Манашыұлы Тұяқбай (7-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Тұяқбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Саройықты жайлаған
Сұрасаң менің елім бар,
Кеткен сенде кегім бар.
Мен бір туған ер,—деді,
Манашыны өзің өлтірдің,
Баласы соның мен,—деді.
Дәмең болса ит қалмақ,
Алысалық, кел,—деді.
Сонда Мейрамхан сөйлейді:
—Ащағар сайдың бойында
Ноғайдың елін үркітіп,
Жақсыларын өлтіріп,
Ноғайға салдым мойынды-ай,
Қан қылғам шауып ойыңды-ай,
Қылғанмын сүйтіп тойыңды-ай.
Қолыңнан келсе, кегіңді ал,
Шаптырым сондай жеріңді ал.
Қолыңнан олар келмесе,
Үре-үре өзің қал!—деп,
Мейрамхан тұра берді
Сол бір сөзді есітіп.
Тұяқбайдай батырың
Қылышты алды қолына,
Жұлдызы туды оңына.
Қылышын қолға алған соң,
Алып сонда сермеді.
Мейрамхан да ер еді,
—Соғысам десең, кел!—деді.
Сол бір мезгіл болғанда,
Қарсы найза салысты,
Қарт бурадай алысты.
Ат үстінде екі күн
Жағаласты салысты.
Үстіндегі ерлердің
Айбатына шыдамай,
Астындағы айуан да,
Шөге жата қалысты.
«Жіберем бе» деп ойлайды,
Біріне-бірі намысты.
Сол мезгілі болғанда,
Шөккен аттан түсіп ап,
Жаяу жүріп жағалас
Ерлер тағы салысты.
Күн төртеуге толғанда,
Мейрамхандай кәпірдің
Буыны кетті әлсіреп,
Тізесі оның бүгілді.
Бүгілмес еді тізесі
Әлсіреп өзі жүргенде,
Аяғы тасқа ілінді.
Қайраты оның таусылып,
Құрыған сонда сілесі.
Тұяқбайдай ол бала
Қанша мықты болса да,
Астына бұрап бір салды,
Қанжарын сонда қолға алды.
Бүркіт алған қозыдай
Тамаққа қанжар ол салды.
Мейрамхандай кәпірдің
Артындағы көп қолын
Жапыра бәрін шабады.
Тұяқбайдың қолынан
Бұрын келіп қалады.
Олар келіп қалғанша,
Әли менен Тұяқбай
Атқа мініп алады.
Мініп атқа алған соң,
Әлденеше болмай-ақ
Екі жақтан шабысқан,
Бірнеше күн айқасқан.
Тұяқбайдай жас берен
Астында мінген көк тұлпар,
Қолына алып семсерін,
Оң келгенін оң шапты,
Сол келгенін сол шапты.
Атаңа нәлет кәпірдің
Талайын сүйтіп сұлатты.
Қайратты туған ерлердің
Айбатына шыдамай,
Өлді сонда ұзамай.
Қырылды сегіз жүз қалмағы,
Өлді сонда ұзамай.
Өліп көбі қалған соң,
Қашты көбі шыдамай.
Отыз ердің ішінде
Төртеуі өліп қалыпты.
Қалаға келді көп қалмақ,
Қаланың ішін шаң қылды,
Қызыл жоса қан қылды.
Қалаға ойын салады,
Жесір-жебір шұбыртып,
Қалмақтан соны көп алды.
Шұбыртып оны айдады,
Солардың соры қайнады.
Мейрамханның баласын
Ағашқа таңып байлады,
Өлімді оған сайлады.
Сонда келді еліне,
Өзінің мекендеген жеріне.
Сонда шешесі сөйледі:
—Айналайын, қыраным,
Аман-есен келдің бе?
Қыраным деп сүйген, шырағым,
Қалмаққа сен бардың ба,
Кегіңді одан алдың ба,
Айдап жолға салдың ба?!
Бұздың ба оның қаласын,
Көрдің бе оның шамасын?
Қорлыққа салып айдашы
Қатыны мен баласын.
Жаңа кірді іреңім,
Жарылып тұр жүрегім.
Толып тұр менің бұл ордам
Бүгінгі күні келді ғой
Манашы мен анамыз.
Сау-саламат келді ме
Қасыңдағы ерлерің?
Сенің күтіп жолыңды
Арманым жоқ, өлмедім!
Тұяқбай батыр өтіпті,
Мұрадына жетіпті,
Алып беріп ел кегін.