Манашыұлы Тұяқбай (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Ноғайлы елінде он бір би болады. Сол елге көп әскерімен Ындыс қалмақ деген кәпір Ашағар сайының бойындағы ноғайлыға келеді. Ноғайлының он бір биінің үлкені Орманбет биді шақыртып алды, сонда Орманбетке Ындыстар былайша жауап айтты.
—Дініме менің кір,—деді,
Айтқанымды қыл,—деді.
Айтқанымды қылмасаң,
Біздің жолмен жүрмесең,
Еліңді шауып аламын.
Еліңді салып бүлікке,
Талапайды саламын!
Сонда Орманбет:—Мен сенің дініңе көнбеймін, елімде он бір биім бар, содан хабар аламын, солар көн десе көнемін, көнбе десе көнбеймін,—деді. Қалмақтар «сен көнбеймін деп айтасың» деп, Орманбет биді өлтіреді. Он бір биді шақыртуға адам жібереді. Сонда он бір би жолға шығуға атқа мінеді. Манашы мырзаның үйіне түседі. Билер отырғаннан кейін сөз бастап, Манашыға былай дейді:
—Мына жауға баралық,
Осындай қиын кездерде
Өшіруге жаудың оттарын
Ерлік айла біз істеп,
Соған барып қаралық,—дейді.
Сонда Манашы жүруге айналды. Шешесі тұрып ой ойлады: «Бұлар өздері елдің басшысын бір пәлеге ұшыратар» деп, Манашының анасы ере жүрді.
Баратынын сұрасаң,
Ащағар сайдың басы еді,
Жабағы сайдың қасы еді,
Баратын жері осы еді.
Он бір би соған барып түсті. Сонда кәпір қамады, ойлап ақыл табады. Сонда Манашының жолдастары он бір би шеткері шығып кеңес құрды. Сол кеңесте олар Манашыны міндетке беріп кетуге ұйғарды.
—Міндетке бергенде үш күнде келеміз делік, үш күнде келмей көшіп кетелік,—деді. Енді Манашыны Ындысқа береді. Манашыны бұлар міндетке бергеннен соң, Манашының қайғы түсті басына, анасы келді қасына, сонда Манашының айтқаны:
—Атаңа нәлет ит кәпір,
Ұстама мені сен,—деді,
Мынау тұрған он бір би
Келмейді саған бұл,—деді.
Атаңа нәлет он бір би
Келмей енді қашады,
Осы айтқаным шын,—деді.
Ол кәпір «анау он бір би келемін» деп адам берген соң, Манашыны алып қала берді.
Сонда Манашы шешесіне сөйледі:
—Айналайын, анамыз,
Мен едім жалғыз балаңыз.
Жал-құйрықты кесіп ап,
Құдай жалғыз қылған соң,
Неге келсін шамаңыз?!
Иесіз қалды-ау, шешеке,
Жинаған дәулет қарамыз.
Тым болмаса болмады-ау
Иесі болып қалатын
Бір сәби де балаңыз.
Үш жасар қалды қыз бала,
Алған жарым бұл қалды,
Еңсесі биік ақ орда
Адыра болып тұл қалды.
Бастан бақыт құсы ұшып,
Ол құс қайта қонар ма?!
Қонғанменен, шешеке,
Бұл жалғанда оңар ма?!
Асыл туған, анажан,
Бұл дүниеден мен кеттім,
Ант ұрып кеткір он бір би
Сүйегімді жасытып,
Осы жолы меңдетті,
Ақ сүтіңді кеш,—деді.
Сол жауапты айтқанда,
Кемпір тұрып егілді,
Көзінің жасы төгілді.
Жалғызы өлімге кеткен соң,
Көкірегін басып шер,
Қабырғасы сөгілді.
Сонда кемпір сөйлейді:
—Айналайын, жалғызым,
Жапанда тұрған бәйтерек
Бір күні қурап солғаны.
Жалғызым, сенің далада
Отың жанған құл болып,
Атаңа нәлет он бір би
Ұшырды ма далаға.
Мен айналып болайын,
Жалғызым, сенен садаға.
Қолыңнан қазып көмбедің,
Өлгенімді көрмедің,
Сорлы болған мен бе едім?!
Аманатын Алланың
Көз алдыңда бермедім!