Шынтасұлы Төрехан (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Төрехан алты жасында асық ойнап жүреді, балалардың асығын ұтып алды. Төреханның қолындағы асығын балалар тартып алады. Төреханға ешкім болыспаған соң, жылап үйіне келді. Шешесіне келіп жылады.
—Шырағым, неге жылайсың?—деді шешесі. Сонда Төрехан сөйледі:
—Айналайын, шешеке,
Балалар ойды көзімді,
Сабады-ау менің өзімді.
Бізде жақын жоқ білем,
Мені сабап жатқанда,
Болыспады бір кісі,
Сүйегім сүйтіп езілді.
Аламын деп басымды,
Жұламын деп шашымды.
Ағайын-туған жоқ па еді,
Болыспады бір бала.
Айналайын, шешеке,
Бұл сөзіме, сен, қара.
Сонда кемпір жылайды,
Көзінің жасын бұлайды.
Жалғызы жылап жатқан соң,
Анасы қалай шыдайды?!
—Айналайын, қарағым,
Атаң Шынтасхан еді
Білігін жұрттан асырған.
Туған артық жан еді,
Атадан жалғыз сол еді.
Сол айтқаным жол еді,
Атаң артық ер еді.
Ерегіссе, ел алған,
Дұшпанын басып, кек алған.
Атаң таққа мінген соң,
Ноғай мен халқың дем алған.
Аға да жоқ, іні жоқ,
Ерліктен басқа міні жоқ.
Астана жұртты меңгерген,
Азын көпке теңгерген
Артық туған хан еді,
Асылы артық жан еді.
Сонан туған, қарағым
Төрежан, жалғыз бала едің,
Атадан тақ жан едің.
Қарағым, барма балаға,
Өзің баршы қалаға.
Сен түскен соң бұл жерге,
Жүруші едім қуанып,
Терегім өссе дүниеде,
Саясы пана болар деп.
Жасы онға келген соң,
Қатарға балам толар деп.
Сол кезде Шынтасханның ақтабан қара аты бар еді. Сол қара атқа Төрехан батыр қарады.
Ақтабан атқа барады,
Барады да сол бала
Атқа ерді салады.
Ақтабанды ерледі,
Ерлеп жүріп терледі.
Ерлегенін баланың
Шешесі мен әкесі
Байқап оны көрмеді.
Ерлеп атты болған соң,
Жүгіріп үйге келеді.
Басына киіп дулыға,
Үстіне киді шарайна.
Әкесі мен шешесі оны көрмеді. Және балдағы күміс ақберенді бала байлап, үйден найзаны алып шықты.
Ақтабан атқа мінеді,
Атқа мініп алғанын
Шешесі сонда біледі.
Келе кемпір сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді,
Көзінің жасы төгіліп,
Жылай берді егіліп:
—Айналайын, жалғызым,
Барасың қайда сен?—деген.
Сен кеткен соң далаға,
Нем қалады өлмеген?!
Балам болсаң, көріп кет,
Қолыңнан қазып көміп кет.
Кетпеші сен далаға,
Егер кетсең далаға,
Әкең болса қарт болды,
Кім ие болар қалаға?!
Алсаң, балам, тілімді,
Ағаң мен жоқ ініңіз,
Жалғыздығың білінді,
Атаң Шынтасхан еді,
Алпысқа келген шал еді.
Есіз қалаң қалмай ма,
Атаң Шынтасхандарға
Дұшпаны көзін салмай ма,
Қорлыққа басы қалмай ма?!
Сол жауапты естіп, үйден қарындасы Ханбибі жүгіріп шығып, ағасының жауға кеткелі тұрғанын көрген соң, сонда қарындасы сөйледі.
Қызың сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Айналайын, жан аға,
Болсын жаным садаға.
Сен кеткен соң далаға
Алтын басым күң болар,
Сіз кетсең далаға.
Атаң тұрған алтын тақ
Есіз қалып тұл болар.
Орнында оның тұратын
Сұрасақ сізден кім болар?
Сіз кеткен соң далаға,
Жасы жеткен қарт әкең
Ие бола алмас қалаға,
Басы қалар бәлеге.
Айналайын, ағеке,
Көзіңмен мені көрсеңші.
Мынау тұрған атаңа
Жолығып жауап берсеңші.
Төрехан сонда сөйледі:
—Ата менен анамыз,
Жалғыз туған баламыз.
Қодарқұлдай қалмақтың
Еліне кетіп барамыз.
Алла оңғарса жолымды,
Сол бір жауды аламыз.
Ата, жауап беріңіз
Төбесі шоқты қалмаққа
Ата, келер әліміз деп.