батты,
Ай қараңғы, күн бұлт,
Кемпір тағы жүреді.
Кемпіріңнің көзінен
Қанды жасы бұл ақты.
Жүргені шыңның басы еді,
Сөйтіп келе жатқанда,
Ылдилау жерді бұл басты.
Көзінің нұры тамғаны—
Кәрілік жетіп қалғаны.
Сонда кемпір ұшады,
Сол ұшумен ол барып,
Бір жартасты құшады.
Сонда жаны кетеді,
Баласының артынан
Бұ да көрге жетеді.

Сол кемпірдің ұшқан жері бұрын Аратөбе шың еді. Содан кейін «Күйкен» деп аталды.

Он сан байтақ бөлген жер,
Орманбет бидің өлген жер,
Күйкен сырты Манашы,
Манашы соның баласы.
Баласымен екеуі
Он бір бидей залымның
Айласынан бұлардың
Анасы мен баласы
Қаза тапты, қарашы!

Ендігі сөзді Тұяқбайдан естіңіз:
Тұяқбайдай баланың
Беске жасы толады.
Шешесіне ес болып,
Недәуір жігіт болады.
Балалармен ойнайды,
Ойнап жүріп ол бала
Кеудеге ақыл ойлайды.

Тұяқбай үйге келіп, апасына сөйлей бастады:

—Ақ сүт берген анамыз,
Балалармен ойнауға
Біз де, шеше, барамыз.
Екеуден жұрт жүреді,
Екеуден жұрт жүргенде,
Біз де жалғыз барамыз,
Іні мен жоқ па ағамыз?
Шеше, бізде жоқ па еді
Әлдилеп сүйген бабамыз?

Шешесі қатты мұңайды,
Алғанынан айрылған
Есіне түсіп бейшара,
Төгіліп көзден жастары.
Шешесі жылап тұрған соң,
Апасы сонда сөйледі:
—Айналайын, сұңқарым,
Атаң еді Манашы.
Артынан сені көрген соң,
«Асылдан қалған тұяқ» деп,
Тұяқбай атың қойдырған.
Манашыдай мырзаның
Сен едің жалғыз баласы.
Асыраған әлпештеп
Күйкен еді анасы.
Атаңа нәлет он бір би
Ертіп кетті қасына.
Ындыс деген көп кәпір
Ноғайдың келді қасына.
Ащағар сайдың түсіпті
Ындыс келіп басына.
Он бір бидің басы еді,
Орманбетті шақыртып,
Алды кәпір қасына.
Қалмақ сонда сөйлеген,
«Біздің дінге көн» деген.
«Біздің дінге көнбесең,
Өлтіремін мен» деген.
Орманбеттей биіңіз:
«Елімде бар он бір би,
Сол көн десе көнемін,
Көнбе десе көнбеймін» деп,
Сүйтіп ханың сөйлеген.

Сонда «сен көнбейсің» деп Орманбетті өлтіріп, еліндегі он бір биін шақыртқан, сонда он бір би не істерін білмей, біздің үйге келді.

—Келген соң он бір би,
Көкемді менің азғырды,
Баралық жауға біз,—деді,
Қатын менен баланы
Кәпір етіп алмалық
Біздерге басшы сен,—деді.
Атаңа нәлет он бір би
Көкеме сүйтіп сөйледі.
Көкем атты ерледі,
Ерлеп жүріп терледі.
Жалғызы кетер болған соң,
Шешем де сонда жүруге,
Баласына еруге,
«Барайыншы мен» деді.
Манашыдай көкемді
Залым туған он бір би
Міндетке беріп сол жерде,
Көкемді менің тастаған.
Келіп қайта елдерге,
Мекендеген жерлерге,
Сонда елді көшірді.
Шешем менен ағаңның
Атаңа нәлет он бір би
Сүйтіп үнін өшірді.
Шешем еді ол Күйкен,
Итке-құсқа жем болып,
Далада қалды сүйегі.
Әкең еді Манашы,
Үш күні оның біткен соң,
Кескілеп ындыс өлтірген.
Осы сөзді есітіп,
Сегіз жасар Тұяқбай
Жүрегі сүйтіп күйеді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз