Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айсаның ұлы Ахмет (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

деп ерлер Алауға айтты. Сонан кейін Алау оларға:—Біз де соның артынан қуып барайық. Айсекемді бас қылып, елді Еділге көшірелік те кетелік,—деді.

Айсаға келіп ер Алау
Сонда тұрып сөйледі:
—Ахмет кеткен көрінеді,
Біз де артынан кетелік,
Барып қайрат етелік.
Көшіріп елді Еділге,
Ағайынның қасында
Отыралық Еділде.
Сол сөзді айтып болған соң,
Ерлер қару асынып,
Аттарына мініп ап,
Артынан қуып жалғыздың
Сонда ерлер жөнеді.
Алау менен Ер Абат,
Және де асқан Ер Тоған,
Қарғабойлы, Қазтуған
Қаһарланып олар ұмтылса,
Қары аралас жаңбыр бораған.

Сонан кейін ел көшіп Еділге барады. Еділге барып Асанқайғының қастарына қонады, сонда Асанқайғы:—Балалар қайда?—деп сұрайды. Сонда Айса ерлердің ерегісіп жауға кеткенін айтады.

Ендігі хабар ерлерден болады:

Бірнеше айлар өткенде,
Сонда жеткен секілді
Ахметтің артынан
Аттары болып қара тер,
Құйысқаны шартылдап,
Ақ найзасы жарқылдап,
Ауыздығымен қаршылдап.
Соғыспаған Ахмет,
Тұр екен әлі кідіріп.
Қасына жетіп келеді,
Абат мерген Ахметке
Сонда сөйлей бастады:
—Ай, Ахмет, Ахмет,
Аманбысың-саумысың,
Сау-саламат бармысың?!
Ашуланып бір сөзге,
Кеткен қызыл жармысың,
Көңілі тар шермісің?!
Досқа досы сөз айтпай,
Ойын-сауық бола ма?!
Ойын-сауық құртылып,
Отырғанмен оңа ма?!
Ашуланба, қаттанба,
Буырқанба, бұрсанба,
Мұздай темір құрсанба,
Еділге қарай көшті ел.
Аман болсақ, барармыз,
Медет берсе, бір Алла.
Қалмақты шауып алармыз,
Еліне бүлік салармыз.
Сол сөзді айтып болды да,
Арыстандай бесеуі
«Қалмақтың елі қайда?» деп,
Сонда жортып жөнелді.
Жоғары ұстай найзасын,
Найза ұшында туы бар.
Өтті талай белдерден,
Қарағайлы батпақ жерлерден,
Айдынды шалқар көлдерден,
Көлгірсіген құба дөңдерден,
Биік өтті таулардан.
Сар желумен келеді
Жақын биік таулардан.
Ор қояндай орғытып,
Одан да өтіп жөнеді.
Қолдарында ақ найза,
Ен далада бес бөрі
Бөкең-бөкең желеді,
Әлі де жетпей келеді.
Таудан асқан мезгілде,
Алдарынан олардың
Кемпір болып аяулы
Ерлерге жақын келеді.
Сонда ол кемпірге
Абат тұрып сөйледі:
—Ай, шешеке, шешеке,
Мұнша неге қаңғыдың,
Бала-шағаң жоқ болып,
Көңілің жыртық болды ма?!
Айналаңда ел бар ма,
Мекендеген елді жер бар ма?
Түзден арып келеміз,
Ат суарар көл бар ма?
Шыныңды айтшы, шешеке?—
Деп бір Абат сұрады.
Сонда кемпір сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ақылыңа қарасам,
Патшадай толғаған
Ақылды туған данасың.
«Шешеке» деп сөз сөйлеп,
Көңілдің кірін аласың,
Сөзіме құлақ саласың.
Тұқымыңды сұрайын,
Қай халықтан боласың?
Жүрген жолың сұрайын,
Өзің қайда барасың?
Айбатыңа қарасам,
Жолбарыстай қалыпты,
Қатқан қабақ кірпікті,
Түн ұйқысын көріпті,
Қатты жолға жүрдің бе?
Сонда Алау сөйледі:
—Әй, шешеке, шешеке,
Тұқымымыз ноғайлы.
Қалмақтан кекті алуға,
Сол қалмаққа баруға,
Еліне ойын салуға,
Олжалап елін алуға,
Ұлын отын етуге,
Қызын қатын етуге
Біз барамыз, шешеке,
Жолымыз жүрген солай-ды.
Сонсоң кемпір жөнелді
Өзінің кеткен жөніне.
Бір төбеден ол асып,
Көрінбеді ерлердің
Байқап тұрса көзіне.
Сонда Ахмет сөйледі:
—Ай, ерлерсің, ерлерсің,
Жаңағы тұрған кемпірдің
Байқап сырын көрдің бе?
Сол бір жансыз болған-ды.
Батыр аңқау, ер көдек,
Дүние болмас дөңгелек.
Алдағанға нандық қой,
Өлтірмей соны қалдық қой.
Сырымызды біздің алған-ды,
Өлтірелік біз,—деді,
Кім шабады, жел?!—деді.
Жарап жүрген аттарды
Қамшыменен бір салып,
Артынан қуып жөнеді.
Ахметтің мінген Құлаша
Барлығының алдына
Үдеп шығып кетеді.
Артында оның келеді
Алаудайын еріңіз
Ақтанау мінген атымен.
Онан соң шығып келеді
Шапқан қатты Ер Абат.
Артынан оның келеді
Қарғабойлы, Қазтуған,
Батыр туған Ер Тоған.
Үшеуі қалған артында
Келеді сонда қат-қабат.
Сонда кемпір көрінді,
Артына сонда қарады.
Астындағы Құламен
Кемпірге жақын барады.
Кемпір де мұны көреді,
Екі аяққа жалынып,
Кемпір сорлы жүгірді,
Жаман қатты сыдырды.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз