Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Батырдың тууы, жас шағы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет Арғынның қаракесек руынан шыққан Қазыбек бидің қызымен үйленгеннен кейін әйелі бірнеше жыл бала көтермей жүріп, соңында Жәнібекті көріпті. Перзентке зар ата-ана жас нәрестенің шілдехана тойын жасап, болашақ батырдың алғашқы таңын әнмен атырады. Әйелдерді шақырып, қалжасын беріп, ат шаптырып, бесік тойын жасайды.

Әкесі Бердәулет баласына ат қойғызарда Арғынның шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан тосып, сәлем беріп, қуанышты көңіл күйін айтады. Балаға зар болып жүрген Бердәулеттің тілегіне бар ықыласын берген Шақшақ Жәнібек оның үйіне түседі. Қуанышты ата-ана ағынан ақтарылып, адал ниетімен, «ақсарбас» қойын айтып сойып, қарсы алады.

Ата-ананың қуанышынан жүрегі тебіренген батыр бесікті алып, бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, тебірене бата беріп бүй дейді:

—Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол!
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң, есер бол!
Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол!
Жабылған жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол,
Жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!

Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап:

—Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын! Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа!—дейді. Шақшақ Жәнібекті пір тұтып сыйынған ата-ана:

—Әмин!—деп бетін сипайды. Жәнібектің әкесі Бердәулет жастай дүние салғандықтан, Қазыбек би жиені Жәнібекті ат жалынды өсіруді ойлап, өз қасына алады. Сөйтіп, Жәнібектің балалық шағы нағашы атасы—Қазыбек бидің қолында өтеді.

Шаруашылығының ең үлкен тірегі мал болған қазақ халқы төрт түліктің ішінде жылқыны «саусам—сауыным, жауға аттансам—кезең асар керігім»,—деп қадыр тұтып өсіретін. Сырттан келген жау-жар да, ұры-қары да алдымен жылқыға тиетін. Сондықтан қазақ халқы: «жылқы соқса—желдікі, қуса—жаудікі» деп, мал ішінде қораға айналатын жатын малдан гөрі, жылқыны алабөтен жақсы көретін, осы түлігіне көз қырын ерекше салып, атан жілікті, атпал азаматын жылқы бағуға шығарып, жасынан жалт қаратқан ұлын отарға жіберіп, асаудың жалында, ақпанды дауылда өсіретін. Оған жарамаған жасты кезең аса алмайтын, ұйқысын аша алмайтын, аяғын баса алмайтын жасық санайтын.

«Кісі болар кісіні кісесінен, кісі болмас кісіні мүшесінен таниды» дегендей, адам тегінің тап басып сөйлейтін сыншысы Қазыбек би жиені Жәнібекті алысса, білегі бар, арбасса, жүрегі бар, ақыл мен жігері бар жан деп таниды да, бетінен қақпай, талабын тойтармай баулиды. Ат жалын тартып мінуге жараған кезінен бастап жылқышыларға қосып отарға жібереді. Сөйтіп, бала Жәнібекті жылқы іңіртінің жесегімен жетілдіріп, сары аязға салып ширатып, салбуырындағы қанды көз қыранша бауырын аштырады. Сол ортада жүрген кезінен-ақ Жәнібектің іс-әрекеті ел көзіне түсіп, аңыз болып тарап жатады. Сол аңыздың бірі Жәнібектің екі көкбөрісі туралы еді.

Халық Жәнібектің көкбөрі қонған киелі батыр санайды. Ол туралы нағашы жұрты жағынан тараған мынандай аңыз бар. Қазыбек би отардағы малына барып, амандығын білуді ойлайды. Әр жылы қыста қос-қос атты жолдас ертіп, жол бойы қыран құстарына аң ілдіріп, сол бетінде отардағы жылқысына дейін барып қайту бидің әдеті екен. Жас кезінде батыр болып, желдің өтінде, жаудың бетінде жетілген Қазыбек енді би атанып, ел басқарып, қазақ хандарының ақылшысы болып жүргенімен, қыста салбуырын құрып, отардағы малына барып, амандық жамандығын көзекі көріп қайту әдетін тастамапты. Көшпелі қазақ байларының үлкен байлығы тек мал еді. Ол банктегі ақша, сандықтағы алтын сияқты салулы құлпы, соғулы қорғаны бар дүние емес, кезең асса, көз жаздыратын, сынаптай толқып тұратын байлық болғандықтан, байлар қос қолын малдан ала алмайтын. Сондықтан Қазыбек бидің бұл сапарын кім көрсе де өрескел дей алмаушы еді. Ал Қазыбек секілді әрі батыр, әрі ақылман болып өскен кісілерге ақпанның аязында қырау басқан тұлпарды бар тебінімен ағындатып, аппақ қарды жосыта тартып жол алудың өзі бір ғанибет сезіледі. Сол сапарын бастаған би отардағы жылқысына жол алып, көңілдегі жерін көздеулі уақытында басып келе жатыпты. Таң қараңғылығы серпілмеген, есекқырған жұлдызы төбеге таяп қалған кез екен. Үйреншікті мекенінде топ-топ сексеуіл өскен құмды төбелердің баурайында таңғы жусауындағы жылқылар үйір-үйірімен тыныштық алып тұрады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз