Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шынтасұлы Төрехан (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Төрехан батыр жүрудің қамын ойлайды. Шынтасхан сонда сөйледі:

Қодарқұл бұл жердің ханы еді, өзі бір мықты жан еді. Етіреккүргендегі қызылбасқа аттанып кетіпті.

Есіз жатқан бұл елге
Төрехан ойын салады.
Жеті күндей талқандап,
Елін шауып алады.
Жетітөре қызын алып,
«Қодарқұл қалмақ келсін» деп,
Сол жерде жатып қалады.

Өзі сол жерде бір ай жатты. Қодарқұл кідіріп келмеді. Қызылбастан жесір алып Қодарқұл қалмақ келе жатқанда, алдымен қалмақтан хабар келді:—Еліңді ноғай шапты,—деді. Сонда Қодарқұл оза салды. Сол жерде екеуі кездесіп, сонда Қодарқұлдың сөйлегені:

Сонда Қодарқұл сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Менің атым—Қодарқұл,
Мен қалмақтың ерімін.
Енді ноғай өлгенің,
Өлім болды көргенің.
Қаза айдаған сор маңдай,
Қалай мұнда келгенің?
Сонда Төрехан сөйледі:
—Мен ноғайдың елі едім,
Ноғайдан шыққан ер едім.
Шынтасханның баласы
Төрехан батыр мен едім.
Алдым жеңіп қалаңды,
Шулатып қатын-балаңды.
Сендей болған қалмақтың
Көрейін дедім шамаңды,
Танытайын дедім бабаңды.

Сол бір сөзді айтқан соң, ерлер біріне-бірі шамданып, екеуі жекпе-жекке соғысады.

Қалмақ, ноғай алысты,
Жағаласып қалысты.
Бес күн салды жағалас,
Екеуі де артық ер екен,
Қайраты болды шамалас.
Күн беске толғанда,
Сондай заман болғанда,
Қодарқұлдай қалмақты
Көтеріп алып Төрехан,
Түбі терең, суы жоқ
Бір құдыққа салады.
Жағаласқан жерлері
Ала құйын шаң болды,
Көрмегенге таң болды.
Қодарқұл аузын таспен толтырды.

Сонда Төрехан «тағы да қалмақ болар деп, бары келер» деп, қасына ит ертіп, аң аулап, сонда жата береді.

Ендігі сөзді Төреханның қарындасы Ханбибіден естіңіз.

Сонда Ханбибі әкесі Шынтасқа келіп айтады:—Әке, менің жалғыз ағам Төрехан келмеді, кешікті. Маған бір желмая бер,—деді. Сол жалғыз ағамды іздейін, құр басым үйде отырып не етемін,—деді. Сонда Шынтасхан қуанды. «Бұл қарағым қатарға әйел де болса қатарға енген екен, ағасын іздеймін дегені қандай жақсы» деп, Шынтас қуанды.

Желмаяны алдырды да, азық-түлік тамақ берді. Қызды жөнелтіп жіберді.

Қыз бірнеше күндер жүріп, қалмақтың елінің шетіне жетті. Келсе қырылып жатқан адамды көрді.—Алда, жалғызынан жабысқыр-ай, жан қоймаған екен,—деп, Ханбибі ағасын қарғай берді және Қодарқұл, Төреханның жағаласқан жеріне келеді «бұл не қылған шаң?» деп. Маядан түсіп қарап және сол жерде қазандай қара тас көреді. Тасты аударып, астында бір құдық көрді. Құдыққа еңкейіп тұрып:—Бұл құдықта кім бар?—деп сұрады. Сонда Қодарқұл қызға сөйлей бастайды:

—Болайын шешең мен,—деді,
Шығара көрші сен,—деді.

—Мен шешесіз қалайын,—деп, Қодарқұлды кесекпен ұрды.

—Болайын әкең мен,—деді,
Шығара көрші сен,—деді.
Құдықта жатып Қодарқұл
Қақсап сөйтіп сөйледі.

—Мен әкесіз қалайын,—деп, тағы да ұрды кесекпен.

—Болайын ағаң мен,—деді,
Шығара көрші сен,—деді.
Осылай деп Қодарқұл
Тағы да айтып сөйледі.

—Мен ағасыз қалайын,—деп, тағы ұрды.

—Болайын інің мен,—деді,
Шығара көрші сен,—деді.
Құдықта жатып Қодарқұл
Қоймай қақсап сөйледі.

—Мен інісіз қалайын,—деп, тағы да ұрды.

—Болайын байың мен,—деді,
Шығара көр сен,—деді.
Сонда қыз:
—Қалай шығарайын мен,—деді,
—Арқанды сал сен,—деді.
Арқанды салып қалады,
Қодарқұлдай қалмақты
Қауғадай тартып алады.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз