Батырдың тууы, жас шағы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 4 мин оқу
Жылқыға жетіп келген би құсбегі, саятшы серіктерін қосқа жібереді де, өзі бірер жолдасымен жылқысын аралап, жылқысының межесін байқап, күйін көре бастайды. Белгілі-белгілі айғыр үйірлерін тұра қалып түстейді, тіпті жабағыларын санап, жылқының таңғы жусауына қарап күйін байқайды. Сөйтіп келе жатқанда таң да атады. Бидің көзі тебіндегі жылқының қарсы алдындағы бір биік құмның бауырында қаңтарулы тұрған тобылғы торы айғырға түседі. Жылқышылардың алғашқы кезіккені де осы екен. Таяп келген би үстіндегі қара киізден тіккен кебенегін астына салып, қой етігін шешіп, атының шылбырын жамбасына басып ұйықтап қалған Жәнібектің үстінен арлы-берлі екі көкжал бөрі секіріп түсіп ойнап тұрғанын көреді де, қатты көңілденіп, көңіл күйі толқып, ежелгі әдетімен былай толғайды:
«Аруақты батыр боларсың,
Алысқан жауды аларсың.
Еліңді ел етерсің,
Ежелгі жерге жетерсің.
Егіз бөрі тұрғанда,
Екіленбей нетерсің?!»
Абақ елі қос бөрі иесі бар деп аңыз ететін Жәнібекті ақылойлы би деп таниды да, былайғы жерде оны қолтығына алып, баурына басып мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тырнақтыға ілдірмей өсіреді.
* * *
Жәнібек он сегіз жасқа шығып күш-қайраты толысып, ел алдына, ер қатарына ілінген кезде Жоңғар шапқыншылары қазақ жеріне шабуыл жасамақ болады. Бұған қарсы Орта жүз ханы Әбілмәнбет үш жүзге сауын айтып, атшабар аттандырып, қол жияды. Абылай сұлтан қолбасы боп аттанады. Соның алдында ғана «Ақтабан шұбырынды...» болған елдің есінен Жоңғар ханы Суан Рабданның қанжоса ғып қырғындаған қорлауы әлі кете қоймаған еді. Ер азамат біткен ереуіл атқа ер салады. Бұл кезде жерортасынан асқан Қазыбек би өз елінің қолбасын сайлап, сарбаздарына сәтті жол тілеп, аттандырып жатады. Сондай қарбалас күннің бірінде орданың есігін айқара ашып, «Дат, тақсыр!»—деп кіріп келген, жас жігітке би селт етіп тігіле қарайды. Қарсы алдында шарайнасын киіп, жау жарағын асынған жиені Жәнібектің тұрғанын көреді. Ол бір тізесін бүгіп:
—Дат, ата! Ел ішіне жау тиді, ер азамат атқа қонды. Ер азамат қатарында Абылайға сарбаз болып үлкен жолға аттанайын деген ойым бар, ақ жол тілеп, ақ батаңызды беріңіз,—дейді. Мына тілек биді ойландырып тастайды. Алтын тонын иығына қайта жамылған Қазыбек:
—Қарағым Жәнібек, елге берген батамды өзімнен неге аяйын. Ер азамат етіп өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім, жасыңа жетпей жау тілеме, қарағым!—дейді. Сонда Жәнібек:
—Ата, он сегіздегі жас қандай жас?
Өзіңізден қалған жас.
Айқасқан жауды алған жас,
Алдыңа жаяу салған жас,—
дейді. Жәнібектің бұл сөзінде бір сыр бар еді, «Қорушыны торушы алады» деген бір сөз бар. «Күзеуге созыла көшіп, күн еңкейе жетіп, Үлкен Қолатты бойлай қонған туыстас ауылдар жылқысын қолаттың басындағы тұйыққа салып, жау келетін ауызды өздері алып, жайбарақат жатып қалады. Ел көзі ұйқыға бара бергенде, ауылды басып келіп қалған қалың жылқының дүбірінен уда-шу болады, ауылдың үстін бастыра жылқы қуған жырынды жау жылқышылардың бекітулі аттарын да ілестіре кетеді. Жауды қуып, жылқыны айырарға қолында тігерге тұяқ қалмаған ел бос сарпалдаңға түсіп, жылқысын көпе-көрнеу айдап кеткен жауға қарсы шыға алмай, қайраты мұқалып, діңкесі құрып, қарадай қор болып қалады.
Бірақ жылқы соңынан жас жігіт Қазыбектің бас білгі ақбас тайлақпен кеткенін ешкім де білмеген еді. Қазыбек сол ақбас тайлақпен жылқы соңынан жеткенде есік пен төрдей бурыл атты, айбалтасын көлденең ұстаған, еңгезердей біреу аз тосып тұрады да, желбегей шапанды бала жігітті бойына да тоғытпай, бурыл аттың басын жолға салып, тиіп алған жылқысының соңынан еркімен аяңдатып жүре береді. Жол тосып, кешеуілдеп келе жатқанына қарап, жортуыл басы осы болар деп ойлаған Қазыбек оған абайлай қарайды. Басында дулығасы, белінде сапысы бар, сырт бейнесі шойыннан құйған алып қара құман секілді батырдың менменсігенін байқап қалған Қазыбектің жүрегінде намыс оты бұрқ ете қалады. Ызасын ақылына жеңдірген ол алдындағы темір құрсанған адуын дұшпанның тиімді жерін көздеп келеді. Дұшпанның алкеуде, аусарлығы—сәт балғасының соғылған жері еді. Қолында шолақ сапты найзасы да жоқ Қазыбектің көзі ал деген жерден оның беліндегі сапыға түседі. Тайлақпен таяй берген Қазыбек қолындағы қара сырығын жерге тірей секіріп, көзді ашып-жұмғанша бурыл аттың артына міне түседі. Күтпеген жерден сап етіп жабыса қалған қуғыншыдан сасқалақтап қалған батыр ұзын сапты найзамен ештеңе өндіре алмайды. Сапыға көзін тіге атылған бала жігіт бурыл аттың арқасына тақымға тиген заман дұспанның қаруын суырып алып та үлгіреді, жанды жерінен тиген өткір сапыдан ат иесі құлап түскен кезде бурыл атқа орнығып алған ол жауының найзасын жерге түсірмей қағып алады.