Көкжарлы мен Бура (3-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Қоймады қой дегенге тоқтау бермей,
Айтқанын үлкен-кіші адам демей.
Зарлады дауа қылып сорлы кемпір,
Болған соң өлтіретін дамыл бермей.
—Құдай-ау, айналайын құдіретім,
Бұзылды жетім көрсең, сенің ниетің.
Бұқардан келген сартқа ініңді сатып,
Күңкені зарлатып ең, тірі жетім.
Сендердің қылығыңды атаң білмес,
Айтуға сенен қорқып шамам келмес.
Ал айттым, өлтір мейлің, тірілт мейлің,
Бір жаным Қайырымнан артық емес.
Саржомарт Ақтанкерді жетекке алып,
Суармақ бұлақ жаққа алып барып.
Дауысқа шаңқылдаған құлақ салса,
Сөз келді Күңке жетім ауық-ауық.
Батыр да сол дауысқа жақын келді,
Келгенін Саржомарттың кемпір көрді.
Шайгөздің екі ұлды алып келіп,
Сатқанын қара сартқа айтып берді.
—Төрт ұлың сенен туған жұрттан асты,
Жетім-жесір көрінсе, қанын шашты.
Бақана, Бақанасты зарлатқан қу,
Өмірі еш адамды аямас-ты.
Саржомарт Жансарыны шақырады,
Қалдырып бала көңілін ақырмады.
—Шайгөзге айт, түгелімен үйге қайтсын,
Баспаңдар бұдан былай осы маңды.
Батыр да үйге келді өңі қашып,
Ешкімге сыр бермейді қабақ ашып.
Ерттеді Ақтанкерді сайман алып,
Тоқталмай кетті Ақшиге таудан асып.
—Уа, келін, біз жүріппіз қара басып,
Жақыннан жау шығыпты жанталасып.
Тоғыз қып Қарабура, Көкжалды алып,
Жүремін Бұқар жаққа, тартса нәсіп.
Бір хабар бүгін білдім, оным анық,
Сатыпты балаларды қара басып.
Апарып Қарабура, Көкжал атты,
Бақана, Бақанасты келем алып.
Мұны естіп Күңке сұлу қалды талып,
Анаға зарлап жүрген бар ма айып.
Жанына жолдас алмай жүріп кетті,
Жол ауыр болса дағы аса қауіп.
Аман-сау екі ай жүріп, келіп жетті,
Жаз өтіп, күз түсерлік мезгіл жетті.
Бұрын көп Ер Көкшемен келген еді,
Дейтұғын: ер Әмірхан хакім ерді.
Ол кезде Бұқар үлкен емес, қала,
Жер ыстық, бау-бақшасы, сай мен сала.
Саудамен шартарапқа аты шыққан,
Белгілі Азиядағы болған қала.
Шаһардың айналасы тастан қорған,
Алдында Ауған, Бұқар соғыс құрған.
Шаһарға ұлықсатпен зорға кірді,
Хакімге білгілікті таныстықпен.
Қарсы алды ер Әмірхан жомарт ерді,
Бұл дағы ақыл тапқыш кемеңгер-ді.
Көп болды көрмегелі бірін-бірі:
—Жүрмісің аман-есен, ерім,—деді.
Көрісіп мауқын басты екі батыр,
Істерін өткен-кеткен айтып жатыр.
Жомарт айтты: «Сағынып келдім сізді,
Көрмекке тамашаңды іске татыр.
Қайтармын біраздан соң мұңымды айтып,
Жоғым бар іздеп келген, сонымды айтып.
Әкелдім Қара бура тарту етіп,
Және де Көкжал тұлпар жабулатып.
Шаһарды аралайын үш ай жатып,
Қыр қонып, тау жайлаған қазақ ғаріп.
Не жақсы, не жаманын түгел көріп,
Қайтармын Алла жазса, мауқым басып».
Әмірхан естіп мұны тасымады,
Шаһарға қазақ қалай бас ұрады.
Армансыз үйде жатып аралауға,
Басшы етіп бектеріне тапсырады.
Алтын мен күмісі көп Жомарт ердің,
Қайласын асырмақшы кемеңгерім.
Бір бек Шәкірт деген болады дос,
Бұқарды бес саусақтай түгел білген.
—Ей, Шәкірт, сенен алтын аяман-ды,
Көрсет сен, бала жиған қазынаны.
Алыстан бала сатып алып келсе,
Оларды қандай жерге тапсырады.
—Даладан келген бала хакім барар,
Белгілеп аты-жөнін жазып алар.
Кімге ұл, кімге құл қып жібергенше,
Сақталып бір орыннан тәрбие алар.
Осындай орындар бар әрбір жерде,
Мен сізге көрсетемін көргің келсе.
Ең бастан Бұқарадан көрсетейін,
Жүре бер, бұдан былай соңыма ер де.