Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Батырдың тууы, жас шағы (3-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Бурыл атпен майдан тартқан жас батырды көрген жау айқаса кетуге батпай, бет-бетімен жылқыны тастай қашады. Аты мен күші сай келген Қазыбек жауының бірқаншасын түсіріп, жылқысын айырып алып елге қайтады».

Осы отырысында Қазыбек би Жәнібекті бұғанасы қатпаған жас, сүйеніші жоқ жалғыз деп аяп отыр еді. Енді Жәнібектің әлгі сөзіне қарым қайтара алмай қысылған бейне байқатады. Қайрандап қалған атасына ренжіген Жәнібек:

—Он сегізге келгенше жігіт болып жетіле алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, мені бір от басын айналған көбелектей көргеніңіз бе?—деп құсалана сөйлеп, шыға жөнеледі. Оның шын ашуын көрген көзғарақты би:

—Мынаның көкбөрісі ұстаған екен, рұқсат бермесем, құсадан өліп кетер, немесе батасыз кетіп жүрер,—деп қайта шақыртып алады. Ордаға кірген Жәнібек әуелгісіндей иіліп бата тілегенде, Қазыбек би:

Ата ықыласын алған батыр тұңғыш майданға нағашысы ырымдап мінгізген көк дөненге мініп, анасынан рұқсат алуға асыға жол тартады.

Шапса, шабысы, жүрсе, жүрісі бар көк дөненнің де дәл бабына келген кезі екен, ащы терін шашқысы келіп, ауыздығын шайнап алысқан жануар батырдың алып ұшқан жүрегіне қанат-құйрық болып сәйкеседі.

Анасының ауылына келіп, атағашқа атын іле салған Жәнібек үйге қарай жүгіргенде ақ күндікті анасы «жолың болсын!»деп тілек тілеп, шашуын шаша алдынан шығады. Ұлының ер азамат болып атқа мініп, ер қатарына қосылғанына қуанады, әрі алдында жал, артында құйрығы жоқ жалғызының қан майданға бара жатқанын ойлап қан жұтады. Нағашы атасынан рұқсат алғанын да естіген болатын. Енді ер көңілді, ақылды ана алдына бір тізерлеп иілген баласының маңдайынан сүйіп:

—Мен саған не айтамын, қамырығымды басып, қайғымды жеп айтамын. Артымда белгі қалса екен деймін, қызығыңды көрсетіп, алдыңда алса екен деймін. Саған тілек тілесем, әмісе жолы болса екен деймін. Оқ алдыңнан тисе, анаңның сүтін ақтағаның! Оқ артыңнан тисе, анаңның қарызын жүктегенің! Әуелі қосыңды тап, онан соң досыңды тап. Сен үшін тіленбеген не қалсын?! Жолың болсын, бақытың жансын!—деп ықыласын береді.

Шеру тартып кеткен қолдың соңынан күн-түн жүріп қуып жеткен Жәнібек Керей елінің қолбасшысына жолығып, сарбаздардың бірі боп қосынға қосылады.

Анасы айтқан ақылия сөз күн өткен сайын Жәнібектің есінен мығым орын иелей береді. Бір күні қолбасшы батырдың қасында сапысын суырып, жаубүйректі қиялай турай отырып, осы сөздердің мағынасын сұрағанда, қолбасы тақиясын желкесіне қарай сиырып қойып, бүй деп шешеді:

—Анаң ана екен ғой! Ана болғанда дана екен ғой. Оқ қайтпас қас батырдың алдынан тиеді. Қашқан жанның артынан тиеді. Елсіз ер болмайды, ер серіксіз болмайды!

Ақылды ананың сөзін тоқсан толғап ойланған Жәнібек өзін өмірдің өріне салып, халқымыздың ұлттық намысына, елдің елдігі үшін арнайды. Жоңғар шапқыншыларына қарсы алғашқы сайыста-ақ өзін бүкіл қазақ- моңғолға таныта бастайды.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз