Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шынтасұлы Төрехан (4-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қыздың айтқанындай күн жарымдық жерге барып атын тастап, өзі жаяу емес қара құсты мініп келеді. Келсе, айтқанындай ұйқыға кіріскен екен. Торсықты батырып ала қашты. Судың сылдырынан дәу оянып түре келді.

Тұра дәуің қуады,
Қумай қалай тұрады?!
Күн бесінге толғанда,
Біраз заман болғанда,
Артынан қуып жетеді.
Артынан қуып жеткен соң,
Ататұғын талабын
Төрехан батыр етеді.
Артынан қуып келгенде,
Батыр туған Төрехан
Дәлдеп дәуді атады.
Оң қанаты сынған соң,
Сұлап дәуің жатады.

Шыңбикенің үйінде Төрехан тағы үш күн жатып, сол мезгілде Төрехан қарындасын ойлап, елге баруға талаптанды. Бірнеше күн жүріп еліне келді.

Елге жақын келген соң,
Көрінген соң қарасы,
Ойбай салып жылайды,
Қарындасын қарашы.
Түсе қалып Төрехан
Суды алып береді,
Су екенін көреді.
Ішіп алып Ханбибі
Сонда демін алады,
Өлімінен қалады.
Аң қағуға Төрехан
Енді шықты далаға.
Қарғылы тазы ерітіп,
Ақсұңқарын қондырып,
Ақ найзансын қолына ап,
Қарап жүрді қыдырып.

Қодарқұл мен Ханбибі тағы кеңесті. Біріне-бірі ақыл берді, сонда Қодарқұл айтты қызға:

—Сен ағаңнан сұра, «аға, сенің үзбейтін затың бар ма, деп сұра»,—деді қызға.

Төрехан келген соң қыз отырып:—Аға, саған өтетін қару бар ма, темірді болса үзесің. Үзбейтін затың бар ма?—деп сұрады. Сонда Төрехан:

—Адам болсын, жан-жануар болсын өз түгін үзе алмайды деген, айдарымды үзе алмаспын,—деді. Сонда қыз:—Оны немен кеседі?—деді.—Оны табанымда алтын кездігім бар, сол кеседі,—деді.

Төрехан жатып ұйықтағанда, айдарын кесіп алып, кескен соң, жіп қылып есіп алады.

Қол-аяғын байлаған,
Қозғалмастай сайлаған
Қарындасы Ханбибі
Ағасын сөйтіп жайлаған.
Қасындағы терекке
Төреханды байлаған.
Байлап оны болған соң:
—Аға, енді, тұр,—деді,
Тұрса қолы байлаулы.
Кең сандықты ашады,
Қодарқұлға тұр,—деді.
—Мынау залым ноғайды
Байладым, мұны ұр,—деді.
Түрегеліп Қодарқұл
Қылышын сонда сермеген,
Салды және найзасын.
Біреуінің де тимеді
Өлтіруге пайдасы.
Сол уақыт болғанда,
Тепкіледі Қодарқұл
Төреханның басына.
Төреханды теуіп жатқанда,
Барып тұрды қарындас
Төреханның қасына.
Төрехан сонда мұңайды,
Өксіп-өксіп жылайды,
Жылап жатып жырлады:
—Айналайын, егізім,
Алтын еді лебізің.
Ноғай деген ауылым
Аралап өзім көрейін.
Өзіңнен қатар бір жанға
Қарағым, сені берейін.
Босатсаңшы қолымды,
Туғандығың қай жерде?!
Мынау құлға тептіріп,
Қайнаттың ғой сорымды.
Ата мен қайда анамыз,
Біз солардың баламыз!
Ата тілін алмадым,
Ана тілін алмадым,
Ақырында қор болып,
Бір ағаштың түбінде
Саулы інгендей зарладым.
Сонда қызың сөйледі:
—Мұнан жақсы өлгенің,
Өлім болсын көргенің.
Байлансын сенің тіліңіз,
Өшсін сенің үніңіз.
Естімеймін сөзіңді,
Алсын Құдай өзіңді.
Қодарқұлдай бекзада
Ойсын сенің көзіңді.
Сол уақыт болғанда,
Аулы көшіп кетеді.
Төрехандай ерлерді
Ағашқа байлап оны да,
Тойын соның етеді.
Теректе жатып Төрехан
Соның айтқан сөзі екен:
—Бір ағаштың түбінде
Байланып енді қалғаным.
Ата-ананы көре алмай,
Болды күшті арманым.
Бұл ағаштың түбінде
Тұруға жоқ-ты дәрменім.
Оңғарылып жел шығып,
Естілер ме екен дауысым
Ақ сүт берген анаға,
Өсірген жастан атаға.
Көруге бізге күн қайда
Мекен салған қаланы?!
Ойлай ма екен ата-анам
Біздей жалғыз баланы?!

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз