Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Манашыұлы Тұяқбай (6-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сонда Тұяқбаймен дос болып, барлығы еліне қайтып кетеді. Тұяқбай «бір айдан қалмай келіңдер» деп жолдастарына солай айтып жіберді.

Бір айға күні толғанда,
Айтқан шағы болғанда,
Отыз кісі бұл келді.
Басшысын оның сұрасаң,
Орманбеттің баласы
Бастығы сол, қарашы!
Бір күн жатты бөгеліп,
Кететін болды екінші күн
Жауға сонда жөнеліп.
Атқа мініп алғанда,
Апасы келіп қасына
Сонда бастап сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қуанып едім күлгенде,
Жарылып еді жүрегім,
Сен бір атқа мінгенде,
Қатарға шығып жүргенде.
Барасың қай бір елдерге,
Қандай-қандай жерлерге?
Сен кеткен соң далаға,
Не күн туар, қарағым,
Атам менен анаға!
Кім ие боп тұрады
Қалған мынау қараға?
Көз салмайды кімдер кеп,
Сен кеткен соң біздерге.
Артыңда қалған інің жоқ,
Сен кеткен соң ол жаққа.
Сонда анасы келді жүгіріп,
Отыра алмады кідіріп:
—Асылы туған, қарағым,
Егер кетсең далаға,
Кімді қойып кетесін
Мұндай иесіз қалған қараға?
Кетемісің сен тастап
Анаң менен апаңды?!
Кетіп есім меңдеген,
«Дүниенің жүзінде
Бір перзентім көрсем» деп,
Мен де байғұс сорлы едім,
Бір көре алмай шөлдеген.
Тоғыз ай, он күн көтеріп,
Көрген балам сен деген.
Тастап кетсең бұл жерге,
Нем қалады өлмеген?!
Тілімді алсаң, бармай қал,
Алмасаң тілді, нетейін?!
Жоқ жақында ағайын,
Аллам жалғыз жаратты,
Ағайынды қайдан табайын?!
Айрылсам сенен, жалғызым,
Көрер көзім құм болар,
Сөнген соң отым күл болар!
Кетем десең кетесің,
Қош аман бол, перзентім,
Тапсырдым Аққа мен!—деген.
Сонда Тұяқбай сөйледі:
—Қайғы етпе, анамыз,
Атам менен шешемнің
Кегін жаудан алуға
Ындысқа кетіп барамыз.
Қияметтік достарым—
Қасымдағы жолдасым.
Жолымызды бастайтын,
Орманбет бидің баласы!
Жолымды Құдай оңдасын.
Сол сөзді айтып Тұяқбай,
Жауға қосын салады.
Отыз кісі жол жүріп,
Жапанда кетіп барады.
Ол үш айлық жол еді,
Алыстағы сол еді.
Ақ берені жарқылдап,
Ай жарымдық жол жүрді,
Аз ғана емес мол жүрді.
Ноғай келер деген соң,
Ындыстың ханы Мейрамхан
Елі-жұрты, халқынан
Аттанған екен мың кісі.
Қарауылға шығыпты,
Алдында қара көрген соң,
Мың кісінің ішінен
Жүз кісі шықты барарға,
Содан хабар аларға.
Бұлардан екеу шығады
Әли менен Тұяқбай.
Сол уақыт болғанда,
Екі қолын таянды.
Қайсысының жеңері
Көкірегіне аян-ды.
Жақындап жетіп келгенде,
Сонда Мейрамхан сөйлей бастады:
Танымай тұрмын мен,—деді,
Қай халықсың сен?—деді.
Асылыңды айтып, ер болсаң,
Осы жолы бер,—деді.
Мекен еткен қашаннан
Мен Ындыста хан,—деді.
Іздегенім сұрасаң,
Ноғай деген ел,—деді.
Көрейін деп келемін
Мен ноғайдың баласын.
Шабайын деп келемін,
Талқандап оның қаласын!
Сонда Тұяқбай сөйлейді:
Іздегенім сұрасаң,
Бұл Ындыстың қаласы.
Мейрамхандай қалмақтың
Алуға келдім қаласын,
Шулатуға баласын.
Тыңда, қалмақ, кебімді
Жібермеуге іздедім
Сенен кеткен кегімді.
Қапияда шауыпсың
Байтақ жатқан елімді.
Орманбет биді өлтірген
Ащағар сайдың басында,
Манашы мырза қасында.
Сол кегімді аларға,
Басыңды жерге саларға
Іздеп келдім мен сені.
Өзіңді сенің өлтіріп,
Желкеден басың аларға.
Сол екеуін өлтірген
Мейрамхан залым сенбісің?
Сол залым хан сен болсаң,
Оярға сенің көзіңді,
Өлтіруге келдім өзіңді,
Тыңда менің сөзімді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз