Манашыұлы Тұяқбай (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Тұяқбай үндемей тұрып кетеді, апасы мен шешесі ұйқыға кеткен соң, шешесінің пышағын ұрлап алады.
Етіне шекпен киеді,
Қолына алып пышағын,
Сарыойықты жағалап,
Он бір биді іздеуге
Тұяқбай сонда жөнеді.
Қыдырып жүрді шамалап,
Ноғайларды аралап.
Бес күн жүрді жағалап,
Билерді көрді шамалап.
Танып әбден алуға
Билерді жүрді сағалап,
Биді танып алды.
Бір мезгілдер болғанда,
Қонақ сонда болуға
Бір ауылға барады.
Билер барды ауылға
Артынан жүрді Тұяқбай
Сол билерді аңдуға.
Түс мезгілі болғанда,
Ақсақалдар тарады.
Шетке тіккен отауда
Он бір би жатып қалады.
Билер ұйықтап танады,
Оңаша ұйықтап қалады.
Билер ұйықтап қалғанда,
Тұяқбай да үйге жақын барады.
Тұяқбай үйге келген соң,
Бидің бәрін жарады,
Биді қырып салады.
Тұяқбай кейін қайтады,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Елеусіз жүрген жас бала
Үйіне қарай тартады.
Ауылдың келді адамы
Ол билерді көрмеге,
Қонағасын сыйлап бермеге.
Келген соң көрді қызықты,
Бұл секілді бұзықты.
Ағып жатқан қан көрді,
Қырылып жатқан жан көрді.
Үйі қаннан толады,
Аса қызық болады.
Мұны көзі көрген соң,
Ауылдағы көп адам
Есі кетіп талады.
Ауыл адамы тарады,
«Қырылып билер қалды» деп,
Шабуылды әр жерге
Адамдар сонда салады.
Билердің келді баласы,
Өліп билер қалған соң,
Жиналды халық, қарашы!
«Бұл қайдан болды?» деп
Бірінен-бірі сұрады.
Айласын оның таба алмай,
Қамалып ноғай тұрады.
Сол Орманбеттің баласы Әли деген бар еді:—Сол он бір бидің тұсында ауылға келген адам бар ма, біреуің білмейсің бе?— деді.
—Кім екенін білмедік, бір пақыр бала келіп отырды,—дейді.
—Манашыдан бір бала туды деп еді, сол бала болмасын, соны ойлап қараңыз,—деді. Ауылдың бір әйелі тұрып:—Мен от жағып жүргенде, жүгіріп бір бала кеткен,—деді.
Олар жаңағыдай болып жатқанда, Тұяқбай үйге барып пышақты тастай берді. Сонда Жұбай деген апасы сөйлей бастады:
—Айналайын, шешеке,
Көтерші бермен басыңды.
Тұяқбайдай жас бала
Алла жолын оңдағай,
Болмағай енді масқара.
Қару-жарақ сайлай көр,
Сарайда тұрған Көк тұлпар
Шығарып сыртқа байлай көр.
Сұр жебе мен қылышты
Сандықтан оны ала көр!
Сонда алды қорамса,
Беренді белге байлады
Тұяқбайдай жас бала.
Ер қаруы—бес қару,
Оны да алды асынып,
Ұрысуға жаулармен
Тұрды сонда сайланып.
Бара атты ерледі,
Ерлеп жүріп терледі.
Алтын тұрман, ер жүген
Атқа тегіс салады.
Атадан қалған ақ сауыт
Үстіне киіп алады.
Айыл-тұрман бек тартып,
Құйысқанын қысқартып,
Көк ала шұбар ту байлап,
Жолдың шықты басына,
Барды малдың қасына.
Ендігі сөзді он бір бидің отыз баласынан естіңіз. Сол уақытта отыз баласы Тұяқбайдан көріп:—Кел, Тұяқбайға баралық,— деп, ойлап кеңес құрып, бұлар да қаруын асынып, Тұяқбайды іздеп жүрді. Сол отыздың басы Орманбет бидің баласы Әли болады. Сонда атқа мініп келіп:—Тұяқбай қайда?—деп ақыра бастады. Сонда үйден апасы шыға келді. Сонда апасының берген жауабы: