Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айсаның ұлы Ахмет (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Айсаның жасы қырық жасқа келеді. Сонда баласы Ахмет те он бес жасқа келеді. Бір күні ақсақалдар жиналып отырып айтады, солардың біреуі кәрі батыр Алау болады, кеңесінде:—Айсаны бас қылып, өздері осы ноғайдан бөлінелік, басқа бір жерге қоныс тауып алып, көшелік,—деді. Айналасы алты айшылық Еділдің бір шетіне барып қонып отыра береді. Сонда Асанқайғы қарттың да бар кезі еді. Асанқайғы сонда баласын шақырып:— Кешегі ноғайдың артынан бар, қалай, жері жақсы ма екен?— дейді.

—Ай, Абатжан, Абатжан,
Қасыңа өзің ертші
Жол білер ағаң Ер Тоған,
Баршы, балам, соған да.
Қарғабойлы, Қазтуған,
Соларды қасыңа ал дағы,
Кешегі көшкен ноғайдың
Артынан қуып бар,—деді,
Қонған жерін көр,—деді.
Айсадайын басшыға
Жолығып жауап бер,—деді.
Абат пенен Ер Тоған,
Қарғабойлы, Қазтуған,
Салған жолы сүрлеудей,
Ерлерсің ғой жолың азбаған.

Сонан соң төрт батыр киініп, ат ерттеп жүруге айналды, «төртеуміз де азбаған ерміз, жау көрінсе соғысармыз» деп жүрді.

Астарында ерлердің
Жан азбаған тұлпар бар.
Қолында бар ақ найзасы,
Басына киіп дулыға,
Жайлаған шықты елдерден.
Шыққан соң елінен,
Және де өтіп барады
Жазық ойпат жерлерден.
Ол Еділді жағалап
Келеді өтіп көлдерден,
Және де өтіп барады
Қалың тоғай жерлерден.
Күні онға толғанда,
Жетер шағы болғанда,
Сонда жеткен секілді
Айса тұрған елдерге.

Ауылдың артына келсе, бір бала өтіп барады екен, сол балаға Абаттың айтқаны:

—Әй, бала, бері келші, бері келші,
Айсадайын басшыңа хабар берші.
Қасында үш те бірдей батыры бар
Баласы ол Асанның Абат деші.

Сонда бала Айсаға келіп айтады:—Кешегі біз көшіп кеткен Еділден Асанның ұлы Абат келіп тұр,—деді. Сонда Айса шығып барады. Сонда Абат сөйледі:

—Ассалаумағалейкүм, ай, Асеке,
Мен келдім сахаралы Еділден.
Содан қуып келгенім,
Сізге сәлем бергенім.
Асан атам жұмсады,
Кешегі кеткен Айсаның
Артынан соның бар,—деді,
Амандығын біл,—деді,
Сонсоң қуып келгенім.
Елі-жұрты аман ба
Ахмет пен Ер Алау,
Олар да аман ол бар ма?
Ие болмаса олар да,
Кетіп жауға қалды ма?
Қасымдағы ерлерім—
Арыстандай Ер Тоған.
Және ертіп алғаным—
Салған жолы азбаған
Қарғабойлы, Қазтуған.
Дәулетіне қарасаң,
Жүре-жүре сазданған.
Ерлігі мен байлығы
Маңыраған қойдай қоздаған.

Сонсоң Абатты қасындағы ерлерімен алып барып түсіреді. Сонсоң Алау мен Ахмет келеді. Келгеннен соң, сонда оларға қарап амандасып тұрып, Абаттың айтқаны:

—Аманбысың, құрбы-достарым,
Келдім сіздің соңыңнан.
Кекшіл арлан тәрізді
Алау менен Ахмет.
Сендерді көзім көрген соң,
Қуанып жүрек қоштадым.
Қасымда бар сұрасаң,
Айбаты асқан Ер Тоған,
Асқан ерің бұдан болмаған.
Ертіп және келгенім
Қарғабойлы, Қазтуған.
Қары аралас жаңбырдай
Әруағы ердің бораған.
Асан атам жіберді
«Қайтсын,—деп,—кейін Еділге.
Біраз ноғай болалық,
Жиналып кеп отырсақ,
Болмай ма,—деді,—Еділде».

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз