Көкжарлы мен Бура (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Ертеде елдің надан өмірінде
Тарихы көп жылдардың куә бізге.
Ақсақал елді билеп, ру қуып,
Быт-шыт боп берекесіз жүрген кезде.
Шығыпты Арғын, Найман, Керей, Уақ,
Басты ру Орта жүздің бөлігінде.
Арғын көп, Найман аздау кездері екен,
Басы Сыр, аяғы Алтай жүрген кезде.
Қарасам шежіренің бетін ашып,
Өткенге таң қаласың аузыңды ашып.
Түбі бір атадан өссе дағы,
Қас болған бір-біріне қара басып.
Найманның бір руы—Көкжар-Бура,
Естуші, зейін қойып сөзім тыңда.
Ескілік, өркөкірек, надандықтың,
Қараңыз, алмастық сорлығына.
Саржомарттың Сармырза азаматы,
Болыпты екеуі де жамағаты.
Саржомарт әйелінің аты—Торқа,
Сүйегі Шоға қызы, Уақ заты.
Сармырзаның әйелі аты—Күңке
Туған ұл ең алғашқы егіз екен.
Жиылып, Арғын, Найман басын қосып,
Бақанас, Бақана деп қойған екен.
Келгенде бұл балалар екі-үш жасқа,
Туғанмен бір атадан өмір басқа.
Енші алып Саржомарттан бөлек кетті,
Кеңшілік Аягөзге, Шұбартасқа.
Саржомарт Тарбағатай жүрген жері,
Ар жағы—Жоңғар, Алтай одан бері.
Торқадан төрт ұл туып, төрт найзагер,
Үлкені Баржақсы мен Шайғозы еді.
Байдалы, Жансарымен және туды,
Қайраты бұлардың да артық еді.
Екі қыз бұдан кейін тағы туып,
Бұлардан бірнеше ру, халық ерді.
Осылай бұлар да өсіп тұра тұрсын,
Тыңдаушы кейінгіге мойын бұрсын.
Келгенде жиырма бірге Сармырза өліп,
Екі ұл мен бір жесір Күңке жылай жүрсін.
Саржомарт іні қамын ойлайды екен,
Дал болып өздігінен сарнайды екен.
Торқаның мінезі тік, ашуы қатты,
Күңкемен келістіруді ойлайды екен.
Баруға інісі өлген, жері алыс,
Бармауға жібермейді ұлт-намыс.
Саржомарт ерте ойлайды, кеш ойлайды,
Қоймайды адамшылық жігер, намыс.
Бір күні бейсенбіде ұйықтап жатқан,
Үй-іші шырт ұйқыға әбден батқан.
Торқаны жанындағы оятады,
Сондағы ердің сөзі мынау айтқан:
—Ей, Торқа, қалғаның ба қатты ұйықтап,
Жамбастап босатпайсың оң иықтан.
Төрт ұл мен екі қызың сенен туды,
Осымен тоқтау қылып қойсақ, шырақ.
Жанымдай жақсы көрген жарым едің,
Сүйісіп кішкентайдан алып едім.
Қимаймын, сенен шығып кете алмаймын,
Айтылған ар-намыстың лағы едім.
Білесің інім үш жыл бұрын өлген,
Екі ұл мен жесір келін жетім жүрген.
Атым бар асқар таудай, ел қорыған,
Қанеки, менің пайдам оған тиген.
Түсімнен бір шықпайды інім зары,
Бақанас, Бақананы тапсырғаны.
Жалғанда жаным риза болар саған,
Көшіріп бір ауыл боп тұрса бәрі.
—Ерім-ау, мына сөзің маған батты,
Айтқаның жүрегімді жабырқатты.
Көшіріп алып келші туысыңды,
Мекен қып, тұрмаймыз ба осы жақты.
Балалар жатырқасып кетпес үшін,
Мен қидым, Күңке қиса бір сен үшін.
Арамыз бөлектесіп отыралық,
Аз күнгі дүниенің қызығы үшін.
Келісіп төсегінен Жомарт тұрды,
Ерттеп ап Ақтанкердің бетін бұрды.
Араға ара қонып есен-аман,
Аягөз, Шұбартасқа келіп қонды.
Келген соң батыр Күңке ауылына,
Сарманнан қалған тұяқ қауымына.
Білмеймін аз жата ма, көп жата ма,
Көшті ауыл Тарбағатай бауырына.
Тұрағы Сармырзаның өзен екен,
Аталып Бақанас боп кеткен екен.
Басында сол өзеннің бір оба бар,
Сол оба «Сарман өлген» оба екен.
Көшіп кеп, Күңке қонды Шилісайға,
Торқа отыр Маңырақтай тау маңында.
Екі-үш жыл тату-тәтті өмір сүрді,
Мал баққан шаруаның жағдайында.
Күңкенің Торқа келді ауылына,
Сағынып көп жыл болған бауырына.
Құрметтеп малын сойып күтіп жатыр,
Дегенмен келді арамдық Торқа ойына.